Халықтың қуаты – бірлікте!

28 Ақпан 2020, 17:11 8546

Қазақстан ұйғырларының мәдени құндылықтары

Көп ұлтты қазақ елі ынтымақ-бірлігі жарасқан, қашанда қонақжай халық болған. Жаугершілік заманда пана іздеп келген жат жұртты жатсынбай, бауырына басқан мейірбан елдің ұрпағымыз. Ал қазір көп ұлтты мемлекетіміздің мақсаты айқын, қадамы нық, аспаны ашық. Көкте желбіреген көк туымыз тәуелсіздігіміздің айшықты белгісіндей... 

Бүгінде бір шаңырақ астында бірнеше ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Оларды біріктіруші – халықтар достастығы. Бұл бағытта Қазақстан халқын топтастырушы институт ретінде қалыптасып жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан Халқы Ассамблеясының да орнының ерекше екенін айта кеткен жөн. Қазіргі таңда елордадағы «Достық үйінде» бірнеше ұлттық мәдени орталық шоғырланған. Осы орайда біз Орталық және Солтүстік Қазақстан мен Нұр-Сұлтан қаласындағы ұйғыр ұлттық-мәдени ұйымының басшысы, республикалық ұлттық мәдени орталық басшысының орынбасары Рустам Абдусаламовпен кездесіп, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. 


(Суретте: Орталық және Солтүстік Қазақстан мен Нұр-Сұлтан қаласындағы ұйғыр ұлттық-мәдени ұйымының басшысы Рустам Абдусаламов) 

Жалпы ұйғыр ұлттық-мәдени орталығы Нұр-Сұлтан қаласында 2003 жылы құрылған. Бүгінде республикалық қоғамдық-саяси ұйғыр тілінде шығатын «Ұйғыр Авази» газеті бар. Оның ай сайынғы таралымы 30 мыңнан асады. Сонымен қатар бұл тілде журналдар да жарық көреді екен. Алматы қаласындағы республикалық Академиялық комедия және музыкалық драма театры да ұйғыр тілінде жұмыс істейді. Республика бойынша 60 мектеп бар. Оның 15-і тек ұйғыр тілінде, қалғандары аралас тілде білім береді.

Қазір елордада 2 мыңға жуық ұйғыр тұрады. Биыл құрылғанына 17 жыл толған ұйғыр ұлттық-мәдени орталығының қоғамдық бірлестігінің мәдени шараларына 200-ден астам белсенділер қатысады. 


(Суретте: Ұйғыр ұлттық-мәдени орталығының басшысы орталықтың жұмысы жөнінде әңгімелеуде )

Мәдени орталықтың негізгі мақсаты – Қазақстанның көпұлтты ел ретінде дамуына бағытталған мемлекеттік саясатты қолдау болып табылады.

Ұлт ретінде қалыптасып, атадан аманат болып қалған ұлттық игі дәстүр мен құндылықтарды сақтап, оны ары қарай дамытуға мүмкіндік беріп отырған Қазақстан мемлекетіне айтар алғысымыз шексіз. Тілімізді дамытуға, дінімізді ұстануға, мәдениетімізді өркендетуге – бәріне де рұқсат етілген. Керегеміз кең, өзге ұлт өкілдерімен тереземіз тең болып ынтымақта өмір сүріп келеміз. Қазақстан – біздің Отанымыз. Ата-бабамыздың таңдап, тағдыр айдап келіп, тұрақтап қалған мекені. Біздің келер ұрпағымыз осында өмір кешпек. Қазақтың даласындай кең, дархан пейілімен баладай аңғал көңілінің, даналығы мен данышпандылығының арқасында біз Қазақстанды жерсініп кеттік. Тарихта жазылған бұл деректерді ешкім де жоққа шығара алмас. «Қаламмен жазылғанды балтамен өшіре алмайсың» деген рас. Біз ұйғыр және қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихын түрлі іс-шараларда көрсетуге тырысамыз,– деді орталықтың төрағасы. 


Мәдени орталықтың басшысы Рустам Абдусаламұлының әкесі – ұйғыр, анасы – қазақ. Ата-бабалары да қазақ жерін мекен еткен. Бойына ұлттық тәлім-тәрбиені сіңіріп өскен ол бүгінде өз ұрпақтарын сол үрдіспен тәрбиелеп келеді.

Алматы қаласында Горный Гигант деген ұйғырлар тұратын ауданда 1992 жылы менің аталарым Адукарим және Зайнаудинның бастамасымен мешіт салынды. Олар сол мешіттің имамы болды. Мен ол кезде кішкентай баламын. Аталарым уағызды ұйғыр тілінде оқитын. Кейінірек ұйғыр тілімен қатар қазақ тілінде оқи бастады. Уақыт өте келе қазақша айтатын болды. Осылайша ұйғырлардың қазақ тіліне ден қоюы бастау алды,– деді орталық басшысы.

Атадан балаға жалғасқан қазақ тіліне деген құрмет бүгінде немерелеріне де жетіп отыр. 


Бізде бәрі қазақ тілінде сөйлейді. Негізінде қазақ және ұйғыр тілдері өте ұқсас. Өз тілін жетік білмейтін, өзге тілде де сөйлемейтін кейбір ұлт өкілдерінің бар екендігі ащы да болса шындық. Біз олардың қатарында емеспіз. «Арбаның алдыңғы доңғалағы қайда жүрсе, артқы доңғалағы солай жүреді», - деген аталы сөз бар. Біз Қазақстанда тұрамыз. Қазақстан Республикасының азаматымыз. Ата-бабамыз бізді тәрбиелегендей, өзіміздің балаларымызды осы ортада, осы жерде, сыйластық пен махаббатта өсіреміз, – деп Рустам Абдусаламов ұрпақ тәрбиесі туралы сөз қозғады.

Ұйғыр мәдени орталығының басшысы орталықтың мемлекеттік маңызы бар мерекелерде, өзге де түрлі шараларда белсене атсалысатынын айтты.

Біз өзімізді «диаспора» деп атамаймыз. Көп жерлерде ұлттық мәдени орталықтарды «диаспора» деп атап жатады. Біз осы жерде туылдық. Біздің ата-бабамыз да осында өніп өскен. Ұрпағымызды жалғап отырған қазақтың құтты топырағын әрқашан қастер тұтамыз.

Рустам Абдусаламұлы жуырда ұйғыр ұлттық-мәдени орталығының жылдық есеп беру жиынының өткенін айтты. Оған «Достық үйі», «Қоғамдық келісім» мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің өкілдері қала бойынша ұлттық мәдени орталықтың белсенділері, мәжіліс депутаттары қатысқан екен. Барлық жағынан талқыланған есеп барысында сыни пікірлер айтылғанын да жасырмады.

– Біздің қоғамдық басқару үлгіміз бар. Жақында шежірелі кітабымыз жарық көрді. Онда отыз ұғлы, мәшрап туралы айтылады. Сонымен бірге ұйғыр халқының тарихы, мәдениеті мен әдебиеті жазылған. 


Дастархан басына жайғасқанымызда, Рустам мырза азды-көпті ұйғыр халқының наны, ұлттық аспаптары мен киімдеріне тоқталды. 

«Ас – атасы нан» деп жатады. Мен мына дастарханда тұрған нанға тоқталып кетейін. Бұл біздің тандыр нанымыз. Тандырды әр ұлт өзгеше етіп, өзінше пісіреді. Біздегі ерекшелігі – ас содасынсыз дайындалатындығында. Содасыз ашытпаған тандыр ұзақ уақыт сақталады. Тағы бір құпиясы кептіріледі. Кейін дастарханға қоятын кезде үлкен ыдысқа сүт, қаймақ қосылып, шай дайындалады. Кептірілген нанды ұнтақтап, ыдысқа салып, шай ішеміз. Тандыр нан мен ішкен шайдан кейін бір күн бойы одан берілетін күш-қуатты сезінесіз және ұзақ уақыт тоқ жүресіз. Ерте кездерде өріске малға кеткенде, қыс мезгілдерінде, ішім-жем болмағанда осы тандыр нанды халқымыз қорек еткен. Ауыл аймақтарда әлі күнге дейін осылай тандырды дайындап, сақтайды. Өзіміз сағынғанда ауылдан арнайы тапсырыс беріп, алғызамыз. Ал мына ыдыс «тыквинка» деп аталады. Арнайы өсіріп, кесіп, ойып жасалады. Бұрын фарфор жоқ кезде ұйғырлар осылай өздеріне ыдыстарды өсіріп, дайындап, шай құюға пайдаланған. Төрде ілініп тұрған дутар, тамбир, сатар т.б ұлттық музыкалық аспаптарымыз. Олардың кейбірі жыланның терісінен, бірі сүйектен жасалады. Ал мына сөредегі ұлттық киімдер мен ұйғыр халқының ақын-жазушыларының әдеби шығармалары туралы кітаптар, – деді Р.Абдукаримов. 


Ұйғырлардың тәрбие беру тәсілі ерекше. Ұйым басшысының айтуынша, олардың ортасында әрбір адамның өзіне жауапты ісі болады. Бірі мерекелік шараларға, бірі дастарханға, енді бірі ұйымдастыру жағымен айналысады. Дастарханға ысыраппен тамақ қоймайтын халық барлығын өз орнымен белгілі бір мөлшерде дайындайды екен. Қателік жасаған адамды өзгеше тәсілмен жазалу тәртібі де бар: олар қазанның қара күйесін жазықты жанның бетіне жағады. Содан кейін әлгі күлкіге қалған адам екінші рет қателігін қайталамауға тырысады.

Мемлекетіңді құрметтеу – ұлттың мәдениетін білуден басталады. Қазақстанда түрлі ұлттардан құрылған көп отбасылар кездеседі. Мысалы, біздің отбасымызда, қазақ, ұйғыр, славян және татар ұлт өкілдері бар. Мен төрт ағайындымын. Әрқайсымыздың жұбайымыз түрлі ұлт өкілдерінен. Бірақ, тілі бөлек болғанымен, тілегі бір, түрі бөлек болғанымен, жүрегі бір қазақстандықтармыз.

Қоғамдағы ұйғыр халқының алатын орны айрықша. Олар үнемі мәдени орталықтың қолдауымен әр түрлі іс-шараға қатысып, ұлттық дәстүрін дәріптеп жүр. 


Біздің қоғамда қашанда татулық салтанат құрады. Өтіп жатқан түрлі мемлекеттік іс-шаралар соның айқын айғағы іспетті. Біз де ұйғыр халқының ән-биімен, концерттерге қатысып, шама-шарқымызша мәдениет саласына да өз үлесімізді қосып жүрміз.

Мәдени орталықтың жұмысы екіге бөлінеді. Біріншісі, халықпен тығыз байланыста болу. Екіншісі, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар, өзге ортаның өкілдері мен құндылық пен дұрыс ақпарат таратудың алтын көпіріне айналу. Араласып, құраласып жатқан мәдени ұлттық орталықтардың арасындағы достықтың негізі – мемлекеттің ұтымды саясатына келіп саяды. Олар бүгінде туыстар секілді араласады. 

Елімізде түрлі оқиғалар орын алып жатыр. Қаншама апаттар болды. Атап айтатын болсақ, өткен жылғы Арыс оқиғасы. Біз Арысқа барып, көмек көрсетіп, қайырымдылық жасадық. Жапа шеккендердің жанында болып, қолдау көрсеттік. Біздің де отбасымыз, жұмысымыз бар. Соған қарамастан он шақты күн сол жерде болдық. Оған бізді ешкім мәжбүрлеп апарған жоқ. Бұл біздің азамат ретіндегі қоғамдық жұмысқа қосқан үлесіміз деп білемін. 


( Суретте:Ұйғыр ұлттық-мәдени орталығының басшысы Рустам Абдусаламов пен орынбасары Ринат Тохтаев )

Одан бөлек SOS Балалар қалашығындағы бір отбасындағы 5-7 баланы қамқорлығына алған мәдени орталық қызметкерлері ай сайын оларға көмек көрсетіп отырады. Ондағы балаларды ұлттары мен нәсілдеріне бөлмейді.

Біз Қордайдағы оқиғаға да әлеуметтік көмек көрсеттік. Бұл да ұлттық мәдени орталығымыздың бірлескен жұмысы. Қоғамдағы әрбір шараға атсалысу біздің адамдық борышымыз. Біз – қазақстандықтармыз. Ассамблеяда үлкен мағына бар. Көп адам мұны түсінбеуі мүмкін. Біз азаматтық міндеттерімізді қайырымдылық, өнер білім салалары арқылы көрсеткіміз келеді. Мен үнемі тегін лекциялар оқимын. Ол қоғам үшін пайдам тиісін деген мақсаттан туған. Бұл – қазақ жерінде тұратын барлық адамға деген қоғамға деген құрметтен пайда болған шынайы әрекет болып табылады.

Бірлескен құрметті алқалы ақсақалдар, ұйғыр қауымының сыйлы адамдары кіретін мәдени орталықтың Ақсақалдар кеңесі келер буынға үлгі көрсетіп, өздерінің өмір жолдарындағы бағыттары мен тәжірибелерімен бөлісіп келеді. Әйелдер құраған кеңес те ұйғыр халқының бұрымдыларын тәрбиелеу жұмысымен айналысады. Мәдениет пен спорттық іс-шараларға арналған бөлім жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, мәдениетімен бірге руханиятын дамытып отыр. 

(Суреттерді түсірген: Артем Чурсинов )

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: