Халықты есеңгіреткен су тасқыны

15 Мамыр 2020, 11:23 7088

Түркістан облысындағы төтенше жағдай

Әлемді әуре-сарсаңға салған індет кезінде еліміздің оңтүстік аймағы Түркістан облысының Мақтаарал ауданында Төтенше жағдай орын алған болатын. Облыстағы бірнеше елді-мекенді мамыр айының басында су басты. Осы мәселеге байланысты республика көлемінен бөлек, өңірлік техногенді төтенше жағдай жарияланған еді. Бұл тосыннан келген табиғат апаты Мақтаарал халқын ғана емес, барша елді бей-жай қалдырмады. Тасқын су орын алған жағдайдан кейін бірнеше тәулікті араға салып, тоқтаусыз жауған жауын-шашынның салдарынан Түркістан облысының тағы бірнеше ауданындағы ауылдарды су басып қалды. Осы орайда біз су тасқынының пайда болуы, техногенді төтенше жағдай режіміндегі елді-мекендер мен халықтың жағдайы, қауіпсіздігі жалпы өңірдегі бүгінгі ахуал туралы Түркістан облысының әкімдігі, ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті мен Түркістан облысының ПД-нен сұрастырып білген болатынбыз.


Тасқын судың пайда болу себебі

Мамыр айының басында елімізге тосыннан келген табиғи апаттың пайда болуына қатысты әр түрлі болжамдар айтылып келеді. Өзбекстандағы гидрометерология қызметі сәуір айының 26-нан 27-не қараған түні Бұқара, Самарқанд және Науаи облыстарында қатты жылдамдықпен соғылған желдің кесірінен табиғи апат орын алғанын хабарлады. Келесі күні толассыз жауған нөсерден Өзбекстанның бір облысындағы бірнеше ауыл су астында қалған болатын. Бұл жағдайдың соңы Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан Сардоба су қоймасының бөгетінің бұзылуына әкеліп соқты. Соның кесірінен Түркістан облысы Мақтаарал ауданының бірнеше ауылына қауіп жетті.


 Өзбекстанның таратқан ресми ақпарат көздері бұл үлкен су қоймасы тоқтаусыз жауған нөсер мен қатты соққан дауылдан кейін жарылған деп хабарлаған болатын. Тасқын судың салдарынан Сырдария облысының бірнеше аудандарындағы бес елді-мекеннің 631 үйі тасқын судың астында қалған еді. Тек бұл ғана емес, су тасқынынан 300 гектар алқапқа зақым келгені де жарияланды. Шаруашылықтағы егіннің жартысынан көбін жаңадан егілген мақта құрайды. Бүгінде онда тұрып жатқан тұрғындар эвакуацияланып, қауіпсіз жерлерге көшірілді. Жергілікті органдар тарапынан шығын есептеліп, нақтыланып жатыр. Ал қазіргі кезде ол жерде апатты жағдайға қатысты құрылған үкіметтік комиссия өз жұмысын бастап кетті. Бүгінде баспанасыз қалғандар үшін салынатын үйлердің құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Ал құрылыс нысанының басында күні кеше ғана екі мемлекеттің басшылары келіп, жаңа шағын ауданның іргетасын қалап берген болатын.

Су басқан ауылдардың бүгінгі жағдайы

ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің 13 мамырдағы берген мәліметінде, су тасқыны орын алған Түркістан облысының Мақтаарал ауданынан 6,2 млн текше метр су сорылған. Топан су басып қалған елді-мекендегі суды қайтару үшін 86 мың қап құм мен арнайы құрылғалар қойылған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі таңда Өргебас ауылында автокөліктер жүруіне арналған ішкі автожолдары ашылған. Ал Фердоуси ауылында бір тәулікте үлкен көлемдегі су сору жұмыстары жүргізілген. Одан бөлек зардап шегіп, шығынға ұшыраған, су астында қалып қойған аумақтарда Ұлттық Ұлан мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.


– Бүгінде Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің және Шымкент қаласының ТЖК Апаттар медициналық орталығы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға психологиялық көмек көрсетуде. Жаңатұрмыс, Фердоуси, Өргебас және Жантақсай ауылдарында қауіпсіздікті қадағалау мақсатында 4 бақылау-өткізу пункті қойылған. Сонымен бірге Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Жергілікті өкілді және атқарушы органдар мен Өзбекстанның ТЖК тәуліктік режимде 1626 адам, 324 техника, 17 жүзу құралдары мен 217 мотопомп жұмысын жалғастырып келеді, – деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі.

Төтенше жағдайдағы жұмыстар

Бүгінде Мақтаарал ауданындағы тасқын суға байланысты Түркістан облысының тәртіп сақшылары су апатынан зардап шеккен ауыл тұрғындарының құжаттарын қалпына келтіруге көмектесіп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысының ПД баспасөз қызметінің берген ақпаратында айтылды.


– Түркістан облысы ПД Көші-қон және Әкімшілік полиция қызметкерлеріне су тасқыны кезінде құжаттары жоғалған тұрғындар хабарласып, көмек сұраған. Көші-қон қызметкерлері 500-ден астам тұрғын эвакуацияланған мектептердің біріне барып, тұрғындардың құжаттарын тексеру барысында бірнеше елді-мекеннің адамдарының құжаттары су тасқыны орын алған жерде қалғаны анықталды. Оның ішінде негізінен азаматтардың жеке куәліктері мен үйдің құжаттары жоғалған. Қазіргі таңда Көші-қон қызметінің қызметкерлері Мақтаарал ауданының тұрғындарына тиісті жоғалған құжаттарды жинап, қалпына келтіруге бағытталған жұмыстарды жүргізуде көмек көрсетіп жатыр, – деп мәлімдеме жасады Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.

Ал Түркістан облысындағы авариялық-құтқару қызметі де өз жұмыстарын жалғастырып жатқандығын аймақтағы ТЖД бастығы мәлімдеме жасау барысында айтқан болатын. Ал Түркістан облыстық ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов Мақтаарал ауданында төтенше жағдай орын алғалы 324 техника, 1626 адам, 17 жүзу құралдары мен 217 мотопомпа апаттық құтқару жұмыстарын жүргізіп келе жатқандығын айтты. Сонымен бірге азаматтық қорғау полковнигі Ішкі істер министрлігі, көршілес Өзбекстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан жұмылдырылған күш-құралдарының көмегімен 300 текше метрден астап су сорылып, қауіпсіз жерге жіберілген деп мәлімдеді.


Мақтаарал ауданы әкімдігі су басқан елді-мекендерінен 2 мамырдан бастап 31 606 адам эвакуацияланғандығын айтты. Мемлекет басшылығының үкімімен ауылдардағы су басуды тоқтату және алдын алу жөніндегі үкіметтік комиссия да құрылды. Ондағы негізгі міндетке, тасқын судың алдын алу, су астында қалған тұрғын үйлерді қалпына келтіру және зардап шеккен адамдарға әлеуметтік көмек көрсету кіреді. Сонымен бірге инженерлік, әлеуметтік және көліктік құрылымдарды да қолдау жайы туралы айтылған болатын. Ал Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қазіргі уақытта аудандағы су басқан ауылдардағы шығын көлемі есептеліп жатқанын айтты. Алдын ала санақ бойынша су басқан тұрғын үйлер, мектептер мен балабақшалар, медицина нысандары және дүкендер анықталған. Кейбір ауылдарда көпірлер мен республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолы су астында қалған. Су тасқынынан кейін тек жолдар ғана емес, ауыл шаруашылығына да үлкен зиянын тигізген. Әсіресе ауылдарда мал шығыны бар. Ал егістіктің біршама бөлігі су астында қалған.

Мақтааралға көмек

Бүгінде Түркістан облысының Мақтаарал ауданында орналасқан орталық қоймаға республикамыздың әр өңірінен көмек ретінде келген азық-түлік қоры жинақталған. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлімдеген болатын. Ал жергілікті орган қызметкерлері болса азық-түлік қорын су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға үлестіріп жатыр. Жиналған қажетті тұтыну заттарының ішінде төсек жабдықтары, өндіріс заттары мен астық бар. Одан бөлек, жаңадан салынатын тұрғын үйлерге қажетті құрылыс заттары да жинақталған. Ол материалдардың барлығы алдағы уақытта су тасқыны орын алған аудандарда салынатын үйлердің қажетіне жұмасалатын болады.


Ал «Біз біргеміз» акциясы аясында оңтүстікке еліміздің барлық аймақтарынан көмек келіп жатыр. Тек өңірлер ғана емес, аймақтағы жеке кәсіпкерлер мен азаматтар да өз тараптарынан қолдарынан келгенше Мақтаарал ауданына қолдау білдіруде.

Нөсер жауынның салдары

Күні кеше еліміздің оңтүстік аймағында тағы да бірнеше елді-мекендерді су басты. Оған себеп болған жағдай өңірдегі толассыз жауған жауын-шашын болып отыр. Су алған аймақтың бірі – Қазығұрт ауданы. Аталған аудан әкімдігінің хабарлауынша, бірнеше үйлердің аулалары, емханалар мен дәріханаларға, қораларға су кірген. Қазіргі уақытта апат орын алған жерлерде су сору жұмыстары жүргізіліп, жағдай толық бақылауға алынған. Оқиға орнында тек жергілікті әкімдік ғана емес, өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері де халыққа көмек беруге келген. Сонымен бірге Сайрам ауданындағы бірнеше үйдің ауласына су барғаны мәлімделген. Оқиға орнында ТЖБ және аудан басшылығы тиісті шараларды қабылдап жатыр. Және де Бәйдібек, Төле би және Боралдай ауылдық округтеріндегі су алған ауылдардағы шығын саналып, ауласына су кірген үйлер анықталуда.


Тасқын су орын алған аймақтың басшысы халықпен кездескенде тұрғындарды сабырға шақырып, күрделі жағдайды үнемі бақылауды ұстайтындығын жеткізген болатын. Бүгінгі таңда Төтенше жағдайға байланысты Мырзакент кентінде құрылған штаб мәселені толық қадағалап, қауіпсіз жерге көшірілген кент тұрғындарын бақылауға алып, кері қайтуға көмектесетін болады.


Қазіргі кезде оңтүстік жұртын әуреге салған су тасқынының арнасы күннен күнге төмендеп келеді. Табиғи апатты болдырмау үшін, қанша қамданғанымызбен тілсіз жау айтып келмейді. Бірақ өзен-көлдерге жақын орналасқан елді-мекендер мен қыс мезгілі аяқталып қар еритін сәтте тәжірибе бойынша кейбір аймақтарда су тасқынының орын алуы қалыпты жағдай. Ал су тасқыны жүретін өңірлер үнемі арнайы мамандардың қадағалауында болатынды. Ең басты мәселе осы жағдайға қарсы ертерек жүргізілетін дайындық, су қоймалары мен бөгеттердің мұқият тексерілуі. ТЖ қызметкерлері қыс мезгілінен кейін, су басу қаупі бар аймақтарды аралап, үнемі алдын алу жұмыстарын жүргізіп, ескертіп те келеді. Топан судан зардап шегіп, барынан айырылған азаматтарға біз өз тарапымыздан тек сабыр тілейміз.

(Суреттер: Түркістан облысы әкімдігінің  және Түркістан облысы ПД сайтынан алынды )
Акжан Ибрагимова
Бөлісу: