Халықтың көңілі толмаса депутаттық мандатты қайтарып ала алады - сарапшы

1 Қыркүйек 2022, 22:38 1802

Сонымен қатар президенттік өкілеттік мерзімі 7 жылға дейін ұзартылып, сайланған президент келесі мерзімге қайта сайлана алмайды.

Мемлекет басшысы Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жария етті, деп хабарлайды EL.KZ.

Осыған орай ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Әдістемелік зертхана басшысы Слямжар Ахметжаров өз ойын ортаға салды.

Әлеуметтік-экономикалық тезистермен қатар қазақстандықтардың назарын мерзімінен бұрын президенттік және парламенттік сайлаудың жариялануы аударды. Президенттік сайлау ағымдағы жылдың күзінде өтеді. Сонымен қатар президенттік өкілеттік мерзімі 7 жылға дейін ұзартылып, сайланған президент келесі мерзімге қайта сайлана алмайды. Ал парламенттік сайлау 2023 жылдың бірінші жартысында өтеді. Айта кетейік, Қазақстанның тәуелсіздік тарихында президенттік өкілеттік мерзімі 7 жыл болған кезең болды, яғни бұл 1998-2007 жылдар аралығында болған жағдай. Бұл ретте президент екінші мерзімге қайта сайлануы мүмкін еді. Алайда ҚР Конституциясына енгізілген кейінгі түзетулер президенттік мерзімді 2 мерзімге қайта сайлау мүмкіндігімен 5 жылға дейін қысқартты. Енді Қазақстан іс жүзінде Мемлекет басшысын сайлаудың бұрынғы жүйесіне қайта оралып, президенттің билікте болуын бір мерзімге шектейді - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, бұл бастама сайланған президентке өзінің сайлауалды тұғырнамасын және тиісті реформаларды іске асыруға жұмыла кірісуге жағдай жасайды. 

Сонымен қатар бұл қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде алдағы парламенттік сайлау мен мәслихаттар сайлауы жаңа аралас сайлау жүйесіне сәйкес өтеді. Осылайша сайлаушылар депутаттыққа нақты кандидаттар үшін дауыс беру мүмкіндігіне ие болады. Халық қалаулысының жұмысына қанағаттанбаған жағдайда азаматтардан депутаттық мандатты кері қайтарып алу мүмкіндігі болады. Сол арқылы азаматтардың Мәжіліс пен мәслихаттарды құруға тікелей қатысуын арттыру көзделеді. Жалпы, қазақстандықтар үшін қазір қоғамдық-саяси өмірге тартудың белсенді кезеңі басталды - дейді ол.


EL.KZ
Бөлісу: