Харассмент деген не? Одан қалай сақтану керек?

6 Қыркүйек 2022, 21:06 5939

Елімізде харассментке ұшырап жатқан адамның саны күннен күнге көбейіп келеді.

Харассмент терминін кейінгі кезде жиі естиміз. Харассмент – адамға өз қалауынан тыс физикалық қысым жасау, зорлық көрсету, ерсі сөздер арқылы, хабарлама арқылы бопсалау, жыныстық қатынасқа түсуге тарту, адамның арына тиетін сөз айту, жеке шекарасын бұзу. Ал кез келген ортада, жұмыста осындай әрекеттен аулақ болу үшін харассменттің не екенін біліп, оның неше түрі бар екенін білу маңызды.

Мамандардың айтуынша, харассменттің алты түрі бар. Олар: адамның қалауынсыз жанасу, қол тигізу; соңына түсіп, мазасын алу; вербалды түрде қысым көрсету; кибер харассмент; эксгибиционизм, жыныстық қысым жасау.

Кейінгі кезде қоғамда харассмент құрбандары көбейді. Әйелдер мен қыздар осындай жағдаймен бетпе-бет келетінін жиі жазады. Алайда ер адамдар да осындай келеңсіз жағдайға тап болатын кездер кездеседі. Соңғы деректер бойынша, елімізде кейінгі төрт жылда жүзге жуық харассмент қылмысы тіркелген. Ең өкініштісі, заң бойынша ешкім жауапқа тартылмады. Харассменттің ауыр қылмыс қатарына жататынын барлығы білмеуі мүмкін. Алайда сондай жағдайда қалай әрекет ету қажет екенін білу артық болмайды. Сол себепті осындай жағдайға тап болған адамдар мен психолог маманның пікірін ұсынамыз.

Психолог Майра Алпысқызының айтуынша, елімізде харассментке ұшырап жатқан адамның саны күннен күнге көбейіп келеді. Алайда оған қатысты қылмыстық істер соңына дейін тергелмейді, жауаптыларға қатысты шара қолданылмайды. Сондай-ақ қазақстандық қыздардың басым бөлігі харассмент туралы білмейді. Психолог харассменттің тек жыныстық қысым емес екенін, оның ішіне адамның қалауынан тыс хабарлама жазу, қалауынан тыс жанасу да жататынын еске салды.

Маманның айтуынша, харассмент көп жағдайда оқу орны, жұмыс, тіпті кейде отбасын ішінде де болады. Психологтың алдына келгендердің сексен пайызға жуығы харассмент құрбаны болған.

«Әрбір қыз харассментке қатысты халықаралық заңнама актілерін білуге тиіс. Осылайша келеңсіз жағдайдың алдын алуы мүмкін», - дейді психолог.

Айтуынша, жұмыста зорлық-зомбылыққа тап болған қыздар психологтың көмегіне жиі жүгінеді. Алайда жұмыс барысында бастығынан сөз естісе де, жағымсыз әрекетінің құрбаны болса да, шағымдана алмайды. Себебі жұмысынан айырылып қалу қорқынышы бірінші орынға шығады. Психолог мұның дұрыс емес екенін айтады.

«Мәселе өршіп кетпей тұрғанда алдын алу қажет. Бұға беруге болмайды. Қазақ қоғамында «ұят болады» деген түсінік бар. Санасы ояу қыздар бұл қағиданы ұстанбауы керек, ата-анасы балаларына осы тұрғыда шектеу қоймағаны жөн», - дейді маман. 

Кей жағдайда балалар ата-анасының ашуынан қорқып, сырын айта бермейді. Оның алдын алу үшін қыз балаға барынша қамқорлық көрсетіп, психологиялық көмек беруге тиіс. Ең қорқыныштысы, «ұят болады» деген ұғыммен өмір сүретін отбасының қызы харассмент құрбаны болуы әбден мүмкін.

Харассменттің алдын алу үшін ең алдымен ата-ана харассменттің не екенін түсіндіруге міндетті. Яғни, қызға ешкімнің жағымсыз сөз айтпауын, оған қатысты қандай да бір әрекет етудің заң бұзушылық екенін санасына сіңіргені жөн.

«Қоғамда сауатсыз адамдар бар. Олар харассментке қыз кінәлі деген ұстаныммен өмір сүреді. Қыздар табиғатынан шыдамды келеді, көнеді, төзеді. Алайда кей ата-ана қыздың құнын білмейді, бағаламайды. Біздің қоғамда бұрыннан қалған қағидалар әлі күнге дейін зиянын тигізіп отыр. «Қызға қырық үйден тыйым» деген секілді ер балаларды да солай тәрбиелеу керек», - дейді психолог.

Майра Алпысқызының айтуынша, харассменттің құрбаны болған қыздар алдымен құқығын қорғай алуы үшін білімді бола түсуге міндетті. Жақындарынан қолдау таппаса, психолог, дағдарыс орталығындағы мамандардың көмегіне жүгіне алады. Сондай-ақ «150» нөміріне хабарласып, аты-жөнін айтпай ақпарат беріп, көмек сұраса болады. Ең бастысы, үнсіз қалмау керек, ұялмау керек.


Харассмент тек жыныстық бопсалау емес, хабарлама, видео, аудио жазбалар арқылы қорлау, қорқыту, ізінен қалмай аңду да жатады. Харассмент қалай жасалатынын басынан өткен азаматтар айтып берді. Аты-жөнін атамауды сұраған кейіпкеріміз мұндай жағдайға бетпе-бет келгенде 13-14 жаста болған. Өзін өзі қорғауға тырысқан қыз, басынан өткен жайды анасына да, басқаға да айта алмаған.

«Жаз мезгілінде нағашы ағам үй салатын болды. Оның жасы 30-дан асқан. үйленбеген кезі еді. Анамыз кішкентай сіңлім екеуімізді алып, ағама көмектесу үшін оның құрылысының басына барды. Тапшанға шатыр құрып, бәріміз сонда тамақ ішіп, ұйықтайтынбыз. Үйдің фундаменті құрылғаннан төбесі жабылғанша сонда болатын болдық. Бір күні түнде бәріміз ұйқыға жаттық. Анам, сіңлім, мен сосын нағашы ағам жатты. Анамның сондағы ойы екі кішкентай қызын шетке жатса қорқып қалар деп ортаға алып жатып еді. Түнде суық қолдардан оянып кеттім. Оянсам, нағашым қолымен менің төсімді сыйпалап жатыр екен. Жан дәрменім қалмады, көзімді ашуға қорықтым. Сосын бір қырыма аударылып жаттым да, өтірік ауырып қалған болып, ыңырсып, сандырақтап сөйлеп жатқандай әр нәрсені айта бердім. Анам оянып, маған қарар деген оймен осылай өтірік істедім. Анашым оянып, «қызым, қызым, не болды?» деп жанұшыра бәйек болды. Су беріп, дәрі беріп, жедел-жәрдем шақырды. Жедел-жәрдем қызметкерлері шамалы әлсіреген деп, дәрі берді де кетіп қалды. Сол түні таңды солай атырдық. Нағашы ағам құрылыс заттары жатқан жақты айналып, темекісін қайта-қайта тартып, қасымызға келе алмай жүрді. Ертеңіне бұл туралы анама айтайын деп ойладым ба, туған інісімен арасына от жақпайын деп үндемей қалдым», - дейді алматылық ару.

Айтуынша, нағашы ағасы одан кейін ондай әрекетін қайталамаған. Бүгінгі таңда арада он бес жыл уақыт өтсе де, түк болмағандай жүреді. Ал біздің кейіпкер отбасылық жиындарда салқын амандасып қойғаннан арыға сөйлеспейді. Сірә, сол кездегі жан жарасы ұмытылмаған шығар. Нағашысы да сезетіндей, алыстан сыйласады.

Осындай жағдайды бастан өткерген Назерке де психолог алдында бар сырын ақтарған. Айтуынша, әке-шешесі ажырасып кеткен соң, анасы төркініне барып тұрған. Күн бойы жұмыста болып, тоғыз жастағы Назерке ата-әжесінің қарауында болады. Алайда кәрі ата-әжесі үйде отырғанда, қыз далада қыздармен ойнап жүре береді. Сондай күндердің бірінде оны көршісі көмектесуін өтініп шақырады. Мектепте жоғары сыныпта оқитын ұл бала бұзаудың арқанын ұстай тұршы деп, қызды мал қора жаққа алып барған.

«Ол кезде не болып жатқанын түсінген жоқпын. Бұзаудың арқанын ұстай тұршы деді. Арқанды ұстап тұрған едім, онымен өзімді орай бастады. Бұл не деген ем, «бұл сондай ойын» деп аузыма мақта тықты. Ары қарай не болғаны есімде жоқ. Дірілдеп, қалшылдап кеттім. Айғайлап жатырмын, бірақ аузым бекітулі, оны ешкім естімейді. Қатты ауырдым. Сосын көрші жігіт арқанды шешіп тұрып, «мұны біреуге айтсаң, бәрі саған осылай ауыртып істейтін болады» деді. Мен қатты қорықтым. Енді ешкім осылай мені ауыртқанын қаламадым. Үйге барып жатып қалдым. Ата-әжеме де, анама да ештеңе айта алмадым», - дейді Назерке.

Мұндай жағдайлар ер балалар арасында да кездеседі. Мәселен, жамбылдық Нұргелді есімді жігіт жасөспірім кезінде мұндай жағдайға тап болған. Айтуынша, сабағы аяқталып, мектептен қайтар жолда ішімдік ішіп алған ауыл тұрғыны қолынан қатты ұстап қамыстың арасына алып барған.

«Ол менің шалбарымды шешім, әр жерімді ұстады. Мен жұлқынып, оның мастығын пайдаланып қатты итеріп жібердім. Ол балшыққа құлағанда, сөмкемді тастай салып, жүгіре жөнелдім. Үйге ентіге кіріп, анама бәрін айттым. Бірақ анам «сандырақтама, өзің бірдеңе бүлдіріп келіп, менің назарымды аударып жатырсың ба?» деп ұрысты», - дейді дейді Нұргелді.

Айта кетейік, адамға өз қалауынан тыс физикалық қысым жасау, зорлық көрсету, ерсі сөздер арқылы, хабарлама арқылы бопсалау, жыныстық қатынасқа түсуге тарту, адамның арына тиетін сөз айту, жеке шекарасын бұзу -  харассмент деп аталады. Бұл салада психологтар көп жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда үнсіз қалуға болмайды. Аналарға қыздарымен сырласуға, құрбысындай болуға шақырады. Өйткені мұндай жағдайда көбіне жапа шегетін қыздар болғанымен, оларға сенім артатындар өте аз болады. Тіпті анасы да сенбейтін сәттер кездеседі.

Ақбота Мұсабекқызы
Бөлісу: