Кербез Көкшенің көрікті жерлері

13 Қазан 2022, 02:27 10696

Қазақ жеріндегі таңғажайып өлкенің бірі де бірегейі – Көкше жері. 

El.kz порталының оқырмандарын еліміздегі ерекше қорғалатын ұлттық табиғи саябақтар жайлы ақпараттық-танымдық шолуды ұсынатын боламыз. Бүгін біз «Көкшетау» ұлттық табиғи саябағы жайлы сөз қозғаймыз.

Қазақ жеріндегі таңғажайып өлкенің бірі де бірегейі – Көкше жері. Бұл өлке қазақтың талай танымал тұлғаларының жұмағы болған мекен. Атақты Абылай, Кенесары хандардың саятшылық құрған жері. Көкшетау қаласынан оңтүстік-батысқа қарай, 60 шақырым жол жүрсеңіз, орманды алқапқа кез боласыз. 60%-ы орманмен көмкерілген бұл жерді еуропаның Швейцариясымен жиі салыстырады, себебі ландшафты өте ұқсас келеді.

 

ҚЫСҚАША АНЫҚТАМА:

Ресми атауы: «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

Құрылған жылы: 10 сәуір, 1996 жыл

Орналасқан жері: Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданы, Ақмола облысының Зеренді ауданы

Жер көлемі: 182,076 га

Қадағалаушы мемлекеттік органы: ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

Мәртебесі: республикалық маңызы бар табиғат қорғау және ғылыми мекеме

Паркті құрудағы мақсат: «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы экологиялық, тарихи-ғылыми, эстетикалық табиғат байлығын қалпына келтіру және сақтау.

 

Бұл ұлттық табиғи саябақтың өзіндік даму тарихы бар. Кезінде осы аумақтағы жерлерді шарушылық мақсаттарға қалай болса-солай пайдаланып, курорттық-рекреациялық аймақтардың жойылып кету қаупі туындады. Бірегей табиғи ландшафтарды мемлекеттік деңгейде сақтап қалу мақсатында, 1989 жылы «Бурабай» деген ортақ атаумен парктің негізі қаланған-ды. Еліміз тәуелсіздік алған соң, мемлекет астанасы Ақмолаға ауысуына орай аумақтық өзгерістер орын алып, 1996 жылы «Бурабай» құрамынан шығып, жеке «Көкшетау» атты ұлттық табиғи саябақ құрылды.

«Көкшетау» ұлттық табиғи саябағы бас директорының орынбасары Талғат Мұхамадиевтің айтуы бойынша, бүгінгі таңда мекемеде 317 адам жұмыс істейді. Оның 276-сы инспекциялық қызмет атқарады. Орман қорғау жұмыстарымен де айналысады. Әр филиалда 60-70-тей адам жұмыс істейді. Әр қайсысының өз міндеті бар. Негізгі жұмыс әсем табиғатымызды сақтап қалу. Заңсыз ағаш кесуден және аңшылардан қорғау. Сонымен қатар туризм саласын дамыту болып табылады дейді.

«Көкшетау» ұлттық табиғи саябағы – «Айыртау», «Арықбалық», «Шалқар» «Зеренді» және «Орманды бұлақ» филиалдарынан тұрады. Оның құрамына осындағы далалы, орманды-көлді аймақтар кіреді. Бұлардың табиғаты бір-біріне ұқсас болғанымен, өзіне тән өзгеше ерекшеліктері де бар.

Осы бес филиалға қысқаша тоқтала кететін болсақ: Айыртау филиалы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының аумағында орналасқан. Филиал: «Сырымбет-түкті», «Шоқан Уәлиханов» және «Сулы» атты үш орманшылықтан тұрады. Бұл филиалдың тарихы 1898 жылдан бастау алады. Филиал орман өсіру өндірісімен 1961 жылдан бері айналысады. 100 жылдан астам тарихы бар дендрологиялық парктің екпелеріне ғылыми бақылау жүргізіледі. Қазіргі уақытта паркте ағаш-бұта тұқымдарының 30-дан астам түрі өседі.

Ал, Арықбалық филиалы Қазақстанның теріскей облысындағы Айыртау ауданында орналасқан. Филиал Қарауылтөбе, Лейксовское, Нижне-Бурлукское, Торғай орманшылықтарынан тұрады. Мұнда Қазан жартасты шөгінділер, Имантау көлінің аралы, Көне алап және Шолғыншы шоқысы атты республикалық маңыздағы 4 табиғат ескерткіші бар.

Келесісі Шалқар филиалы. Ол Солтүстік Қазақстан облысы шекарасында орналасқан. Бұл аймақ таулары граниттерден, кварц тақтатастарынан түзіліп, қыратты-жоталы, ойпатты ұсақ шоқылар мен жазықтардан тұрады. Аумақ ландшафты далалы, орманды дала және орманды болып келеді. Қостау, Айыртау, Сүйір шоқылары мен Үңгірлі сарқырама алқаптарымен ерекшеленеді. Шалқар филиалындағы «Айыртау» шоқысының солтүстік және оңтүстік бөктері, жыралы жартастар мен орманды алқаппен қамтылған. Ең үлкен әрі биік жері «Сүйір» шоқысы. Оның аумағы 3.0 га. Аймақтағы «Үңгірлі» сарқырамасы тынымсыз ағып, бұлақтармен толығып, мәрмәр тақташаларынан өтіп, тереңдігі 4 м құрайтын кішігірім өзенді құрайды.

Бөлімше жұмысы туралы филиал басшысы мынадай қосымша мәліметтерді келтірді.

"Қазіргі уақытта осы филиалда 50 мемлекеттік инспектор жұмыс атқаруда. Олардың басты қызметі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау, өсімдерін ұлғайту және пайдалану. Шалқар филиалының аумағына төрт көл бекітілген. Шалқар, Ақкөл, Лабанова және Байсары көлі. Сонымен қатар, осы Шалқар филиалында 6 туристік соқпақ бар", - деді Шалқар филиалының директоры Дулат ОРЫНБАЕВ,.

Зеренді филиалы. Зеренді филиалы Ақмола облысында орналасқан. Зеренді көлінің оңтүстік, батыс және солтүстік-батысындағы кең аумақты алып жатыр. Жыланды, Зеренді және Грибновское орманшылықтарынан тұрады. Филиалдың ландшафты орманды, орманды-далалы болып келеді. Көк мүйіс шоқысынан Зеренді көлінің жағалауында орналасқан курортық аймақтың барлық алаңы көрініп тұрады.

Қазақ даласында ғашықтар туралы, таңды-таңға ұрып айтатын хикаяттар, өте көп. Мысалы, Көкмүйіс аралы XVIII ғасырда қос ғашыққа пана болған жер. Махаббат мекенінің әфсанасы былайша суреттеледі: Екі жастың қосылуына ата-аналары рұқсат бермегендіктен, олар жүзіп келіп, ұзақ уақыт бойы аралда өмір сүреді. Бұл жер оларға туыстарынан тығылуға жақсы орын болды. Оларды тапқан адамға қомақты сыйақы да тағайындалады. Екі жас бір-бірінен айрылғысы келмей, өмірлерінің соңына дейін осында ғұмыр кешеді. Алайда, аралда талғажу етерлік ештеңе болмағандықтан, қос ғашық аштықтан қайтыс болады.

Соңғы бөлімше «Орманды бұлақ» филиалы. Бұл, осы саябақтағы ең жас бөлімше. Оның аумағы Зеренді филиалының оңтүстік-батыс шекарасына жанасады. Филиал екі шағын саябаққа бөлінеді: Жыланды және Вершина. Бұл филиалдың аумағында жануарлар мен құстардың жабайы түрлері жерсіндірілген. Қорық режимін енгізу нәтижелері жануарлардың санына және өсімдік түрлерін қалпына келтіруге өз әсерін тигізуде.

Ұлттық табиғи саябақтың орналасқан жері туралы география ғылымдарының кандидаты, доцент Санат Түгелбаев былай деп сөз саптайды.

"Бұл жердің тағы бір үлкен ерекшелігі - табиғатының әрүрлілігі. Соңғы мұзбасу дәуірінен кейін бұл жерде реликттар қалған. Реликт деген, ол Қазақстан территориясында көп қайталана бермейтін көне заманнан қалған із. Морфологиялық түрінен болсын жер бедерінде, әсіресе өсімдіктерден ерекше із қалған. Шыршалы ормандар - мұзбасу дәуірінен қалған реликттер Қазақстанның көп жерінде кездесе бермейді. Әрине қазіргі ең басты мәселе ғылымның болсын, мемлекеттің болсын осыны сақтап қалу. Жақсартып, жақсы түрінде болашақ ұрпаққа аманат етіп тапсыру", - деді Санат ТҮГЕЛБАЕВ.

Саябақтың жануарлар әлемі

Ұлттық саябақтың орналасу аумағында сүт қоректілердің 50, балықтардың 19, бауырмен жорғалаушылардың 5 және қосмекенділердің 1 түрі мекендейді. Олардың ішінде орман сусары Қызыл кітапқа енгізілген. Жабайы жануарлардың жүретін жерлері орман мен шоқы алқаптары. Саябақ басшылығының айтуы бойынша, мұнда тұяқты жануарлар қыстан жеңіл шығуы үшін, арнайы шөп жинайды. Сонымен қатар, жапырақтардан астық жинап, қолмен қоректендіреді.

Саябақ аумағында индикаторлық сүтқоректілердің 3 түрі бар. Атап айтатын болсақ бұлан, елік, қабан осылардың қатарында. Бұлан - бұғы тұқымдасының ең ірі түрі. Бойының биіктігі 3 м, ұзындығы 2,3 м, салмағы 570 келі тартады. Мүйізіндегі қосалқы бұтақтары жануардың жасын білдіреді. Құлақтары үлкен, доғал. Денесінің түсі қоңырқай, тұяқтары қара, тізесінен жоғары ақшыл тартып тұрады.

Елік - бұғы тұқымдасының бір тармағына жататын сүтқоректі. Ұзындығы 1,5 метр, салмағы 60 келі. Құлақтары ұзын, сүйір, құйрығы қысқа.. Тұяқтары үшкір, аяғы жіңішке, нәзік болып келеді. Түсі біртүсті, жазда қызғылт сары, қыста сұр болып түрленеді. Аталықтарының мүйізі қысқа болып өседі. Мұнда сонымен қатар қазақтар киелі жануар санайтын Теңбіл бұғы да мекендейді. Ұлттық саябақ аумағына бертінде әкелінсе де жақсы бейімделген. Дене бітімі сымбатты, тұрқы 150-180 см, шоқтығының биіктігі 87-115 см, салмағы 100-130 кг. Түсі қыста қоңыр-сұрғылт, жазда теңбіл жирен. Жазда шөптесін өсімдіктерді, қыста ағаш-бұтаның жапырағы мен бұтағын жейді.

Орманда тобырымен жортып жүретін қабандар да жеткілікті. Қабанның дене ұзындығы 130-175 см. салмағы 60-150 келі тартады. Басы үлкен, сүйір, мойыны жуан. Денесі тығыз, екі бүйірі қысыңқы болып келеді. Жон арқасында қылтанды айдары бар. Қарыны жіктелмеген, күйіс қайтармайды. Қорек таңдамайтын жануар, топырақты қазып өсімдік тамырларымен, құрт-құмырсқамен қоректенеді.

Бұл ұлттық табиғи саябақ балықтарымен де әйгілі. Мұндағы балықтардың негізгі тобы Зеренді, Ақкөл, Имантау, Шалқар көлдерінде мекендейді. Негізінен балықтардың 19 түрі кезедседі.

"Зеренді көлінде жыл бойы әуесқой балық аулау спорты дәстүрлі түрде өтіп отырады. Сонымен қатар күзде балық қорын молайту бойынша көкшіл-сұр түрлерін аулайды. Аталған балықтар Зеренді балық тұқымбағы инкубациясына өткізіледі. Мемлекеттік парктің көлдеріне көктем кезінде әр түрлі тұқымдастарды қайта жібереміз", - дейді Зеренді филиалы директорының орынбасары, Ерлан ШОПАЕВ, : .

Ұлттық табиғи саябақтың барлық аумағындағы индикаторлық түрлер тобына балықтың 4 түрі кіреді. Олар: шортан, мөңке, тұқы балық және алабұға. Шортанның ұзындығы 40-50 см, салмағы 1,5 келі, кейде тіпті 10-15 келіге дейін де кездесетін тұқымдастары бар. Көбіне жағада жалғыз жүзеді, тек уылдырық шашқан уақытта ғана топтасады. Тұқы балық - денесі цеклойдты қабыршықпен жабылған немесе тақыр болып келеді. Ауызы тіссіз, жұтқыншағында бір-үш қатарлы тістері бар. Мұрты 2 жұпты, майлы қанаттары жоқ. Тұқы балық тұщы суда мекендейді. Талғамсыз қоректенетін балық. Мөңке балығы - лайланған су айдындарын мекендейді. 4 жылда өсіп жетіледі, ұзындығы 10-15 см-ге жетеді. Мұнда мөңке балықтың екі түрі бар, алтын және бозша мөңке. Алабұға - оттекті режимімен тұщы су айдынын мекендейтін балық түрі. Кұрсағы мен құйрығындағы қанаттары ашық-қызыл түсті. Ұзындығы 50 см, салмағы 1,5 келі болып келеді.

Саябақтың құстар әлемі

Ұлттық табиғи саябақтың аумағында құстың 220 түрі бар. Оның 20-сы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Сонымен қатар, бұл жерді әртүрлі материкке тән құстар мекендейді, олардың 3 түрі индикаторлық түрлер тобына жатады. Олар: қылүйрек, ақ шіл және сұр тырна. Саябақта Еуропалық құстар кешені, Сібір құстар кешені, Жерортатеңіздік құстар кешені, Моңғол құстар кешені, Қытай құстар кешені бар. Аймақта Еуропалық құстар түрі басым. Олардың үлесі 39%-ды құрайды. Бұл құстар орман және далалық аймақтарда, сонымен қатар, сулы-батпақты жерлерді мекендейді. Сібір құстар кешені түрлерінің тобы 12%-ды құрайды. Көбінесе қарағайлы, олиготрофты көлді және орман батпақтарында қорегін табады. Бұлар сарыайдар үйрек, бізқұйрық, айдарлы үйрек, сусылдақ үйрек, жүнбалақ байғыз және басқалары. Жерортатеңіздік құстар кешенінің үлесі де 12%. Көлдің қамысты, орманды алқабында өмір сүреді. 9 түрлі моңғол кешені құстары да осы аймақта кездеседі. Бұл түрлер көбінесе дала ландшафтарында мекендейді. Қытай құстар кешені, олар: үлкен түркептер, ақ арқалы тоқылдақ, ақ көкшіл шымшық, құралайқұс, емендік сарыторғай. Бұл құстар көбінесе орманда және жайылымды жерлерде мекендейді.

Ұлттық саябақтағы құстарды қорғау мақсатында биыл 250-ге жуық құс үйшігі және 260 дана құмырсқа үйшігі орнатылды. Қызыл жемсаулы қарашақаз, шақылдақ қаз, ителгі, лашын, ақбас тырна, дуадақ, тауқұдірет, сүйір тұмсықты шалшықшы сынды құстар үшін бұл жер жұмақ мекен. Ғашықтықтың символы – аққудың кіші аққу, сұңқылдақ аққу сынды бірнеше түрі мұндағы айдынды көлдердің көркін кіргізуде.

Саябақтың өсімдіктер әлемі

Ұлттық саябақ аумағында өсімдіктердің 12 индикаторлық түрі бар. Оның ішінде 2 сүректі, 6 бұталы, 4 шөптесін түрі кездеседі. Ұлттық саябақтағы жоғары сатыдағы өсімдіктер қатарында дифференцияның жоғары дәрежесіне жетпеген топтары да бар. Олар, мүк тәрізділер. Мүктәрізділер тастың бетіндегі алғашқы өсімдік құрамына кіреді. Бұлардың түрлері біртіндеп өліп, басқа тамырлы өсімдіктердің мекендеуі үшін субстрат дайындауда. Мұнда 30 текке жататын қарағайлы орман флорасының 36 түрі бар. Саябақ флорасының құрамында көне өсімдіктер көп: алмұртшөп, қырық жапырақ, терістік жалманақ, торжапырақ, Еуропа жылқы шөбі. Саябақта Қазақстандағы сирек кездесетін су шырмауық, тас қарақат, алтай ұшқаты, мойыл, шәңгіш, үш жапырақты субеде де өседі. Қазақстанның Қызыл кітабына көктем жанаргүлі, саз қазанағы, шолпан кебіс, шатырша қысшыл шөп, ақ тұңғиық, гибридті шұғылық, дөңгелек жапырақты шықшөп енгізілген. Дала шиесі сайын далаға көрік беріп тұратын өсімдіктің бірі. Шие ағашы қысқа төзімді, терең тамырлы, аласа бұталы, ұзындығы 1,5 м. жапырақтары сопақша келеді. Гүлдері ақ, жемісі дөңгелек, шалқан тәрізді. Жемісінің дәмі қышқыл-тәтті аралас, түсі ашық қызыл болады. Қара ырғай гүлдері ірі, ашық  қызғылт түсті. Жемісі қара, тамыз-қыркүйек айында жеміс береді. Тал биіктігі 2-6 метрге дейін жетеді. Бұтақтары қалың, шыбықтары сұр түсті, кәрілері – қоңыр немесе сұр болады. Жапырақтары кең жұмыртқа тәрізді.

Талғат МҰХАМАДИЕВ, «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары: Сонау құрылған сәтінен бастап «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне мынадай негізгі міндеттер жүктелді: бірегей және қайталанбас табиғат кешендері мен нысандарды, тарихи және мәдение ескерткіштерді, сонымен қатар мәдени мұра жәдігерлерін сақтау; рекреациялық пайдалану жағдайында табиғат кешендерін сақтаудың ғылыми әдістерін әзірлеу және енгізу; бұзылған табиғат және тарихи-мәдени кешендер мен нысандарды қалпына келтіру; тұрғындарға экологиялық ағартуды ұйымдастырып, экологиялық мониторинг жүргізу. Туристік жұмыстарымызды жандандыру жұмыстары жүріп жатыр. Имантау, Шалқар аумағы мемлекеттің 10 туристік агенттігінің қатарына еніп, 7-ші орында тұр және жылына 60-70 мыңдай адамдар келіп дем алады.

Ұлттық табиғи саябақ аумағында 22 туристік бағыт жұмыс істейді. Орманда туристерге арналған көлік пен жаяу жолдардан басқа сүрлеу соқпақтар да бар. Олар атпен және велосипедпен жүруге арналған. Қысты күні шаңғы тебу мүмкіндігі де бар. Бір жылда шамамен 20 000 астам демалушылар келеді. Аймақтағы төрт көлге келген туристерге әуесқой балық аулауларына да рұқсат беріледі екен. Саябақтың 10%-ын Шалқар, Имантау, Зеренді көлдерінің жағалауларында орналасқан демалыс аймақтары алып жатыр. Бұл жерлерде туристер үшін ыңғайлы қонақ үйлер салынған. Онда ұлттық тағамдардың дәмін татып, төл өнеріміздің жауһарларын тыңдап, қымыз ішіп, дәстүрлі үй моншасында демалып, ауыл өмірінің рахатына бөленуге болады. Экологиялық таза және таңғажайып табиғат кешендеріне барсаңыз, естен кетпес тамаша әсер алып қайтасыз.

"Қоршаған орта жайлы ғылымдағы ең үлкен мәселе биологиялық мониторинг. Одан кейін ландшафтағы әртүрлілікті сақтау. Табиғатта кез-келген бір өзгеріс бола қалса, ол басқа бір бөлігіне өзгеріс әкеледі. Ол қайтып орнына келмейтін жағдайға ұшырауы мүмкін. Еліміздегі ең қатты игерілген аймақ солтүстік өңір. Әсіресе тың игеру жұмыстары қарқынды жүрген. Өндірістік нысандар көбейіп кетті. Мұның өзі жабайы аң-құстар мен өсімдіктердің өмір сүру ариалының азаюына әкелді. Тіпті жойылып кету жағдайына дейін келді", - дейді география ғылымдарының кандидаты, доцент Санат ТҮГЕЛБАЕВ,.

Сондықтан да ұлттық табиғи саябақ қызметкерлері ата-бабамыздан қалған қасиетті байлығымыз - жерімізді қорғап, оның аң-құсын қайта көбейту үшін күн-түн демей әрекет етуде. Орманда өрттің алдын алу үшін барлық филиалдарда бақылау мұнаралары орнатылған, олар әр сағат сайын орталыққа хабар жіберіп отырады. Егерде бір жерден түтін байқала қалса өрт сөндірушілер дереу сол жаққа аттанады. Филиалдар арнайы техникалармен, өрт сөндіру көліктерімен, тракторлармен өзге де қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Келушілер өрт қауіпсіздігі ережесін бұзатын болса, оларға 100 АЕК хаттама толтырылады.

Ұлттық табиғи саябақ аумағында мемлекет қорғауына алынған тарихи, сәулеттік-монументалды өнер ескерткіштері бар. Сырымбет ауылында ХІХ ғасырдағы ағаштан құрастырылған сәулет ескерткіші ретінде жиһанкез-ғалым Шоқан Шыңғысұлының әжесі - Айғанымның қонысын айтуға болады. Сонымен қатар, Арықбалық филиалындағы Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалды кешеніне барып зиярат етіп қайтуға болады. Осы өңірдің тумасы, барша қазаққа белгілі Ақан серінің әндерін білмейтін қазақ жоқ шығар, сірә!

Көкше жері тарихи, археологиялық обаларға да бай өлке. 2000 жылы Саябақ құрамына өткен энеолит дәуірінің қайталанбас ескерткіші - Ботай қорымы, өзі аттас шатқалдағы Иман-Бұрлық өзенінің жағалауында орналасқан. Бұл жерден 6000-ға жуық тарихи жәдігерлер табылған. Бұдан 5,5 мың жыл бұрын дәл осы жерде жабайы жылқы қолға үйретілгендігін барша әлем ғалымдары мойындаған.

«Көкшетау» ұлттық табиғи саябағының ну орманы мен өзен-көлдері шынымен де қайталанбас жаратылыс. Тұмса табиғаты бар Көкше жері ықылым заманнан бері адамдардың назарын өзіне аудартқан ерекше өлке. Сұлу Көкше өңірі, шын мәнінде – жердің төресі! Мың рет естігенше бір рет барып көрген дұрыс.

 

Дәурен Мақсұтханұлы

 


Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: