Халықтық медицинаның маңызды шаралары

30 Қыркүйек 2020, 23:16 9620

Халық емшілері ауруды қалай анықтаған?

«Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – он саулық, үшінші байлық – ақ жаулық» деген халқымыз тән мен жанның саулығын ең алғашқы орынға шығарғаны белгілі. Осыған байланысты «тазалық – саулық кепілі» деген тұжырымды ұстанған. Ғылыми медицина қазақ жерінде дамымай тұрғанда халықтық медицинаның орны халқымыз үшін ерекше орынға ие болды.

Ел ішінде аты мәлім екі жүзге жуық ауру мен оны емдеу туралы көптеген мәліметтер кездеседі. Оларға ауру мүшелеріне қарай – жүрек, өкпе сырқаты, сыртқы белгісіне қарай – қызылша, талма, безгек, жеке сипатына қарай – кірне, демікпе, себептеріне қарай – ыстықтан, суықтан деген сияқты атаулар берілді.

Түрлі ауру-сырқауды халықтық тәжірибе, халықтық білім бойынша емдеуді меңгергендігіне қарай емшілерді оташы, тамыршы, зікірші, балгер, жауырыншы, үшкіруші, тәуіп, абыз, сынықшы, бақсы, елті деп бөлген. Олардың әрқайсының өзіне тән емдеу тәсілі, сондай-ақ, құпиясы болған.


Халық емшілігінде түрлі шөптесін өсімдіктерді пайдаланумен қатар, көнерген, магиялық сипаттағы амалдарды қолдану да кеңінен тараған. Олардың қатарына бүркіт киесімен емдеу, жүкті әйелге табақ төңкеру, ақ жол ашу емі, отпен аластау, тазарту, дом жасау, мысалы, итті ем-домда қолдану, үшкіру, көз үрлеу, ұшықтау, мысалы, жел ұшық, су ұшық, қазан ұшық, ішірткі жазу, қанға байлап бауыздау, мойын отырғызу, өкпемен қағу, зират басына түнеу сынды түрлерін жатқызамыз. Сонымен қатар тіл, көз тигенді емдегенде адыраспанды түтетіп, тұзды басынан айналдырып, отқа тастайтын болған. Осы сияқты үшкіру де емдеудің бір тәсілі ретінде саналады.

Тағы бір кең тараған дәстүрлі емдеу шаралараның бірі – ұшықтау жолымен ауруға шалдыққан адамды да, малды да емдеуге әрекет еткен және онда жел мен судың таңғажайып қасиетіне сүйенген. Оның да жалғыз ұшық сумен ұшықтау, қазан ұшық, жер ұшық сияқты түрлері белгілі. Мұндағы аталған жер ұшық я болмаса аптау зәресі ұшып, қатты қорыққан адамның төсін «ап, ап» деген сөздерді айтып ұрып, содан кейін жерге алақан соғып, «мен көтере алмасам, қара жер, сен көтер» деп үш мәрте қайталайды. Мұндайда адамның қорыққаны басылып, өзіне келеді деп сенген. Бұған қоса, жығылған адамның бір жері қатты ауырып қалса, сол жерде «кет, пәлекет, кет!», «ұшық-ұшық» деп ұшықтаған.

Қазақ халқы тіл мен көз тиюге қатты сенген. Көз тию, әсіресе, жас балаға дұға жаздырып, баумен байлап, яғни бойтұмар жасап, сәбидің мойнына тағып я болмаса киімінің омырау тұсының астыңғы жағынан қадап қоятын болған. Жас баланы көз тиюден емдік «түкірумен» емдейтін қарт жастағы адамдар «түкіршілер» деп аталған. Ал егер адамға немесе малға көз тисе, зақым алған, ауруға шалдыққан адамды бірнеше айларға жеке жатқызып, бақсы шақыртып емдеген.

Емшілер науқастың ауруын көңіл-күйіне, демалысына, тамыр соғуына қарай диагноз қойған. Ауруды анықтауды халық емшілері өз арасында балау деп атаған. Олар, сондай-ақ, соғысына қарай тамырды сырғақ, өрекпі, әлсіз тамыр, қалқыма, қарқынды, керме, шөкпе деген бірнеше түрге бөледі. Адам қолы ұстағанда бірден білінетін қалқыма тамыр көбіне аурудың сыртқы белгілерін анықтауға көмектескен. Баяу тамыр аурудың суықтық белгілерін, керме тамыр көбіне бауыр ауруының, сырғақ тамыр өкпеге қақырық жиналғандығын, ас қорыту ауруларын, әйел болса жүкті болғандығын көрсетіп береді.

Денедегі қан тамырларынан «қандауырлау» жолымен қан алып емдеуауруды емдеудің негізгі түрі екенін ата-бабаларымыз бұрыннан білген. Бүгінде сүлік салдыру, хижама жасату сынды атауларға ие болған «қандауырлауды» қазақтардың халық емі ретінде пайдаланғанын 1845 жылы Альфонс Ягмин, 1903 жылы Г. Колосов сияқты орыс зерттеушілері жазып қалдырған. Әсіресе, көз тамыры, тілдің астындағы көк тамыр, бастың тамыры, қан тасу, құяң, түрлі теру аурулары, қышымаға қарсы жиі қан алдыртқан. Тілдің екі жақ тамырынан қандауырлау тамақ бездері ісінгенде жасалады. Қан алатын аспаптарға бәкі, кездік, біз, мүйіз, қандауыр, жыланбауыр, балта, шапқы, тағы да өзге өткір құралдар жатады. Қандауырдың ұзындығы бес, бес жарым сантиметрден жиырма бес сантиметр шамасына дейін жететін болған.


Шөптесін өсімдіктерге келетін болсақ, халық емшілігінде түйеқарынды қышама кеселге ем ретінде, жалбызды жел ауруға, киік жейтін иісті шөп – киікотын асқазан ауруларына, шөл жалбызды қан тасығанға, кәуіл түйнегін асқазанға, жүрек ауруына пайдаланған. Ал қызғалдық дәнінің майын аяқ сырқырағанда жаққан. Сонымен қатар шашыратқымен күн өткен ауруды, күнсіген адамды емдесе, шоңайна тікенін күйдіріп, майға араластырып жағып, жараны жазған.

Осы тәрізді қазақ жерінде өсетін екі мыңдай эндемикалық өсімдіктерден бірінің дәні, кейбірінің сабағы, тамыры, гүлі және түрлі мезгілде жинап алуына байланысты әр алуан ауруларға дәру, шипа екендігі халықтық медицина тәжірибесінен белгілі. Бүгінде кешегі өткен ата-бабаларының ізін жалғап, емшілікпен, бақсылықпен айналысып жүргендер де жетерлік. Ондай кісілерді кейде ерекше қасиет қонған деп қадірлеп, құрметтейді.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Назерке Чакирбаева
Бөлісу: