Кептеліс кезінде уақытты қалай өткізесіз?

28 Наурыз 2017, 12:28 8146

Мегаполистің мәселесі

Алып шаһардағы көлік кептелісі жергілікті халық үшін қалыпты жағдай болғанымен, еліміздің өзге аймағынан ағылып келіп жатқан қонақтардың үрейін тудыратыны рас.

«Алматылықтардың жарты өмірі көлікте өтеді» деп жатады. Бұған қала тұрғындарының еті әбден үйреніп кеткен. Кейде қоғамдық көлікте отырып, кептелісте бірнеше сағаттап тұратын сәттер болады. Осындай кезде қасыңда отырған көршің жақын туысыңдай болып кетеді. Аялдамаңа жеткенде қимай қоштасасың.

Ал таксиде отырған жағдайда үзеңгілес адамның немесе жүргізушінің бүкіл өмірбаянын танып-біліп, қиындығы мен қуанышының куәгері болып үлгересің. Болмаса мұндай сәтті пайдаланып, әңгімені ысырып, бірнеше сағат жақсылап ұйықтап алуға болады. Осылайша кептеліспен күресуден шаршаған халықтың көнуден басқа амалы жоқ. Ірі мегаполис өз заңдылықтарына бағындырады. Сондықтан да жүйкені тоздырып, ашуланғаннан гөрі «час-пик» уақытында пайдалы іспен айналысқан жөн. Мысалы машинаңыздың ішін ретке келтіріп, қобдишаны ашып тазалап, жинастырып қоюдың өзі біршама уақытты алады.

Дәл осы істі ер азаматтар кептелісте тұрғанда атқарып жататындығын жиі байқаймыз. Сондай-ақ ерлер қауымы осындай сәтті пайдаланып, айналасындағы көліктерді жіті бақылап, зерттеп, өзінікімен салыстырып отырады. Ал нәзік жандылар мұндай уақытта бет-әлпетін ретке келтіріп, боянуға кіріседі. Тіпті бұл үрдісті кептеліс кезінде шұғылданатын жұмысқа айналдырып, бояуларын сөмкелеріне салып алып үйден асыға шығып кететін бикештердің қатары көп.

Кітап, газет-журнал оқып, ғаламтор бетін парақтаумен қатар кептеліс уақытында қатарлас көліктегі жастардың танысып, әңгіме құрып отырғандығын жиі көреміз. Осындай мүмкіндікті пайдаланып таныстық жүргізген, кейін жақын араласып кеткен жандар қаншама?! Сондықтан кептеліс – таныстық жүргізу үшін таптырмас уақыт екенін естен шығармаған жөн.

Әрине жеңіл көлікпен жүрген жандар автобустағы жолаушыларға қарағанда кептелістің әлегін жеңіл өткереді. Себебі, адамы лық толы қоғамдық көліктер сағаттап тұрып қалған сәтте жолаушылар бірін-бірі қысып, итеріп мазасыздана бастайтын кездер жиі болады. Сондықтан да Алматы тұрғындарын жұмысынан гөрі жол мәселесі жиі шаршатады. Ал бұл үрдіске көндіккен жастар қауымы құлаққаптарын киіп алып, ұзағынан музыка тыңдап тұра береді. Жалпы, алматылықтар үшін бұл қолайсыздықтың оң тұсы да бар. Кейде жұмысқа, қонаққа болмаса кездесуге кешігіп жатсақ, болсын, болмасын бар кінәні көлік кептелісіне жауып қойып құтылып кететін сәттеріміз жиі болады.

Қала әкімі Бауыржан Байбектің айтуы бойынша, мегаполистегі кептеліс мәселесі санаулы жылдарда шешілмек. Ең әуелі «Алтын Орда» базарының аймағындағы тас жол алты жолақты болып кеңейтіледі. 2018 жылы аяқталуы тиіс бұл құрылыс негізгі көшелердегі кептелісті біршама азайтары анық. Бүгінде «Алтын Орда» базары десе жергілікті таксистер ат-тонын ала қашады. Себебі, кептелістің ең үлкені осы маңда Райымбек көшесінің бойында болады. Бұл аралық маңызды жол бөлігі болғандықтан арқалайтын жүгі де ауыр. Жалпы, Алматыда көлік ағыны баяу көшені кездестіру қиын. Сондықтан да діттеген жеріңе метромен жетіп, болмаса кептелісті қалыпты жағдай ретінде қабылдап үйренген жөн.

Жазира Берғалиева
Бөлісу: