ҚХА елорда тұрғындары мен қонақтарын «Шығыс қырлары» фестиваліне шақырады

9 Тамыз 2019, 10:46 3561

10 тамызда сағат 18.00-де елордалық «Жетісу» саябағында (Сарайшық көшесі, 13/1) «Этнос күніне» орай «Шығыс қырлары» атты фестиваль өтеді.

Шараны ұйымдастырушысы - Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, «Этнос күні» – бұл жыл бойы өткізілетін іс-шаралар циклі. Дәстүрлі фестиваль елордада тұратын этностардың салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеуге, этномәдени бірлестіктердің жетістіктерін көрсетуге бағытталған.

«Шығыс қырлары» корей, башқұр, татар, ұйғыр, өзбек, қырғыз, күрд, дүнген және қарақалпақ этномәдени орталықтарын жұртшылыққа етене таныстыратын болады.

Фестиваль көрермендері Шығыстың мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысуға мүмкіндік алады. Шара барысында Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары мен қонақтары түрлі ұлттық киімдер мен билерді қызықтап, театрландырылған көріністерді тамашалайды.

Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мемлекеттік органдар, этномәдени бірлестіктер, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ студент жастар мен БАҚ өкілдері қатысады деп күтілуде.

Бөлісу: