Халықтың еңсесін тіктейтін жоба

11 Тамыз 2018, 05:58 1882

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылы халықтың тұрмысын, әл-ауқатын арттыру мақсатында бес әлеуметтік бастама көтерген болатын. Президент ол бастамасында халықты қолжетімді баспанамен қамту, салық жүктемесін азайту, шағын несие беруді арттыру, жоғары білім алудың қолжетімділігі және аймақтарды газбен қамтамасыз ету жайын баса айтқан еді.

Рас, біздің мемлекетіміз бұған дейін де бұл мәселелердің түйінін тарқатып, шешімін табу жолында көптеген істер атқарды. Дегенмен де, биылғы жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған жайттардың түпкілікті орындалуына барынша қадағалау мен бақылаудың  тиянақты болуы керектігін нықтап отыр.

Сонымен, Елбасымыз көтеріп отырған бес әлеуметтік бастама Қазақстан халқына қандай мүмкіндіктер сыйлайды? Осыны тереңнен тарқатып көрелік...

«7-20-25» арқылы баспана алуға мүмкіндік мол

Елбасы өз бастамасында халықты баспанамен қамту мәселесін жеңілдете түсу үшін 7-20-25 мәселесін барынша ашып айтты. Осыдан барып еліміздің Ұлттық банкі ұйым құрып, арнайы бағдарлама дайындап, бүгінгі таңда бұл бағдарлама өз жұмысын бастап та кетті. Бағдарламаның негізгі ұстанған шарты бойынша баспана рәсімдеу кезінде берілетін несие пайызы 7 пайыздан аспайды. Ал, алғашқы құйылатын жарнасы 20 пайыз. Несие мерзімі 25 жыл. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін елімізде Ұлттық банктен бөлек бірқатар екінші деңгейлі банктер де жұмылдырылады. Бағдарламаның  түпкі мақсаты халыққа барынша түсінікті әрі ашық қызмет көрсету.

Аталмыш бастама жөнінде сарапшылардың басым бөлігі оң пікір айтуда. Мәселен, экономист-сарапшы Айдар Мусиннің айтуынша, бұл бастама үйі жоқтың күйін келтіреді. Бұл ретте экономист-сарапшы Айдар Мусин: «Бізде осы уақытқа дейін ипотекалық несие шарты бойынша екінші деңгейлі банктер 11 пайыздық несие беріп келді. Тіпті, араларында 14 пайыздық несие белгілейтіндері де бар. Ал, Елбасының бастамасымен ұсынылып отырған 7-20-25 бағдарламасы бірқатар мүмкіндіктерге жол ашқалы тұр. Егер 7 пайыздық несие берілсе және оның алғашқы жарнасы 20 пайызды құрап, несие мерзімі 25 жылға ұзартылса, бұл қарапайым халыққа ыңғайлы болар еді. Бұдан шығатын қорытынды — қарапайым бұқара өзіне арзан әрі қолайлы үй іздеп тауып, оның 20 пайызын банкке құйып, 7 пайыздық несиемен 25 жылға баспана ала алады деген сөз. Кейбір бағдарламалар тәрізді арнайы мәртебесінің бар не жоқ екендігіне бұл бастама қарап жатқан жоқ. Тек, басында баспанасы расында жоқ болса, осы бағдарламаға қатысып, баспаналы болуға мүмкіндік бар. Сондықтан, мұндай мүмкіндікті қарастырып отырған, әрине, Елбасының саясатына оң көзбен қарау керек. Ендігі кезекте бағдарламаның сауатты орындалуына үкіметтік бақылауды күшейткен абзал» деді.

Сөйтіп, экономист-сарапшылардың пайымдауынша, аталмыш бағдарламаның ұтымды жүзеге асырылуы үкіметтік тұрғыда қадағаланып отырылуы тиіс. Сонда ғана бұл бағдарлама сауатты әрі халық үшін тиімді болмақ.

Халықты салықтан босату да ұтымды іс

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес жобасында көтерілген екінші бастаманың бірі — бұл жалақысы төмен халықтың мойнындағы  салық жүктемесін азайту. Қаржы және салық жүйесін зерттеп жүрген мамандарымыздың пайымдауынша, бұл бастамадан еш қорықпай, оны жүзеге асыруымыз керек. «Жалақысы төмен көпшіліктен салық жүктемесін азайтатын болсақ, бұдан мемлекет бюджетіне шығын келмейді» дейді мамандар. Негізінен, мамандардың байыптап отырғанындай, салық жүйесінде қарапайым халыққа аса салмақ арта беру дұрыс емес. Керісінше, Елбасымыз көтеріп отырғандай, халықты салық жүйесінің қамытынан босатсақ қана қарапайым бұқара еркін тыныстап, тұрмыстың жайлылығын сезіне бастайды. Бұл ретте қаржыгер Марал Тартенова былай деді: «Дамыған елдердің басым бөлігі қазірде осы бағытты ұстанып отыр. Мәселен, Еуропа елдерінде ең төменгі жалақы алатындарға, көп балалы отбасыларға, мүгедек балалары бар отбасыларға салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Солардың бірі — егер көп баласы бар отбасы қандай да бір кәсіппен айналысса, қосымша құн салығы салынбайды. Сол тәрізді мүгедек баласы бар отбасына да осындай жеңілдіктер көрсетілген. Міне, осы іспетті біз де қарапайым халыққа қатысты салықтық жеңілдіктерді қарастырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, қазір 28 мың теңге алатын адам да зейнетақы қорына тапқан жалақысының 10 пайызын құяды, 280 мың теңге алатын адам да зейнетақы қорына тапқан табысының 10 пайызын құяды. Сондықтан, Елбасымыз айтып отырғандай, салықтық теңдік деген болуы керек. Салық мәселесінде 2019 жылдан бастап осы жайттар шешімін тапса, жеке табыс салығына қатысты да жеңілдіктер шешілсе, бұл халықтың әл-ауқатын жақсарта түсетін үрдіс болар еді. Сондықтан, өз басым мұны қолдаймын»...

Осылайша, қаржыгерлер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды, тапқан табысы төмен халықты салықтан босату өте орынды көтерілген бастама екенін алға тартып отыр. Демек, бұл бастаманың орындалуы да тиісті орындардың бақылауында болуы қажет.

Шағын несие де несібе кіргізсін десек

Елбасы бастамасында көтерілген жайттардың тағы бірі шағын несие беруді тиімді әрі қолжетімді ету жайы. Бағамдасақ, бұл бастаманың да артықшылықтары баршылық. Мәселен, 2015-2016 жылдары бірқатар банктер шағын несие беру ауқымын қысқартып тастаған болатын. Осы тұста бірқатар қауым абдырап, ойға алған істерін атқара алмай қалғаны анық. Бұған қатысты мамандар «Қазір, тіпті, шағын кәсіпкерлікті де шағын несиеге ашып алып, әрі қарай соны дөңгелетіп отырғандар баршылық. Сондықтан,  несие жүйесін ретке келтіру бұл көптеген мүмкіндіктерге жол ашады» дейді.

Арман Қуанышбаев, экономист-ғалым:

«Аңғарсақ, бұл өте орынды көтеріліп отырған дүние. Қазір көптеген елдерде экономикалық жағдай құбылып тұр. Мұнай бағасы да әлемдік нарықта төмендеп барады. Шикізатқа тәуелді бірқатар елдер қазір отандық өнім өндірудің барынша тиімді екенін түсіне бастады. Сондықтан, біз болашақта осы жайттарға барынша назар аударуымыз керек. Отандық өнім өндіру, ең соңғы дайын өнімге дейін шикізатты өңдеу жағы жолға қойылғанда ғана, біз ешқандай дағдарыстан қорықпайтын боламыз. Ал, отандық бизнестің бастауы шағын және орта бизнес екенін біз жақсы білеміз. Шағын бизнестің қолында қаржы болмаса ол бизнес өркендемейді. Демек, шағын несие беру жүйесін дамыту, жолға қою бұл да «халықтың қолына қармақ ұстатып, несібеңді тап» деудің бір жолы».

Білім жүйесіне гранттар көбейеді

Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазір елімізде Жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр. Олардың 30 пайызға жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алуда. Қазір жыл сайын 54 мың грант бөлінеді. Ендігі кезекте 2018-2019 жылы тағы 20 мың грант бөлуіміз керек» деген болатын. Міне, Елбасының осы сөздерінен болашақта Жоғары оқу орындарына бөлінетін гранттар саны арта түсетінін байқауға болады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырды. «Мұның өзі жастардың мемлекет қамқорлығында екенін көрсетеді» дейді мамандар.

Бұл ретте Жас Отан жастар қанатының мүшесі Жандос Сайлаубаев: «Елбасымыздың мұндай қамқорлығын сезіну біз үшін үлкен мәртебе. Қазір студенттерге жатақхана жетіспеушілігі анық сезіліп отыр. Көптеген жастар пәтер жалдап оқу оқуда. Ауылды аймақтардан келген жастар үшін бұл қиын. Ата-аналарына салмақ салғысы келмейтін жастар қосымша жұмыс істеп, пәтер ақысын төлейді. Осыдан кейін олар оқу мен жұмысқа бірдей үлгермей, қиыншылықтарға да тап болып жатады. Сондықтан, жатақхана мәселесін шешу нақ қазір өте ұтымды бастама. Ендеше, тиісті орындар берілген тапсырмаларды тиянақты орындайды деп ойлаймын» дейді.

Газбен қамту да ұтымды шара болар еді

Елбасы көтерген бес әлеуметтік бастаманың тағы бір өзекті тұсы —  газбен қамтамасыз ету жайы. Астана, Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Петропавл, Павлодар жерлерін газбен қамту барысында бұл бастамаға қаржы тартуды Елбасы қаржы институттарына тапсырды. Мамандардың байыптауынша, газбен қамтуды жалғастыру үрдісі де экономикалық дамуға жетелейтін бағыт. Сондықтан, келешекте көгілдір отынмен қамту жайы оңтайлы жолға қойылса, бұл да біраз бұқараның жүгін жеңілдетіп, тұрмысын түзеуге ықпал етпек.

Жалпы, Мемлекет басшысы ұсынып отырған бес бастаманың Қазақстан халқына берері мол. Ендігі кезекте бұл бастамалардың сауатты орындалуы жауапты орындарға жүк болмақ. Сондықтан, бұл бастамалардың  маңызына барынша мән беріліп, тиісті орындар нәтижелі орындалуына баса назар аударса дейміз...

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Бөлісу: