Баян Мақсатқызы KeshYou жанкүйерлеріне тағы бір тосынсый әзірлеп жатыр. Естеріңізде болса, ол ақпан айында атақты гелзбендтің 20 жылдық мерейтойына арнап, деректі фильм түсіріп жатқанын мәлімдеген-ді. Ал мерейтойлық концерт 29 мамыр күні Республика сарайында өтеді.
Топтың экс-мүшесі Кәмшат Жолдыбаева Instagram-да KeshYou тобының 20 жылдық мерейтойына дайындық басталғанын жариялады. Елең еткізетіні, бейнеүзікте Кәмшаттың жанында Айдана Меденова да билеп жүр. Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, KeshYou тобының 20 жылдық мерейтойлық кешінде Кәмшат Жолдыбаева, Айдана Меденова, Жанар Дұғалова бірге өнер көрсетеді. Әзірге қай әнді шырқайтындары белгісіз. Одан бөлек, Мөлдір Әуелбекова бастаған экс-қатысушылар да сахнаға шығады. Қалай дегенмен, Баян Алагөзова мен Бағым Мұхитденова ностальгияға толы әсерлі кеш дайындап жатқаны сөзсіз.
@e1am4n #keshyou20жыл #keshyou ♬ оригинальный звук - e1am4n
Бұдан бұрын, продюсер Instagram парақшасында топ жайлы деректі фильм түсіріп жатқанын, онда ұжымның 20 жылдық тарихы, сахна сыртындағы шындығы мен топтың басынан өткен түрлі оқиғаны ашық көрсететінін айтқан.
20 жыл деген екі жыл емес. Бұл – KeshYou тобының өмір жолы, бай тарихы. Біздің көрсетеріміз, айтарымыз, үйретеріміз және үйренеріміз бар. Жақында деректі фильм жарыққа шығады. Жанжал болуы да мүмкін. Бірақ шындықты, қалай болғанын, қайда бағыт алғанымызды бүкпесіз айтқанын қаладым. Қыздардан қандай жолды жүріп өткені туралы шындықты айтуын сұрадық. Деректі фильмде мен де бұл туралы айтамын. Қызық болады деп ойлаймын, – деді Баян Алагөзова.
Естеріңізде болса, 2016 жылы KeshYou тобы Республика сарайында 10 жылдық мерейтойына орай концерт берген. Сол концертте топтың экс-солистері өнер көрсетіп, «Қазақ қыздары» әнін бірге орындаған. Ал 29 мамырдағы концертке кімдердің қатысатыны туралы ақпарат жақында белгілі болады.
KeshYou тобы 2015 жылы Азияның 50 үздік Girls Band тізіміне енді. Түркия, Ресей, Қытай, Франция, Германия, АҚШ, Қырғызстан, Әзербайжан елінде концертке қатысты.