Керекудегі сіз көруге тиісті 5 орын

19 Маусым 2018, 12:42 6686

Жасыл желекке оранған шаһар

Павлодар – еліміздің солтүстік-шығыс бөлігінде, Ертіс өзенін бойлай орналасқан жасыл қала. Жолыңыз түсіп, Керекуге бара қалсаңыз, сіз көруге міндетті қандай орындар бар екенін біліп жүрген артық етпес.

«Мәшһүр Жүсіп» мешіті

Мәшһүр Жүсіп атындағы облыстық орталық мешіті Павлодар қаласында 2001 жылы ашылды. Ғибадат үйінің алғашқы іргетасы 1999 жылдың 23 қазанында қаланды. Аумағы 6,2 гектар жерді алып жатқан мешіт шаһардағы сәулеті келіскен ғимараттардың бірі. Құлшылық үйі қала орталығындағы М.Қайырбаев, Кутузов, Кривенко, Пахомов көшелері аралығында тұр. Айналасында алуан түрлі ағаш өсіріліп, көгалдандырылған.

Ғимараттың бірінші қабатында Құран оқып-үйренетін шәкірттерге арналған дәріс, сүндетке отырғызу бөлмелері, 500 орындық асхана және оның қосалқы бөлмелері орналасқан. Бұған қосымша 500 орындық әйелдер бөлмесі, оның ішінде дәрісхана, кітапхана, киім ілетін бөлмелер, дәліздер де бар.

Мешіттің екінші қабатында ер кісілер намаз оқитын 2000 орындық үлкен зал, балкон, Ислам діні және мешіт тарихының мұражайы, кітапхана, бейне зал, имам, наиб имам, мәжіліс, есеп-қисап, неке қию және сәбиге азан шақырып есім беру, Құран оқу бөлмелері мен гардероб, үлкен холл орналасқан.

Ертіс өзенінің жағажайы

Жағажай – кез-келген мейманның есінде қалатын мәдени әрі демалыс орындарының бірі. Әсіресе жаз маусымында қала тұрғындары мен қонақтары жағажайда көп серуендейді. Мереке күндері Ертіс жағасында тіршілік қыз-қыз қайнайды, түрлі мәдени шараларды тамашалауға болады.

Өзен жағасында суға шомылуға арналған құмды жағажай бар. Келушілердің демалуына барлық жағдай қарастырылып, ағаштан жасалған жатуға ыңғайлы төсектер мен орындықтар орналасқан.  

Айналасында үлкен әрі бірнеше шағын субұрқақтар бар. Саф ауамен тыныстап, серуенді көңілді өткізуге мейілінше мүмкіндіктер қаралған.

Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі

Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі 1942 жылы облыстық «Қазақстанды зерттеу қоғамы» кешені негізінде құрылды. 1958 жылы оған Орта Азияны зерттеуші, саяхатшы Г. Н. Потаниннің аты берілді. Музейдің негізін фотосуретші, өлкетанушы Дмитрий Поликарпович Багаев қалады.

Өлкенің тарихы мен мәдениетін ашатын экзпозициялар 8 залда орналасқан. Ғылыми кітапхана және екі филиал бар, олар Д. П. Багаев музей- үйі және Майра Шамсутдинова атындағы өлең шығармашылық музей- үйі.

Мекен-жайы: Ленин көшесі 149

Байланыс телефондары: 8 7182 618 136

Жұмыс кестесі: Сейсенбі – жексенбі 10:00 – 18:00

Кіру: ересектерге — 150 теңге, мектеп оқушыларына — 80 теңге, мектепке дейінгілерге  — 40 теңге, студенттерге — 100 теңге, зейнеткерлерге — тегін.

Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театры

Павлодардағы рухани қара шаңырақтың ордасы саналатын – Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театры 1938 жылы 17 қаңтарда Комсомол атындағы Бесқарағай колхоз-совхоз театры негізінде құрылған.

Алғашқы директоры және режиссеры болып Қадыр Хамзин бекітілді. Талантты өнер иесі ұйымдастырушылық мол қаблетінің арқасында қысқа мерзімде жаңа театр ісін ұршықша үйіріп алып кетті. Павлодар театрының тұңғыш сахна шымылдығы Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» қойылымымен ашылды. Спектакльдегі басты рөлдерді жас әртістер Қапиза Хамзина – Айман, Бықия Асылбекова – Шолпан рөлін орындады. Кейін репертуарды «Еңлік-Кебек», «Қыз-Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесалары толықтырды.

Театрда Т. Атамбек, М. Байжұманов, А. Таспаева, Г. Қайырбекова, Г. Саймасова, Т. Әбдірахимова, Б. Шәнім, Д. Ұябай, Құспанова Дина, Атамбек Талжібек, Омарова Гүлжанат сынды талантты әртістер әртістер қызмет етуде.

Мекен-жайы: Ломов көшесі, 140

Байланыс телефоны: 8 7182 310 205, 8 7182 310 206

Билет құны: балаларға – 300 теңге, ересектерге – 400 бен 700 теңге аралығында.

Мемлекеттік рәміздер паркі

Парк Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап салынды. Жасыл желектердің ортасында орналасқан саябақ көпшіліктің сүйікті орындарының біріне айналды. Серуендеуге таптырмайтын жер.

Аты айтып тұрғандай Кутузов пен Лермонтов көшелерінің қиылысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері: Ту, Елтаңба және Әнұран орнатылған. Мұнда бейбтшіліктің символы саналатын көгершіндерді тамақтандыруға болады.

Парк бүгін де үйлену тойында фотосессия жасайтын қаланың көрнекті орындарының біріне айналды.

Мекен-жайы: Лермонтов-Кутузов көшелерінің қиылысы.

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: