ҚХА мемлекеттік тілді жетік меңгерген отандастарымызды марапаттайды

10 Желтоқсан 2019, 19:12 2058

11 желтоқсанда сағат 15.00-де Нұр-Сұлтан қаласы Пекин Палас ғимаратында (Сығанақ, 27, Soluxe залы) Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты форумын өткізеді.

Форумға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мәдениет және өнер қайраткерлері, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, қазақ тілі пәнінің мұғалімдері мен ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымының өкілдері қатысады деп күтілуде.

Форум барысында мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері бірқатар сауалдарға жауап беріп, тәжірибесімен бөліседі.

Атап айтсақ, қазақ тілін білу арқылы қалай жетістікке жетуге болатынын егжей-тегжейлі баяндап, тіл меңгеруде қандай әдістерге сүйенгенін, сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту үшін не істеу керектігіне кеңінен тоқталады. Шараға қатысушылар ашық алаң форматында ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтады.

Форум аясында онымен қатар концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, мемлекеттік тілді жетік меңгерген этномәдени бірлестіктердің белсенділері ҚР Президентінің «Алғыс хатымен» марапатталады.

Бөлісу: