Шафер есімін керекуліктердің бәрі біледі. Тіпті ақындар: «Біздің павлодарлық Дон Кихот» деп жырға қосқан аңыз адам кім? Ертіс жағасын бойлай орналасқан Павлодар қаласының мәдени құндылығына айналған «Шафер музей-үйінің» сыры неде?
Наум Шафер – филология ғылымдарының кандидаты, Павлодар Инновациялық Еуразия университетінің профессоры, әдебиеттанушы, музыкатанушы, композитор. Нами Гитин атты бүркеншік есіммен жария болған 300 астам туындының авторы ретінде танымал. Солардың ішінде танымал «Печорин» операсы да бар. Әйгілі Булгаков пен Дунаевтың шығармашылығын зерттеген ғалым. 20 астам кітаптың авторы. Қарияның жасы 87-де.
2001 жылға дейін Наум Шафердің жеке қорындағы коллекция шағын ғана екі бөлмелі пәтердің ішінде сақталған еді. Тарих пен мәдениеттен сыр шертетін коллекциялармен бірге автор әйелімен бірге ұзақ жылдар бойы сол пәтерде өмір сүрді. Жауһар құндылық деуге толық негіз бар, автордың жеке қорында 20 мыңға жуық кітап пен 1920 жылдан бері сақталған газет-журналдардың тігіндісі, 500 мың кәртішкеден құралған музыкалық картотека сондай-ақ энтузиаст атамыз бір өзі жинаған мол мұра – әлемдік музыка мәдениетінің грампластинкаға жазылған фонетекасы сақталыпты. Музыка өнерін зерттеуші мамандардың бағасынша, грампластинкаларды осындай ірі көлемде жинаған әлемдегі жалғыз адам – Наум Шафер екен.
«Мен орындаушыларды емес, тек музыканы коллекциялаймын. Менің қорымдағы бірегей музыкалық құндылықтардың арасында белгілі бір орындаушы немесе музыкант болмай қалуы мүмкін, алайда музыкалық туындылар еш үзіліссіз жалғасын тауып келеді», - дейді коллекционер атамыз.
17 жыл бұрын Наум Шаферді Омскі қаласына коллекцияларымен бірге көшіп келуге ұсыныс түседі. Мұндай ұсыныс тіпті шет мемлекеттерден де болған екен. Алайда, жергілікті басшылық қаншалықты маңызды мұрадан қол үзіп қалу қаупі бар екенін дер кезінде түсініп, авторға музей ашу үшін ғимарат беруді ұйғарады. Ұсынысты бірден қабыл алған коллекционер қордағы мол музыкалық мұраны Павлодар қаласына сеніп тапсырды. Қазір Керекуге келген әрбір мейман бас сұғатын мәдени орынға айналған тарихи музей қала бюджетінің есебінен жұмыс істеп тұр.
Музейдің бірінші қабатында фонетека мен концерт залы жұмыс істейді. Аптаның әр жұмасы сайын керекулік өнер және әдебиет саласының өкілдері, ақын-жазушылар осы залда әдеби шығармашылық кештер өткізеді. Ал, екінші қабатта кітап сөрелері мен талай қабырғаны алып тұрған алып грампластикалар қоры орналасыпты.
Грампластинка – бұл музыка және театр мәдениетіне терең бойлап, зерделейтін құндылық. Бірегей дыбыстарды тыңдаған сайын грампластинкадағы жазба қоғам өміріндегі музыканың айнасы екеніне көз жеткізе түсетіндейміз. Осынау фоножазбалардың әдемі әлемін жасаған композитор, музыкатанушы, профессор Шафер Наум жиырма бес мыңға жуық патефон және винил пластинкаларын жинаған. Шафердің коллекциясында талай әуендердің шежіресі сақталған.
Наум Григорьевич ес білгелі әр жылдардағы түрлі халықтардың ең үздік музыкалық туындыларын жинаймын деп мақсат қойды. Сол үшін де ол ізденісін белгілі бір музыкалық бағытқа ғана бағыттап, орындаушылар мен жанр алуандығы бойынша шектемеді. Коллекционерді әңгіме тартқанымызда, өнерге деген махаббатының қалай туғанын келесідей сипаттап берді. Наум Шафердің ата-анасының үйлену тойында оларға патефон мен бірнеше пластинка сыйлаған екен. Ес білгелі күн сайын қайталап тыңдаудан жалықпайтын бозбала жүректің қылын тербейтін әсем әуенді бойына сіңіріп, болашағын музыкасыз елестете алмайтын деңгейге жетті.
Тағдыр тәлкегімен 1940 жылы оларды отбасымен Бессарабииден Қазақстанға жер аударады. 10 жасар бала өмірінің бір бөлшегіне айналған патефоны мен пластинкаларын Қазақстанға бірге арқалап әкелді. Міне, арада 80 жылға жуық уақыт өтсе де, коллекционер патефонынан бір сәт айырылған емес. Және бүкіл ғұмырын музыка зерттеу мен коллекцияға арнаған профессордың мол мұрасы талай шетелдік меймандарың таңдайын қақтырып, таңқалдырып келеді.
Музыкатанушы жинаған мол мұраның қатарында Глинканың романсынан бастап, Рим-Корсаков әуендері, би мелодиялары, Александра Затаевич зерттеген әйгілі Майра Шамсутдинова, Қали Байжанов, Иса Байзақов, қазақтың бұлбұлы Күләш Байсеитова сынды әншілердің бірегей дауыстары сақталған. Қазір Шафердің коллекциясынан түрлі жанрлардағы әлемдік музыканың үздік туындыларын көруге, тыңдауға болады.
Наум Шафердің қорында СССР халық әртістері Күләш Байсеитова, Жамал Омарованың сирек кездесетін бұлбұл дауысы, Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова сынды өнер майталмандарының патефондағы дыбыстары қаз-қалпында сақталған. Тіпті тұңғыш қазақ операсы Евгений Брусиловский мен Ахмет Жұбановтардың бірегей әрі қайталанбас туындылары шежіре ретінде қорды толықтырып тұр. Тіпті құнды мұра – күйші Жаппас Қаламбаев пен Құбыш Мұхитов орындаған әйгілі «Кеңес» және «Балбырауын» күйлері де сақталса керек. Бұл – нағыз ұлттық өнердің алтын қоры.
– Мен қазақ халқының ұлттық музыкасын ұнатамын,- дейді коллекционер. – Қазақ әуендерін жақсы көруіме әйгілі кеңес заманының сазгері Евгений Брусиловский түрткі болды. Бір күн әуен тыңдамаған кезім болмапты. Музыка – менің өмірім, маған көңіл-күй мен шабыт сыйлайтын құдірет.
«Мен үшін ең құнды пластинка деп 1930 жылдары менің ата-анама сыйға тартылған пластинканы айтар едім. Бізді Бессарабииден жер аударарда буынып-түйінген көршілеріммен тілдестім. Сонда тек 100 кг аспайтын ғана жүк алуға рұқсат екенін білдім. Ал, үйге НКВД адамдары келгенде «мынаны алуға болады мынаны алуға болмайды» деп көп затқа шектеу қойды. Патефон мен пластинкаларды да алуға тиым салды. Тек мектепке керекті оқулықтар мен дәптерлерді ғана алып кетуге болатынын айтты. Патефонға қынадай жабысқан 10 жастағы бала зар иледім. Осылайша өз дегенімде тұрып, мен үшін аса құнды зат пен пластинкаларды дін-аман Қазақстанға жеткізген едік.
– Соғыстан кейін 1946 жылдан бастап, үнемі пластинка сатып алу үшін дүкендерге кіретін едім, - дейді кейіпкеріміз әңгімесін ары қарай сабақтап. – Кейін араға жылдар салып, коллекционерлерге хат жаза бастадым. Алдымен Кеңес одағының коллекционерлеріне кейіннен тіпті шет елдерге хат жолдадым. Біз хат алмасып, бір-бірімізге пластинкалар жолдай бастадық. Басында қызық болған. Маған қандай пластинка ұнайды соның бәрін сатып ала бердім. Алайда, әрбір пластинканың маңызы мен мәнін маған Брусиловский ұқтырды. Бірде ол: «Қандай маңызды іс жасап жүргеніңізді әлі түсінбейді екенсіз. Кеңес одағында қаншама кітапхана болса да, бірде-бір дыбыс сақтайтын арнайы мекеме жоқ. Түптің түбінде билік оны түсіне жатар», дегені бар. Ол осы идеямен министрге барды. Сонда министр: «Не үшін? Нота бар. Кез-келген әуенді аспапта ойнауға болады» деген екен. Сонда Брусиловский: «Ешқандай да нотаның түпкі орындау стилін қайта әуелету мүмкін емес. Заман өзгереді, соған сай туындыны әуелету стилі өзгереді. Сол үшін де дыбыс жазбаларын коллекциялау керек», - деп жауап берген. Осы әңгімеден кейін Брусиловский маған: «Қазақ ауылдарын аралап, ақсақалдармен әңгімелесіңдер. Олар сендерге бүгін де дүкен сөрелерінде жоқ пластинкаларды берсін» - деді. Дәл осы сәттен бастап мен пластинкаларды коллекциялап жүргенімді түйсіндім. Олардың сапында қазақ, орыс, еврей, француз, ағылшын т.б. ұлттардың музыкалық туындылары бар еді.
Наум Шафер жарты ғасыр бойы Дунаевтың екі туындысы «Көңілді балалар» (Веселые ребята) фильміндегі бүгінгі тілмен айтқанда саундтрегін қолға түсіре алмапты. Көркем фильм 1934 жылы көрерменге жол тартқан. Ал, пластинка тек 1935 жылдың екінші жартысында шығыпты. Ресейліктердің алдын ораған француздар әнді француз тіліне аударып, пластинаның бір бетіне «Көңілді балалардың» маршын салса, екінші бетіне «Сердце» туындысының тек қайырмасын ғана жариялаған екен. Алайда қанша ынтыққанымне де аталмыш пластинка коллекционердің қолына тек жарты ғасырдан кейін ғана түсіпті.
– Мен жалақымның көп бөлігін тек пластинкаға жұмсадым,- дейді кейіпкеріміз. – 1955 жылы жұбайым Наталья Михайловнанмен үйленгенде, мен оған бірден айттым: «Екеуміз келісіп алайық. Сен мені асырайсың, ал мен жалақыма кітаптар мен пластинкалар сатып аламын» дедім. Кейде ашуланса да, осыншама қор жинауыма әйелім де атсалысты.
– Менің төрт Отаным бар деп есептеймін, - дейді Шафер мырза. – Менің кіндік қаным тамған жер – Бессарабия. Ал, менің тарихи Отаным – Израиль. Менің шынайы Отаным, бүкіл ғұмырымды өткізген атамекенім – Қазақстан. Дәл осы Отаныма қызмет еттім. Ал, рухани Отаным деп – Ресейді атауға болады.
Шынымен де саналы ғұмырын музыка туындыларын жинауға арнаған коллекционердің қорында 500 жуық қазақ халқының ұлттық музыкасы мен орындаушылардың туындылары сақталыпты. Олардың арасында ақын Жамбыл Жабаевтың өлеңдері мен кеңес дәуіріндегі эстрада жұлдыздарының әсем туындылары да бар.
«Патефон пластинкасына енген өткен күннің еншісіндегі музыкалық мәдениет бізге жарқын өмір сүруге, нық әрекет етіп, бақытты сәттерді терең сезінуге»,- көмектеседі дейді Шафер мырза.
Музыка – адамның ішкі жан-дүниесінің айнасы. Пластинкалар тек белгілі бір туындыны ғана айшықтамай, эстетикалық талғам мен қоғамның адамгершілік қасиетін өрнектей түсетіндей.
2000 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен мәдениет жылы деп бекітілді. Маңызды бағдарламаның аясында грампластинкалардың бірегей коллекциясы топтастырылған музей ашу туралы шешім шыққан еді. 2001 жылдың 21 ақпанында Павлодар қаласында «Шафер музей-үйінің» ашылу салтанаты болды. Міне, содан бері 17 жыл бойы музыка мен өнер сүйер қауым осы бір шағын музейге жиналып, қордағы бірегей әуендерді тыңдап, әдеби-сазды кештің қонағы болып жүр.
Наум Шафердің грампластинкалар коллекциясы талай керекулік ақынға шабыт сыйлап, жаңа туындылардың өмірге келуіне түрткі болды.
«Наш павлодарский Дон Кихот!
Любимец Муз и их воитель.
Заблудших душ освободитель
Прекрасный рыцарь Ланселот!»,- деп жырлаған ақындардың бірі – Константин Лунин.
– Пластинка да кітап секілді, жақсы талғамға тәрбиелейді,- дейді кейіпкеріміз. – Коллекциям адамдарға қуаныш сыйласа, еліміздің мәдени дамуына тамшыдай болсын үлес қосса деп армандаймын. Мәдени құндылықтарымызды сақтап, жеткізу арқылы біз келешек ұрпаққа тарихымызды аманттаймыз. Патефон пластинкасы бізге адамгершілік ұстанымдарды ұғынуға көмектеседі деген үміттемін.
Наум Шафер коллекциясындағы қайталанбас шежіре қоғамның мәдени және әлеуметтік дамуын терең зерттеуге қызмет етеді деп сенеміз.