Халықаралық бокс күні атап өтілді

27 Тамыз 2022, 16:39 1876

2021 жылдан бастап Халықаралық бокс күні 27 тамызда атап өтілуде

Қазақстан бокс федерациясы Халықаралық бокс күніне орай елордада қайырымдылық іс-шара өткізді. Жоба аясында ҚБФ атқарушы директоры Азиз Қожамбетов, бокстан ҚР мемлекеттік жаттықтырушы және әлем чемпионы Мерей Ақшалов пен Олимпиада чемпионы Серік Сапиев мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорына барып, жүздесіп қайтты, деп хабарлайды El.kz ҰОК сайтына сілтеме жасап.

Танымал былғары қолғап шеберлері ҚБФ атынан орталыққа жүгіруге арналған арнайы жолақ, емдік дене шынықтыруға арналған тренажер, баланың дамуына көмектесетін ойыншықтар мен түрлі атрибуттар тарту етті. Акция кезінде боксшылар балалармен бірге жаттығу жасап, шеберлік сағатын өткізді.

"Бүгін біз үшін өте жақсы күн болды. Халықаралық бокс күнін балалармен атап өткенімізге қуаныштымын. Осы іс-шараның алдында біз қор өкілдерімен ұзақ уақыт бойы қандай тренажерлер қолайлы, сапалы қажетті «швед қабырғасын» іздедік, ақылдастық. Ойыншықтарға дейін мен олардың балалар үшін мүмкіндігінше пайдалы болғанын қаладым. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын және игі істерге қолдау көрсетуге шақырамын, - деді өз сөзінде Азиз Кожамбетов.

"Мені кәсіби мерекемізге орай іс-шараға шақырғандарыңызға өте қуаныштымын. Мұқтаж жандарға қол үшін беріп, мейірімділік таныту – әрбір қазақстандықтың парызы. Қазақстан бокс федерациясына алғысымды білдіргім келеді, ал «Бақытты шаңырақ» қорына табыс тілеймін", - деп құттықтады Серік Сапиев.

Сондай-ақ, шара соңында тамаша мерекеде балаларға тәттілер ұсынылып, бүлдіршіндер ұйымдастырған қызықты ойын-сауық бағдарламасы көрсетілді.

"Біздің Қор атынан, мүмкіндігі шектеулі балалардың барлық ата-аналарының атынан Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев бастаған басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Біздің чемпиондарымызға ерекше алғыс айтамыз. Серік пен Мерей жарайсыздар! Бүгін біздің балалар бақытқа кенелді", - деп «Бақытты шаңырақ» ҚҚ басшысы Ботагөз Сұлтанова алғысын айтты.

Айта кетейік, 2021 жылдан бастап Халықаралық бокс күні 27 тамызда атап өтілуде. Бұл шешімді Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) қабылдады. Сонымен қатар дәл осы күні тарихта алғаш рет бокстан әлем чемпионаты басталған болатын.

Бөлісу: