30.11.2025
12:55
526
Кей мектеп пәндерін біріктіру: Оқу-ағарту министрі пікір білдірді

Кей мектеп пәндерін біріктіру: Оқу-ағарту министрі пікір білдірді

Мектеп пәндерін біріктіру туралы ұсыныс, қазір апробациядан өтіп жатқанымен, қайта қаралуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Оқу-ағарту министрлігінің басшысы Жұлдыз Сүлейменова ауылдық әкімдердің диалогтық платформасы аясында өткен «Әлеуметтік саясат: азаматтардың әл-ауқаты және адами капиталды дамыту» панельдік сессиясында айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген жаңа стандарт бірнеше пәнді біріктіруді көздейді:

  • алгебра мен геометрияны «Математика» пәніне біріктіру;
  • химия, физика және биологияны «Жаратылыстану ғылымдаы» курсына біріктіру;
  • дүниежүзі тарихы мен құқық негіздерін «Әлеуметтік ғылымдар» пәніне біріктіру.

Бұл өзгерістер қазір пилоттық сынақтан өтуде, алайда Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бұл шешім түпкілікті емес.

Министрдің айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген басты міндет – әрбір балаға сапалы әрі толыққанды білім беру. Ол пәндерді біріктіру тәсілі терең талдауды қажет ететінін атап өтті, себебі технологиялық даму жағдайында оқушылардың әр пән бойынша базалық білімді жеке-жеке меңгеруі өте маңызды.

«Менің ойымша, ұсыныс мұқият талдауды қажет етеді. Технологиялық прогресс жағдайында оқушылар әр пәнді базалық деңгейде игеруі тиіс. Сондықтан министр ретінде әр пәннің жеке, нақты мақсаттары мен тақырыптары айқындалып оқытылуын қолдаймын», – деді министр.

Министрлік түпкілікті стандарт еңбек нарығының талабына сай болып, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруы үшін педагогтар және сарапшылармен бірлесіп бұл мәселені зерттеуді жалғастыратынын мәлімдеді.