Биылдан бастап Қазақстанда шетелдегі жасырын шоттар мен мүліктер үшін автоматты айыппұлдар енгізіледі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Егер қазақстандықтың шетелдік банк шотында 3 932 000 теңгеден (1 000 АЕК) асатын қаражат болса, оны декларацияда көрсету міндетті.
Бұл талап тек банктегі ақшамен шектелмейді — оған шетелдегі жылжымайтын мүлік, акциялар және өзге де активтер де кіреді.
Егер бұл мүлік немесе қаражат декларацияда көрсетілмесе, 393 200 теңге айыппұл салынады. Бір жыл ішінде түзетпесеңіз, айыппұл көлемі 786 400 теңгеге дейін өседі.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, ескерту хаттары жіберілмейді, ал айыппұл автоматты түрде тағайындалады.
Егер жеке тұлға шетелдегі ақша немесе мүлік туралы мәліметті жасырса, айыппұл автоматты түрде салынады, — деп ескертті ведомство.
Заңгерлер азаматтарға декларация тапсыру міндеті бар-жоғын алдын ала тексеруге кеңес береді, әйтпесе күтпеген қаржылық шығынға тап болуы мүмкін.