Әлемде мүлде кешікпейтін әуе компаниялары мен әуежайлар анықталды. Британиялық Cirium сараптамалық компаниясы 2025 жылға арналған «Уақыт дәлдігі көрсеткіштеріне шолу» атты жылдық есебін жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Aeromexico әлемдегі ең уақтылы ұшатын әуе компаниясы деп танылды. Мексикалық тасымалдаушының рейстерінің 90,02 пайызы кестеден 15 минуттан кешікпей орындалған.
Екінші орынға Saudia (86,53%) орналасса, ал үздік үштікті Scandinavian Airlines (SAS) (86,09%) түйіндеді.
Cirium әдістемесіне сәйкес, рейс ұшақ белгіленген уақыттан 15 минуттан кешікпей гейтке келген жағдайда уақыт дәлдігін сақтады деп есептеледі. Әуежайлар үшін де дәл осы уақыт шегі қолданылады.
Оқи отырыңыз:
Есепке әлемдік және аймақтық әуе компаниялар, сондай-ақ жолаушылар ағыны әртүрлі әуежайлар енгізілген. Аймақтар бойынша көшбасшылар мынадай:
Солтүстік Америка – Delta Air Lines (аймақта бесінші жыл қатарынан бірінші орын);
Еуропа – Iberia Express;
Азия-Тынық мұхиты өңірі – Philippine Airlines;
Латын Америкасы – Copa Airlines;
Таяу Шығыс пен Африка – Safair.
Ал Qatar Airways тұрақты операциялық сапасы үшін арнайы платина марапатына ие болды.
Есепте көрсетілгендей, British Virgin Atlantic компаниясында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Әуе тасымалдаушының уақыт дәлдігін сақтау деңгейі 2024 жылғы 74,02%-дан 2025 жылы 83,45%-ға дейін өскен.
Cirium сарапшылары әуе компаниялары әлі де кадр тапшылығы, әуе кеңістігіндегі шектеулер, логистикалық қиындықтар мен ауа райының тұрақсыздығы сияқты факторлармен жұмыс істеуге мәжбүр екенін атап өтті.
Әуежайлар арасында платина марапаты Ыстамбұл халықаралық әуежайына табысталды.
Есеп авторларының айтуынша, марапат беру кезінде операциялық күрделілік, ақаулардың жолаушыларға әсері және даму динамикасы ескерілген.
Cirium сонымен қатар әлемдегі әуежайлар бойынша деректерді талдап, ең аз кідіріс пен ұшыруды кейінге шегеретін әуе тораптарын анықтаған.
Ірі әуежайлар санатында бірінші орынды Сантьягодағы Артуро Мерино Бенитес атындағы халықаралық әуежай (SCL) иеленді. Бұл – Чилидің ең ірі әрі ең жүктемелі әуе хабы.
Соңғы жылдары SCL ауқымды жаңғыртудан өтті: 248 400 шаршы метр аумақты қамтитын жаңа халықаралық терминал-2 іске қосылып, әуежайдың жылдық өткізу қабілеті 16 млн-нан 38 млн жолаушыға дейін артты. Соған қарамастан, уақыт дәлдігінің көрсеткіші 87,04%-ға жетіп, бір жылда 4,2 пайызға өскен.
Ірі әуежайлар – Артуро Мерино Бенитес (Чили);
Орташа әуежайлар – Токумен (Панама);
Шағын әуежайлар – Хосе Хоакин де Ольмедо (Эквадор).
Бұл рейтингте Еуропадағы ең жоғары нәтиже көрсеткен әуежай – Осло Гардермуэн, ол 86,00% көрсеткішпен бесінші орынға жайғасты.
Орташа әуежайлар арасында Helsinki-Vantaa Еуропадағы үздік нәтиже көрсетіп, 18-орыннан көрінді.
Ал шағын әуежайлар санатында эквадорлық José Joaquín de Olmedo International көш бастаса, норвегиялық Ставангер (Sola) төртінші орынға табан тіреді.
Бұған дейін әлемнің үздік әуежайы туралы жазғанбыз. Сонымен қатар Астана әуежайы қонақтарды қабылдауда рекорд орнататыны туралы да белгілі болған.