«Кешірім сұраймын». Марат Әйтенов сотта өз кінәсін мойындады

26 Шілде, 16:02 471

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Самұрық Қазына» ҰӘҚ АҚ қоғаммен байланыс жөніндегі экс директоры Марат Әйтеновтің ісі өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұрынғы жұбайы Дана Әтешоваға күш көрсетті деп айыпталған Марат Әйтенов сот отырысында кінәсін мойындап, кешірім сұрады.

Сот «Сіз кінәңізді мойындайсыз ба?» деп сұрады Әйтеновтен.

Құрметті сот, оқиғаға қатысты деректермен толық танысып шықтым. Оған қосарым жоқ. Не себепті ол күні ол жерде болғанымды түсіндірдім. Мойындаймын. Болған жағдай үшін  өкінемін. Кешірім сұраймын, - деді айыпталушы.

Сонымен қатар Әйтенов оған қатысты істі қысқартылған тәртіпте қарауды сұрады.

Менің өсіп келе жатқан бала-шағам бар. Осы жерде болып жатқан мән-жайдың интернетке шығуына тыйым салсаңыз. Себебі, балаларым оқушылар. Интернетке шығып кетсе, ол балаларыма әсер етеді. Өтініш, сіздің нұсқаулығыңызбен шыққан ақпараттар осы жерде қалып, сыртқа тарап кетпесе екен, - деді Әйтенов.

Сот Әйтеновтің бұл өтінішіне «Сот 529 бап бойынша (Қылмыстық теріс қылықтар) қаралып отыр. Бұл жерде сот процесі жалпы тәртіпте не қысқартылған тәртіпте деп көрсетілмеген», - деп түсіндіре кетті.

Еске салайық, Дана Әтешова 12 шілде күні бұрынғы күйеуі мен оның адамдары тәртіп сақшыларымен өзін үйден күштеп қуып шықпақ болғанын айтты. Бұған дейін Әтешова өзінің бұрынғы күйеуі Марат Әйтеновтің үстінен бірнеше рет шағымданған. Ол – Шымкент қаласының бұрынғы әкімінің ағасы. Сондай-ақ Дана Әтешова президенттен көмек сұраған еді.

Миражан Махан
Бөлісу: