ҚХА «ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КЕРУЕНІ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ БАСТАУ АЛДЫ

5 Қаңтар 2019, 03:15 3466

Қазақстан халқы Ассамблеясының халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын қолдауға бағытталған 2019 жылға арналған «Қайырымдылық керуені» атты қайырымдылық іс-шаралары бастау алды.

«Қайырымдылық керуені» биылғы жылы «Мейірімділікпен бірлікке!» атты ұранымен өтетін болады. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Леонид Прокопенконың айтуынша, акция бір жылға созылып, әр ай белгілі бір тақырыпқа арналатын болады. Мысалы, қаңтар – «Сарқыт», ақпан – «Сыбаға», Наурыз – «Шашу», сәуір – «Асар» және т. б. ұрандарымен өтеді.

«Бүгін біз Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа жылдағы алғашқы іс-шарасын өткізіп жатырмыз. Осы орайда әр айда қайырымдылық акциясын қазақ халқының әдет-ғұрпымен өткізсек деп шештік. Қаңтар айын «Сарқыт» қайырымдылық акциясымен ашып жатырмыз. Бұл халқымыздың қалыптасқан дәстүрі – қонаққа келген әрбір адамға құрмет көрсету, алғыс айту белгісі. Жақындарына сарқыт беру – онымен қуаныш пен бақытты, жылулық пен қамқорлықты бөлісу деген сөз. Бір ай ішінде қалалық Достық үйінде және еліміздің өңірлік Ассамблеяларымен халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын қолдауға арналған акциялар ұйымдастырылады», – деді хатшылық меңгерушісі.

Леонид Прокопенко өткен жылы «Қайырымдылық керуені» аясында 8700 қайырымдылық іс-шара өткізіліп, 400 мың адам жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеден астам көмек алғандығын атап өтті. 78 меценат Ассамблея Кеңесімен арнайы бекітілген «Жомарт жан» ҚХА төсбелгісімен марапатталды.

Қайырымдылық іс-шарасы аясында елордалық этномәдени бірлестіктердің ақсақалдары мен ел ағалары Астана қаласының «Аналар үйі» балаларына арналған «бесік той» және «тұсау кесу» ұлттық салт-дәстүрлерін өткізді.

Акция барысында «Жаңғыру жолы» ҚХА республикалық жастар қозғалысының белсенділері мұқтаж жандарға, соның ішінде көп балалы және аз қамтылған отбасыларға сыйлықтар таратты.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: