Халің қалай, Қуыршақ театры?

24 Маусым 2022, 15:55 5722

Елордадағы Мемлекеттік Қуыршақ театрының әртісімен сұхбат

Ақпарат пен технологияның дамыған заманында балалардың театрға қаншалықты қызығатыны және еліміздегі қуыршақ театрының жағдайы туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік Қуыршақ театрының әртісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Салтанат Мағзым өз пікірін айтты.   

– Қазір ақпарат пен технология заманы болғандықтан балалар уақытынын көп бөлігін ұялы телефонда өткізеді. Қазіргі балалар қуыршақ театрына қаншалықты қызығады?

– Қазақтың «Тәрбиеңді дұрыстағың келсе, бесігіңді түзе» деген керемет сөзі бар. Сондықтан есін енді жиып, ортаны танып бастаған баланы өз басым гаджеттерге мүлдем жолатпас едім. Оданда баланы театрға апарып, қоғамды танытқан дұрыс.   Негізі пандемиядан кейін біздің жұмысымыз белсенді жүре бастады. Өйткені, қуыршақ театрына деген сұраныс пен қызығушылық артты деп айта аламын. Биыл балалар жылы болғандықтан біздегі жүктің салмағы да екі еселенді. Әрине, бұл жағдай мені тек қуантады. Себебі, шыны керек бұған дейін біздің аудиториямыздың жағдайы мәз болмады. Бізді тек мектеп аясында ұйымдастырылған шараларға қатысу үшін ғана іздеді. Ол кездің өзінде орыс мектептеріне ғана баратынбыз, орыс тілде қойылымдар қоятынбыз. Қазір сұраныстың артқанын айтқым келеді. Неге екенін білмеймін пандемиядан кейін аудиториямыз қазақтың қара көз балаларына тола бастады. Көбінесе балалар ата-аналары, апа-әжелерімен бірге келеді. Тіпті, залға сыймай қалған кездері де болды. Тағы бір айта кетерлік жайт, біздің қуыршақ театрымыз үлкен аудиторияларға арналған ғимаратта орналаспаған. Сондықтан бізде үлкен қауымға бірден қойылым қоятын мүмкіндік қарастырылмаған. Біздің ғимараттағы залдарға әрі кетсе 80-100 шақты көрермен отыра алады.

– Театрдағы қуыршақтарды қайда жасайды, дизайнымен кімдер айналысады және оның дайындығына қанша уақыт кетеді?

– Елімізде қуыршақ жасайтын мамандар жоқтың қасы. Сондықтан біз қуыршақтарды Ташкенттен, Мәскеуден тапсырыс беріп, сатып аламыз. Оның өзі біршама уақытымызды алады. Ал, соңғы кездері жаңа қуыршақтарды көбінесе Алматы театрындағы суретшілерге тапсырыс беріп, сатып алып жүрміз. Тіпті, уақытымызды үнемдеу үшін жеке суретшілер мен дизайнерлерге де тапсырыс беретін кездеріміз болған. Тапсырыс бергеннің өзінде оның дайындығына шамамен бір не бір жарым ай уақыт кетеді. Елімізде қуыршақ жасайтын цехтар жоқ. Қуыршақ біздің театрдың басты кейіпкері болғандықтан оның дайындығына көп уақытымызды жоғалтамыз, жұмысымыз да тұралап қалады. Шетелдің қуыршақ театрлары әртүрлілігімен ерекшеленеді. Ал, біздің қуыршақтарымыздың барлығы бір-біріне ұқсайды деп айтсам артық емес. Тіпті қойылымдарға дайындалып үлгермей қалған кездерімізде өзіміз қуыршақтарды сәндеп, бояндырып, жоқ қуыршақтарға жан бітірген кедеріміз де болды. Қуыршақ әлемінде барлық дүниеге дайын болу керек. Сондықтан елімізде қуыршақ театрының сапасына көбірек көңіл бөлсе деймін.

– Сахнадан біз қуыршақтарды ғана көргенімізбен оның артында қанша адамның еңбегі тұрады. Бір қойылымға шамамен қанша қуыршақ пен дубляж актері қатысады?

– Негізі қуыршақ қойылымдарында 1-2 адам жұмыс істесе жетеді. Бірақ, одан көп маманды талап ететін қойылымдар болған жағдайда 4-5 адамға дейін жұмыс істейді. Ал, қуыршақтарға келетін болсақ, қанша қуыршақ қатысатыны ол қойылымның желісіне байланысты. Кейде қуыршақтарымыз толығымен дайын болмай қалған жағдайларда қуыршақтардың да санын қысқартып жатамыз. Дегенмен, ең аз дегенде 4-5 қуыршақ, ең көп дегенде 15 шақты қуыршақты алып шығамыз. Ал, спектакльдерде ең аз дегенде 4 адам болса, ең көп дегенде 15-20 адамға дейін жұмыс істейді. Қойылымның толық шығуы біз үшін маңызды, сондықтан адам санын шектемейміз. Ол жағынан арнайы талаптар да жоқ. Бірақ бізде «ауысым» деген дүние мүлде жоқ. Бұл актердің жұмысын екі есе ауырлататындықтан, дайындыққа үлгермей, сөзін толығымен жаттай алмаған жағдайлар орын алмас үшін бұл мәселеге театрда қатаң қарайды.


– Шетелдің қуыршақ театрларымен салыстырғанда біздің театрларымызға не жетіспейді?

– Елімізде 3 жылда бір рет «Құралай» фестивалі өтеді. Сол кезде 40-тан астам елден қуыршақ театрлары келеді. Мысалы, италиялықтар өздерінің қуыршақтарын алып келгенде біздің сахналарымыздың оны көрсетуге мүмкіншілігі болмады. Қуыршақтарын әр саусақпен еш қиындықсыз ойнап жүріп, қойылым қояды. Өздерімен бірге алып келген үлкен аппараттарына да сахнамыздан орналастыратын орын таппай кеткен сәттер де болды. Өздері қалағандай қойылымды көрсете алмады. Сөйтіп олар қойылымын таспаға түсіріп әкеліп, ұсынды. 100 жылдық тарихы бар театрдың жұмысын көріп әлі күнге дейін тамсанамын. Олардың қуыршағының дизайны, бояуы барлық жағынан мінсіз деп айтар едім. Ал, қытайлық театрлар тіпті керемет. Оларда бір әртіс 15 қуыршақты еш қиындықсыз ойнатады. Осыдан шетелдік театрлардың дәрежесін көруге болады. Қуыршақтарына қарап, сол елдің менталитетін байқауға болады. Мені тамсандырған тағы бір дүние шетелдің қуыршақтарының әр алуандығы. Қытайлықтар бір маймылды бірден 3 аспапта еркін ойнатты. Соның бәрін жасап тұрған жалғыз адам. Оның өзі үлкен күш пен еңбек. Ал, біз бұл мәселеге келгенде ақсақтаймыз. Себебі, жоғарыда айта кеткенімдей, елімізде қуыршақ жасайтын мамандар жоқ. Қазақ ұлттық өнер академиясынің профессоры, театрымыздың көркемдік жетекшісі Құралай Ешмұратова осы мәселе бойынша Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына және университетіне бірнеше рет өтініш жасаған еді. Қуыршақ жасайтын мастерлерді қабылдап, оқытып және шетелге практикаға жіберу туралы ұсыныс тастаған болатынбыз. Бірақ, ұсынысымыз әлі жабулы қазан күйінде тұр.

Ресейдің қуыршақ театрларын жиі бақылаймын. Ресей қуыршақтарының спецификасы қатты дамыған. Сол нәрсені бізге үйрену керек. Пушкинді қойған қойылымдарын көріп, көп нәрсені түйдім. Қуыршақтардың дастархан басында карта ойнағандарының өзін жоғары деңгейде шынайы көрсеткен, кәдімгі тірі жандар отырған сияқты. Олардың деңгейіне жету үшін бізге әлі 100 жыл керек деп ойлаймын.

– Қуыршақ театрының болашағын қалай елестетесіз? Технология заманында қуыршақтардың орнын болашақта роботтар басып, театр жұмысында үлкен өзгерістер болса, оған көзқарасыңыз қандай?

– Театр тарихында осындай өзгеріс болса, онда балалардың барлығы театрдан шықпас еді. Тың өзгерістер Жапония, АҚШ, Қытай елдерінде жақын арада болуы мүмкін, бірақ Қазақстанда алдағы 50 жылда бұндай жаңалық болмайтыны анық. Дегенмен, қуыршақтардың орнын роботтар басқанын өз басым қаламаймын. Қуыршақтарды тірілту, ойнату тек адамның қолынан келеді. Ал, роботтарға тек техника ретінде қараймын. Роботтар отырады, тұрады, одан артық ешнәрсені істей алмайды. Театр тарихында болашақта үлкен өзгеріс болуы мүмкін, бірақ театр өзінің қайдан, қалай бастау алғанын жақсы біледі. Театрлардың жұмысы ең бірінші қуыршақ театрынан бастау алған. Оны біз қазақтың домбырада ойнайтын ортекесінен білеміз.

Технологияға келсек, «Түймеқыз» деген спектакльді біз 3D форматында қойғанбыз. Ертегінің қойылымын қойып жатқанда, үлкен LED экранда 3D эффектпен барлығы көрініп отырады. Табиғаттағы әр детальды шынайы жеткізу үшін осындай эффекттің көмегіне жүгінетін кездер де болады.

Соңғы кездері «адам бойымен бірдей» қуыршақтар сәнге айналды. Кезінде АҚШ-та жұрт назарын өзіне аудару мақсатында үлкен қуыршақтарды киіп алып, көшеге шығып жарнама қағаздарын таратқан. Кейін сол қуыршақтар театр сахналарына шыға бастады.   Бұл қоғамның талабы болғандықтан, балалардың қызуғышылығы осындай қуыршақтарға артқандықтан, жиі көрініс қоямыз. Алаңқайларда балалар көп жиналатындықтан осындай үлкен қуыршақтармен көрініс қойған тиімді. Себебі, көрініс бәріне бірдей көріну үшін. Бұның өзі қуыршақ театр тарихындағы үлкен өзгеріс, жаңалық деуге болады.

– Салтанат ханым, сұқбатыңызға рақмет!

Миражан Махан
Бөлісу: