Хан ордасында Қазақ хандығының мерейтойы өтеді

13 Тамыз 2015, 08:09

Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты ірі шаралардың бірі Батыс Қазақстан облысында өтеді.

Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты ірі шаралардың бірі Батыс Қазақстан облысында өтеді. 24-26 тамыз аралығында Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында «Елдіктің терең тамыры» атты мәдени-көпшілік шаралар қарастырылған.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, алғашқы күні жан-жақтан келетін мәртебелі меймандар Жәңгір хан, Шоқанмен тұстас өмір сүрген қазақтың тұңғыш ғалымдарының бірі Мұхамед-Салық Бабажанов, дәулескер күйші Дәулеткерей Шығайұлының кесенелеріне барып, тағзым етеді. 25 тамыз күні екі айналымнан тұратын «Тарихы терең Қазақ елі» атты республикалық ақындар айтысы өтеді. Оған республика өңірлері мен қалаларынан жиырмадан астам айтыскер қатысып, бақ сынамақшы. Мерекелік гала-концертте Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония мен Бөкей ордасы ауданының өнерпаздары сахнаға шығады.

Тойдың үшінші күні дала қызықтарымен басталады. Мұнда аламан бәйге жеңімпазы автокөлікке қол жеткізетін болса, түйе палуандар арасында қазақ күресінен өтетін жарысқа да қомақты жүлделер тігіліп отыр. Ал «Тарих қойнауынан қазіргі заманға дейін» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ресейлік ғалымдардың да қатысуы жоспарлануда. Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры көремендерге «Алтын дала шежіресі» атты театрландырылған қойылымын ұсынады. Ұлттық спорт ойындары, жәрмеңке де келушілер назарынан тыс қалмақ емес.

Бөкей хандығы 1801 жылдан басталып, 1845 жылға дейін созылды. Ол Ішкі орда деп те аталды. Бөкей сұлтан І Павел патшаның 1801 жылғы 11 наурыздағы жарлығымен Еділ мен Жайықтың аралығына өз қарауындағы руларды бастап, көшіп келіп, қоныстанады. 1812 жылы Бөкейге Ресей патшасы атынан «Қазақтың Кіші жүзінің ерекше мәртебелі де аса құрметті ханы» грамотасы табыс етіліп, оны хан ретінде ұлықтау рәсімі Орал қаласы іргесіндегі тоғайда өтеді. Содан бастап ол жер Хан тоғайы аталады. Бөкей хан 1815 жылы қайтыс болғаннан кейін мирасқор ретіндегі Жәңгір ер жеткенге дейін хандық билік уақытша Бөкейдің інісі Шығайға тапсырылады. 1824 жылы таққа отырып, содан 1845 жылы қайтыс болғанға дейін өз ордасына билігін жүргізген Жәңгір хан ел өмірінде елеулі із қалдырды. Ол, әсіресе, отырықшылық тұрмысты орнықтырып, еуропалық өркениетке, оқу-ағарту ісіне бет бұрды. 1826 жылы хан сарайы салына бастады. Кейін бұл жер қалаға (қазіргі Хан ордасы ауылы) айналды. 1841 жылы Жәңгір хан мектебі ашылса, сондай-ақ қару-жарақ палатасы музейдің ізашары болды, мешіт, қазынашылық, дәріхана, аурухана, баспахана сияқты ғимараттар Қазақстанда алғаш осында бой көтерді. Бөкей өңірінен атақты ақын-жазушылар, күйші-композитор, әншілермен қатар өз заманының білімдар азаматтары, ғалымдар, ел басқаруға атсалысқан Алаш қайраткерлері де аз шыққан жоқ. Қазіргі кезде тарихи мекендердің басын біріктіріп отырған Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешені қызмет етуде.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.
Бөлісу: