ХХ ғасыр басындағы ағарту мектептерінің дәстүрін жалғау мүмкін бе?

4 Қазан 2022, 17:05 3952

Көшпелi қазақ болыстарында негiзiнен татар молдалары сабақ берiп, қазақ ауылдарымен бiрге көшiп жүрген.

ХХ ғасыр басындағы ағарту мектептері жайлы осы күні дерек аздау ма, көп зерттеле қоймаған ба, әйтеуір көп айтыла бермейді. Осы тақырыптың жан-жақты ашу үшін ХХ ғасыр басындағы ағарту мектептерін өлкелерге жіктеп, ең алдымен Жетісудағы ағарту мектептері туралы сұхбат ұйымдастырдық. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Оразов Рашид Ешенұлымен осы тақырыпта әңгімелескен едік. 

– ХХ ғасыр басындағы ағарту мектептерінің өкілдері, ұстаздары туралы дерек сақталынған ба?

– Иә, кейбір мәліметтер архив қорларында сақталған. Түркістан өлкесін патша үкіметі жаулап алғанға дейін мұнда тек қана конфессиялық мектептер өмір сүрді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында көшпелі мектептер солтүстікте татар молдаларының және оңтүстікте өзбек ишандарының көмегімен жедел тарай бастады. 1892 жылы Наливкин көшпелі мектептер жөнінде жасаған есебінде: «Жаз айларында осы типтес жүздеген мүмкін мыңдаған мектептер бүкіл Түркістан өлкесіне шашырап жатты» – деп хабарлайды. Бұл көшпелі мектептердің тіркеуден өтпеуіне байланысты нақты саны көрсетілмеген еді. ХІХ ғасыр соңында қазақтар арасында мектептердің тез таралуы отарлық езгінің ұлттық сана сезімінің өсуіне ықпал етумен жүрді деуге болады.

Жетiсу өлкесіне патшалық Ресей үстемдігі орнағанға дейiнгi кезеңде басқа қазақ жерлерiндегi секiлдi мұнда да халық-ағарту саласының негiзгi буынын мұсылмандық оқу орындары құрайтын. Архив құжаттарының көрсетуiне қарағанда 1840 жылдары-ақ Жетiсу облысының Лепсi уезiнде мұсылмандық бiлiм беру жүйесі белгiлi дәрежеде қалыптасып, халыққа нақтылы қызмет жасап жатқан. Соның нәтижесінде ХХ ғасыр басына қарай Лепсi уезiндегi әрбір 1000 ер адамнан 63-i мұсылмандық бiлiм алған. Уез басшыларынан Жетiсу облыстық әскери губернаторына 1886 жылы келiп түскен толық емес материалдарға қарағанда, облыста 7909 бала (оның 6157 – ұл, 1752 – қыз бала) мұсылмандық бiлiм алған. Бұл балаларға мұсылмандық бiлiм беру жолында 361 молда қызмет еткен екен. Бұл келтiрiлген мәліметтердiң дәл, әрi нақты емес екенiн кезiнде патшалық әкiмшiлiк орындарының өздерi де мойындаған.

Жалпы мектептерді ашу мен оларды қаржыландыру жергілікті мұсылман қоғамдарына жүктелді және өкімет бұл іске араласпады, мектептің оқу бағыты бақыланбады және қаражат бөлінбеді. Мектепті дін басылары басқарып, оның материалдық жағын қамтамасыз ету қоғамның берген вакуфтың мүлкінен түскен   кіріс   немесе   мектепке   берілетін   күнделікті   шығындар негізінде жүрді.

Орыс әкімшілгінің қысымына қарамастан, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында мұсылмандық оқу орындарының саны артып, олардың оқу құралдары басылып шығарыла бастады. Мектептер мен медреселер, әсіресе, Сырдария аудандары мен Бұқара, Ферғана және Самарқан қалаларында көптеп ашылды. Бұлардың қатарындағы Бұқара медреселерінің орны ерекше еді. Қазақ балалары Қазан қаласындағы «Мухамедия», Уфадағы «Ғалия», Орынбордағы «Хусайния» медреселерінде де білім алған. Мәселен, Уфадағы аталмыш медреседе 1907-1917 жылдар аралығында білім алған 950 шәкірттің 154 қазақ болған. Олардың арасында мүфтилікке емтихан тапсырған 59 қазақ баланың 51 мүдәріс болып шықса, 8 имам хатиб мұғалімі болып шыққан.

Көшпелi қазақ болыстарында негiзiнен татар молдалары сабақ берiп, қазақ ауылдарымен бiрге көшiп жүрген. Жергiлiктi әкiмшiлiк орындары мұндай молдаларды көшпелi молдалар деп атады. 1882 жылғы толық емес мәліметтерге қарағанда Жетiсу облысында 281 көшпелi молда болып, олардан 4608 қазақ-қырғыз балалары бiлiм алған.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ даласында орыс-түзем мектептері де ашылды. Орыс-түзем мектептері оқу-ағарту ісін орыс емес халықтарды орыстандыру, орыс мәдениетіне жақындастыра түсу мақсатында дүниеге келген еді. Ондай мектептерді қалыптастыруда шеткері аймақтардағы билік орындарының ұсыныстары ескеріліп, Н.И.Ильминскийдің жүйесі басшылыққа алынды. Орыс-түзем мектептерінің ашылуына орай А.Цаликов деген автор былай деп жазғаны көңіл аударлық: «Міне сол мерзімнен бастап, мұсылман тұқымына және оның өркениетіне» қарсы оқу-ағарту ісін бүркемелеген күрес басталды. Бұл күрес екі бағытта жүргізілді: біріншісі – мұсылмандық оқу жүйесіне соққы беріп, оның дамуын тежеу бағыты, келесі екінші бағыт – мұсылмандарды орыстандырып, орыстармен сіңістіріп жіберу міндетін атқаратын, орыс-түземдік аралас мектептер ашу ... «Бөліп ал да, билей бер» саясаты нәтижесінде орыс-қазақ, орыс-башқұрт және т.б. аралас мектептер ашылды. Бұлайша бөлу олардың бірігіп қарсылық көрсету күшін әлсіретіп, орыстану процесін жеделдете түсті

Міне, ХХ ғасыр басында Жаркент уезіне қарасты қазіргі Нарынқол елді мекенінде ашылған орыс-қазақ мектебінде Жаркент ауылшаруашылық мектебінің түлегі Жазылбек Серібаев ұстаздық қызмет атқарған. Мұсылмандық білімі жоғары құранды жатқа біледі, ісіне өте ұқыпты, орыс тілін жетік меңгерген деген баға беріліп, 1911 жылдың 4 ақпаннан бастап сабақ беруге қабылданады. Жазылбек осы мектептің беделді мұғалімдерінің бірі болып қызмет істеді.

– Ол уақытта ағарту мектептерінде оқу шарттары қандай еді?

– Мұсылмандар мектеп жасындағы алты, сегіз жасар баланы молдаға оқуға бергенде «Ет пен терісі сіздікі, сүйегі менікі» дей отырып, оған оқу-тәрбие процесінде толық сенім білдіретін. Жаңа келген шәкіртті жанына отырғызып, алғашқы дәрісті құранның сүрелерін жаттаудан бастатып, одан соң шәкірт араб алфавитінің әріптерін меңгеріп, буындап оқу тәсіліне көшетін. Әріптер мен буындарды жаттау шәкірттердің жасы мен мүмкіндігіне қарай үш айдан бір жылға дейін созылатын.

Араб әліпбиін меңгеруге оқушылар бiр жыл уақытын сарп ететiн. Онан соң барып оқушылар Құранның негiзгi бөлiмдерiн құрайтын үзінділерден тұратын «Хафтиякты» оқуға кiрiсетiн. «Хафтияк» кезiнде қазақ-қырғыз халықтары арасында «Әбтиек» деген атпен танымал болғанды. Оқушылар «Хафтиякты» аяқтаған соң Құранды оқуға көшетiн. Құранды аяқтаған соң балалар мұсылмандық шариғат негiздерiн оқуға кiрiсетiн. Мұсылмандық мектептерде жазуға оқушылар оқуды белгiлi дәрежеде меңгергеннен кейiн барып кiрiсетiн. Есептеу болса (арифметика) көп жағдайда екiншi кезекке қойылатын. Негiзiнен арифметикаға көп көңiл бөлiнбедi. Мектептерде төрт таңбалы сандарға дейiнгi қосу, алу ережелерi оқытылды.

Лепсi уезi бастығының 1887 жылғы Жетiсу облыстық әскери губернаторына жолдаған қатынас хатында мұсылмандық оқу орындарда оқытылып жатқан пәндер жайлы былай делiнген: «мұсылмандық түземдiк мектептерде белгiлi бiр жүйе бойынша жасалынған нақты оқу бағдарламасы жоқ. Оқу дiни мазмұндағы кiтаптар бойынша жүргiзiледi. Оқушылар бастапқыда намаз оқуды және дiни ғұрыптар рәсiмiн меңгередi, кейiннен жазуға, Құранды оқуға көшедi. Жалпы бiлiм беретiн пәндер сирек оқытылады. Оның өзi қарапайым арифметикалық амалдарды орындаумен және геометриялық фигуралардың ауданын өлшеумен шектеледi. Сондай-ақ, тарих пен жағрафия бойынша да шамалырақ мәліметтер берiледi. Тарихтан мұсылмандардың жойқын соғыстарда кәпiрлердi жеңгендiгi баса айтылса, жағрафиядан мұсылман елдерiнiң орналасқан жерлерi жайлы мәліметтер берiледi», – делiнген. Мiне, бұл мәліметтен мұсылмандық мектептерде шамалы болса да дүниауи бiлiм негiздерi оқытылғанын аңғаруға болады.

– Ол мектептер түлектері туралы мағлұматтар қайда сақталған?

– Аталған мектептер туралы мәліметтер, архив қорларында, сонымен қатар жекелеген тұлғалардың естеліктерінде сақталынған. Жетісу жеріндегі жәдидтік оқу орындарды ұйымдастырып, онда балаларды оқытуда татар зиялылары ғана емес, көзі ашық қазақ азаматтары да белгілі дәрежеде белсенділік таныта білген. Оның айғағы ретінде Қапал уезіне қарасты Қараташ деген жердегі ағайынды Маманов пен Тұрысбековтар ашқан мектеп. Оны жүрт кезінде «Мамания» медресесі деп атап кеткен. «Мамания» медресесінен кезінде қазақ әдебиетінің классигі, әрі ақын Ілияс Жансүгіров және Біләл Сулеев, Мейіржан Ермектасов, Әбубәкір Жайшыбеков секілді көрнекті қайраткерлер білім алған.

Қапал уезіндегі бұл жәдидтік оқу орнының «Мамания» аталуы Тұрысбек Маманов есімімен байланысты еді. Тұрысбек Маманов Қапал уезіне қарасты Арасан болысына 1885 жылыы болыстыққа сайланған. Меккеге екі рет – 1886 және 1902 жылдары қажылыққа барып қайтқан, ел құрметтеген азамат еді. Сондай-ақ сол кезеңдерде «Қоянды» жәрмеңкесіне өмір беріп тұрған бай, ауқатты адамдардың бірі болып саналған. Тұрысбек Мамановтың басты арманының бірі Қапалда қазақ балаларын оқытатын мектеп ашу еді. Оның бұл ісін баласы Есенқұл мен немересі Құдайберген Тұрысбеков жүзеге асырған еді.

«Мамания» мектебінде оқу 5 жыл болып белгіленді. Онда әр оқу жылы сайын 103 бала және 36 қыз бала оқитын. «Маманияның» Жетісудағы жәдидтік басқа оқу орындардан басты ерекшеліктерінің бірі – онда қыздар мен ер балалардың бірге оқуы еді. Оның тағы бір ерекшелігі шәкірттердің басым көпшілігінің қазақ балалары болуында.

Жетісуда жәдидтік оқу орындарының көп шоғырланған жері Жаркент уезі еді. Онда жәдидтік оқу мектептерінің саны 1912 жылға қарай 13-ке жетті. Әр оқу жылы сайын оларда 579 балаға дейін оқитын. Барлық Жаркент уезіндегі жәдид мектептеріндегі шәкірттердің саны 50-60-тан аспайтын. Кейбір мектептерде 20-шақты бала оқитын. Жәдид мектептерінде негізінен Уфада, Қазанда, Петерборда татар баспаханаларында бастырылған оқулықтар оқытылды. Жәдидтік оқу орындардың бағдарламасы негізінен европалық орта мектептердің бағдарламасына сәйкес келетін.

Нарынқолдағы ашылған орыс-қазақ мектебінде сауатын ашып, Жазылбектен дәріс алғандар Сәрсенбай Бейсенбекұлы, Манап Байпақұлы, Ахмет Алпысбайұлы, Әлімжан Кәдірбекұлы, Сұраншы Сауранбайұлы, Ыдырыс Жайнақұлы, Заманбек Қонысбайұлы, Мірқасым Серікбайұлы, Мұқамбетқали Беласарұлы, Тезек Арымбайұлы, Садық Әділбекұлы, Мерей Әшімбайұлы, Жүнісбай Далбайұлы, Қайым Жайлымышұлы, Қанапия Қасенұлы, Нүсіпбай Нүсіпқожаұлы, Әлімжан Нәдірбекұлы, Ахат Рахымбайұлы, Сабырбек Сарбайұлы, Сағымжан Тұрғымбайұлы, Нұрбек Құдайбергенұлы.

Нарынқолдағы мектептен Ыдырыс Көшкінов те Жазылбектен дәріс алып кейіннен тұлға дәрежесіне көтерілгені тарихтан белгілі. 1913 жылы 6 қазанда Ыдырыс Көшкінов те Жаркенттегі ауыл шаруашылық мектебінің 1 сыныбына оқуға қабылданып, ұстазы Жазылбек секілді Жаркентте білім алады.

– Ондай мектептердің орны сақталған ба?

– Кейбір мектептердің орны сақталынған. Мысалы, Арасан болыстығындағы Мамания мектебінің орны. Сонымен қатар ХХ ғасыр басында ашылған орыс-қазақ мектептерінің орны сақталғаны туралы деректер кездеседі.

– Ағарту мектептерінің дәстүрін жалғау мүмкін бе?

– Қазіргі заман талабымен байланыстыра отырып, жалғастыруға болады. Дегенмен өткен ғасыр басындағы мына мәселені де назарға алғанымыз жөн. Яғни, ХХ ғасыр басында қазақ баласы үшін тәуір мектептерде қазыналық орын аз болды, ал өз күшімен оқытуға әркімнің шамасы келе бермеді. Орта және жоғарғы мектептерде, университет пен институттарда қазақтар үшін 2-3 тен артық орын болмады. «Өкімет қазаққа қазақша мектеп салып бермейді, қазақтың қазақша оқуын тіпті қаламайды. Сондықтан мектептерді тәртіпке қою, қазақша оқытуды халыққа тарату – өз міндетіміз», – дей келіп, А.Байтұрсынұлы қазақтар үшін үлгі болар істің бірі Жетісу облысындағы жұрт алдына түсіп, түзу жолға бастайтын азаматтар жайлы «Қазақ» газетінің 26 номерінде жариялаған «Орысша оқушылар» деген мақаласында сөз қозғайды.

Түптеп келгенде, қаржы тапшылығы оқу-ағарту ісін алға бастыруға үлкен кедергі туғызады. Қаржының жетіспеуінен оқу орындары қажет мөлшерде ашылмады, оқулықтар мен оқу құралдары, мұғалімдер жетіспеді, балалар мектепке тартылмай қала берді, нәтижесінде сауатсыздық мәселесі асқына түсті. Бірақ жекелеген қайраткерлер мен мамандардың құлшынысымен оқу-ағарту ісін дұрыс жолға қою мүмкін емес еді. Бұған мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінбей, оқулықтар мен әдістемелік материалдарды шығаруда нақты шаралар қолданбай, қажетті мұғалімдерді даярламай, қысқасы – ұлттық мектептер жүйесін құруды мемлекеттік саясат дәрежесіне көтермей әлденеге үміттену бекершілік болатын.

1917 жылы билікке большевиктер келгеннен соң, 1920 жылы қазанда Қазақ АКСР-нiң ХАК-ы құрылып, А. Байтұрсынов халық комиссары болды. 1921 жылы ақпанның 18-iнде Бүкiлқазақстандық оқу-ағарту конференциясы шақырылды. Онда балаларды қорғау, бiрыңғай мектеп жүйесiн құру, кәсiптiк-техникалық бiлiм беру, саяси тәрбие iсi, оқу-тәрбие жұмысына байланысты, т.б. мәселелер қаралды. 1922-23 жылдары ұлт мектептерiн төл оқулықпен, бағдарламамен қамтамасыз етуде бiраз шаралар iске асырылды, қазақ тiлiнде 14 оқулық шығарылды. Олардың iшiнде «Физика», «Грамматика», «Педагогика», «Алгебра», «Мектеп гигиенасы», т.б. бар. Бұл оқулықтарды жазуға А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Аспандияров, Жомартбаев, Қ.Сәтбаев, Ә.Ермеков, Т.Жолдыбаев, т.б. қатысты.

1921 жылы Жетісу губерниясы Жаркент уезінде бірінші сатылы мектеп (төрт сыныптық) 37, ал екінші сатылы (жеті жылдық) мектеп 1 болған. Аталған мектептің 18-і орыс, 19-ы мұсылман, 1-і аралас мектеп еді. Бірінші сатылы мектепте 2480 бала, ал екінші сатылы мектепте 70 бала оқыды. Уездегі мекептерде сабақ берген оқытушылардың 48-і орыс, 45-і мұсылман болды. 1922 жылы Жаркент уезінің халыққа білім беру инспекторының облыстық білім басқармасына берген мәліметінде уезде 5 орыс, 10 тараншы (ұйғыр-Р.О.), 17 қазақ мектептері ашылды деп көрсетіп, мектептер қажетті оқулықтармен қамтылғанын айтады.

– Әңгімеңізге рақмет!


Ақбота Мұсабекқызы
Бөлісу: