Кенжеғали Шилібек: Біз техникалық мамандарды дайындауда біраз құндылықтарды жоғалттық

15 Сәуір, 14:00 22561

Былтыр еліміздің бірқатар өңірінде қуаңшылық орын алып, Жамбыл облысының алты ауданында қуаңшылық салдарынан төтенше жағдай жарияланса, биыл жыл басы – Наурыз мерекесі аяқталысымен еліміздің батыс және солтүстік өңірлерін қарғын су алды. Бүгінде он облысқа топан су жайылды. Президент су тасқыны салдарынан қалыптасқан  ауыр жағдайға байланысты Үндеуінде: «Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет»,- деді. Сондай-ақ Су саласындағы мамандарды даярлау бойынша базалық ЖОО-ны анықтауды тапсырды. Су мамандары дегенде есімізге Кеңес одағы кезіндегі Тараз қаласындағы Гидромеларативтік-құрылыс институтының даңқы түседі. Еліміздегі ең алғаш «Су шаруашылығы» мамандарын даярлап, кадрмен қамтамасыз еткен осы білім ордасы болатын. Жуырда Президент Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім шығарды. Осы ретте М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің қауымдастырылған профессоры, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының түлегі, Тараз қалалық маслихатының депутаты Кенжеғали Шилібек мырзамен сұхбасттасуды жөн деп таптық.

El.kz: Кенжеғали Қошқарбайұлы, Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген. Соның ішінде су саласын кадрмен қамтамасыз ету мәселесі бар. Мәселен білім беру бағдарламаларын жаңарту, мемлекеттік білім беру гранттарының санын ұлғайту. Жалпы білікті және жас мамандардың тапшы екені айтылады. Құжатта су шаруашылығы бойынша жылына бар болғаны 200 маман жоғары оқу орнын бітіретіні, 100 түлек орта техникалық білім алып шығатыны көрсетілген. Жалпы түлектердің тек 22%-ы ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасады екен. Бұның себебі неде?

Кенжеғали Шилібек:  Қазақстан ipi трансшекаралық өзендердің төменгі ағысында орналасқан. Сондықтан мемлекетіміздің сумен қамтамасыз етілуі көбінесе көршілес елдердің су шаруашылығындағы ұстанымына, олардың экономикасының дамуына, халық санының өсімінe байланысты. Осы ретте Мемлекет басшысы су қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аударып келеді. Халықтың әл-ауқатын жақсартуда, ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы мен су ресурстарын тиімсіз басқару қатты кедергі болатынын айтқан болатын. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес айналысатын Су ресурстары және ирригация министрлігін құру үлкен стратегиялық шешім. Бұл салаға артылар жүктің салмағы өте ауыр, әрі үлкен жауапкершілік.

Ал енді, су саласына мамандар дайындаудағы жоғары оқу орынның өкілі ретінде кадр тапшылығына келер болсам, біріншіден су шаруашылығындағы  білім беру бағдарламаларына сұраныс аз.  Мемлекеттік тапсырыс, облыс әкімі бөлген  білім беру гранттары жыл сайын игерілмеуде. Мысалға, 2022-2023 оқу жылында 6В086 «Су ресурстары және суды пайдалану» білім беру тобына жалпы 328 орын бөлінді, оның 90-ы қысқартылған білім беру бойынша, яғни колледж бітірушілеріне, «Серпін» бағдарламасы бойынша 10, магистратураға 70, «Гидротехникалық құрылыс және су ресуртсарын басқару» білім беру бағдарламасына  20 орын берілді. Өкінішке қарай, республика бойынша бұл орындардың 30 пайызы ғана игерілді.

Бүгінде Дулати университетінде  су ресурстары бағытында 107 студент білім алуда. Өткен оқу жылында екі сала бойынша 43 бітіруші диплом алып шықты. Оқуды аяқтаған соң, түлектердің 80% өз мамандығы бойынша «Қазсушар» филиалдарына, бассейндік инспекцияларға жұмысқа орналасады, алайда ондағы айлық жалақыға ұзақ уақыт тұрақтамай басқа салаға ауысуда. Себебі еңбек ақысы өте төмен, мысалға жаңадан жұмысқа кірген жоғары білімді су саласы маманының айлығы – 95-120 мың теңге аралығында ауытқиды. Бұл еліміз бойынша орташа еңбекақы – 350 мың теңгемен салыстырғанда, 3-3,5 есе төмен. Тағы бір жағы мамандық мәртебесінің төмендігі.

Шыны керек, мемлекет өзіне қажетті мамандықтарға оқу грантын көп бөледі. Алайда ол мамандардың оқу бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуды міндеттеуге назар аударулары әлі де болса жеткіліксіз. Осы жағын қолға алу қажет.

El.kz:Президент Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім шығарды. Қандай пікір білдіресіз, қандай мәселеге назар аудару қажет?

Кенжеғали Шилібек:  Суды тиімді пайдалану және басқару, реттеу  стратегиялық маңызды. Бұл еліміздің экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Президентің Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөніндегі шешімі дұрыс шешім, әрі батыл қадам. Су саласындағы қордаланған мәселелерді шешуге бағытталған мамандарды қалыптастыру үшін базалық  жоғары оқу орны болып табылатын Дулати университетінен бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын бөліп, қалпына келтіру ұтымды шешім.

 Институттың оқу ғимараттары, жатақханалары, су саласына бейімделген зертханалары, спорт кешендері қаржы көздерін үнемдеуге мүмкіндік береді. Тараз қаласында орналасқан Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен арадағы ынтымақтастық оң әсерін тигізеді. Шыны керек бұрынғы одаққа танымал болған Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын қалпына келтіруде үкіметтің қолдауы керек. Білікті мамандардың жасы ұлғайған, білікті су мамандары жан-жақта шашырап жүр. Су мамандары қазіргі таңда 10 жоғары оқу орындарында даярланады, сондағы  ғалымдарды жаңа оқу орнына шоғырландырып, студенттерді тек базалық оқу орнында бір жерден оқытуды жүзеге асыруды қолға алу керек. Саладағы ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жасап, жоғары жалақы тағайындау қажет. Барлық жоғары оқу орнында су саласында студенттер контингенті аз екені мәлім. Су бағытындағы білім беру бағдарламаларын кез-келген жоғары оқу орындарында аша беруді тоқтату керек. Керісінше, республикадағы су бағытындағы білім беру бағдарламаларын тек бір жерде, яғни жаңадан құрылатын оқу орнында жүзеге асыру тиімді болмақ. Мемлекет тарапына білім гранттарын көптеп бөлу мәселені толық шешпейді. Су тасқыны мамандардың жетіспейтіндігін көрсетті.  С ондықтан 17 аймақ басшылары, жылына мақсатты гранттармен 10 талапкерді жіберу керек, оларға қосымша шәкірт ақы тағайындау қажет. Бұл даярланатын кадрлардың сапасына, профессор-оқытушылар құрамының әлеуетін арттыруға  оң өзгерістер әкеледі.

Су бағытында оқитын студенттерге ерекше статус беріп, олардың шәкірт ақысын көтеру және жалақысы жоғары жұмыспен қамтамасыз ету қажет.  Сонда ғана мемлекет тарапынан беріліп отырған білім гранттарын толық игеруге мүмкіндік болады. Сонда ғана біз бұрынғы гидро институттың беделін қайта әкеле аламыз!

El.kz:Сонымен бірге тұжырымдамада су шаруашылығы саласын бітірген инженерлердің дайындығы 1990 жылдардағы мамандарға қарағанда әлсіз екені айтылған. Неліктен бұрынғыдан қарағанда мамандар әлсіреп кетті?

Кенжеғали Шилібек:  Тәуелсіздік алғанға дейін бізде ұлттық білім, ұлттық тәрбие беру жүйесі кеңестік сипатта қалыптасты деуге болады. Менің ойымша, мұның басты себебі батыстық білім беру жүйесі – «Болон» үдерісіне қол­данысқа енгізгеніміз болды. Еуропа елде­рінің ортақ білім беру жүйесіне ену мақсатында Орталық Азия елдерінен бірінші болып, Қазақстан «Болон» үдерісіне 2010 жылы енді. «Болон» үдерісіне ене отырып, отандық білімнің бәсекелестікке қабі­лет­тілігін арттыру, үш сатылы жо­ғары білімді енгізу, академиялық кре­диттер жүйесін қабылдау, білім сапасын бақылау, студенттер мен оқыту­шы­лардың мобильділігін кеңейту көзделді. Бұл жүйе отандық білім жүйесін еуропалық озық тәжірибелер мен ғылы­ми жаңалықтарды батыл енгізу арқылы халықаралық үлгіде дамытуға мүмкіндік берді. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, біз, техникалық мамандарды дайындауда біраз құндылықтарды жоғалттық. Болашақ инженерлер білуі тиіс қажетті инженерлік-техникалық пәндер  оқу үдерісінен алынып тасталды, не болмаса мазмұны өзгеріп сағаттары қысқартылды. Білімді бағалау жүйесі өзгертілді. Нәтижесінде көпшілік студенттер үшін оқу орындарындағы негізгі мәселе сапалы білім алу емес, жоғары балл жинау, мамандық игеру емес, диплом алу болып кеткені жасырын емес. Оның үстіне бұл мамандықтарға Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең төменгі шекті балл алғандардың мемлекеттік грантқа түсуінің әсері де жоқ емес.

El.kz: Бүгінде  елге «гидромелиорация», «өзен құрылыстары мен су электр станцияларының гидротехникалық құрылысы», «суару жұмыстарын механикаландыру», «су шаруашылығындағы экономика», «гидрогеология және инженерлік геология», «сумен жабдықтау және су бұру» және «жердегі гидрология» сияқты сала мамандары қажеттілігі туралы жиі айтылады. Елдегі су мәселесін шешетін осындай мамандарды қалай даярлап жатырмыз? Жалпы елімізде су мамандарын даярлайтын қандай жоғарғы оқу орындары бар? Ол оқу орындары не үйретеді?

 Кенжеғали Шилібек:  Иә, бізге саладағы проблемалардың алдын алу мақсатында алдағы уақытта, «гидротехникалық құрылыс және құрылымдар», «су ресурстарын басқару», «гидромелиорация», «елді мекендерді сумен қамтамасыз ету және суды бұру»,  «гидрогеология және инженерлік геология», «су шаруашылығының экономикасы», «су дипломатиясы», «мелиоративтік жұмыстарды механикаландыру», «гидроэнергетика»  сияқты білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлау аясын кеңейтуіміз керек.

Жалпы елімізде су мамандарын негізінен Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Қазақ-Неміс университеті даярлайды. Соңғы кездері басқа да жоғары оқу орындарында су бағытында білім беру бағдарламаларын ашып, болашақ су мамандарын даярлауда. Бүгінде, технологиялар мен техника дамыған заманда біз студенттерге су үнемдеу технологияларын енгізуге, қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін судың аз мөлшерін пайдалануға мүмкіндік беретін қолда бар су ресурстарын ұтымды пайдалануға, гидротехникалық құрылыстарды салу және тозу мәселесін шешуге, өзен-көлдердің экожүйесін сақтауға үйретудеміз.  

El.kz:Бүгінде жастар су шаруашылығындағы мамандыққа аса қызыға бермейді? Бұл қызығушылықты арттыру үшін не істеген жөн?

Иә, дұрыс айтасыз, жастар бұл салаға қызықпайды. Өйткені бұл саладағы мамандардың қоғамдағы мәртебесі төмен. Айлық жалақысы аз.  Жоғарыда айтқандай су бағытында оқитын студенттерге ерекше статус беріп, олардың шәкірт ақысын екі-үш есеге дейін көтеру және соңғы курсты дуалды оқытуға көшіріп, мекемеде айлық жалақымен жұмыс істеуге мүмкіндік беру.  «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламаласына су саласының түлектерін тартуымыз керек. Мамандардың әлеуметтік қаматамсыз етуді кепілдендіру, біліктіліктерін жүйелі  арттыру, жалақыны көтеру, сала еңбеккерлерін насихаттау арқылы ғана су мамандарының мәртебесін жақсарта аламыз.

El.kz:Сарапшылардың айтуынша, гидромелерация мамандығы «ең қажетсіз мамандық» деп атап көрсеткен екен. Мұның бір себебі, бұл мамандыққа сұраныстың азайуы, оқыту кезінде практикалық тәжірибенің жоқтығы мен жергілікті жерде жұмыс бола бермейтіні. Бұл мәселені шешудің қандай жолын ұсынар едіңіз?

Расында да бұл мамандыққа сұраныс аз. Инженер-мелиоратор топырақтың құнарлығын жақсартуға және шаруашылықты ұйымдастыруға жауапты маман. Оның жұмыс ауқымы кең, жауапкершілігі де орасан. Ол жер суландыру техникаларын, топырақтың қоректену режімін дұрыс пайдалануды,  ауыл шаруашылық дақылдарынан тұрақты және мол өнім алудың тиімді жолдарын ұсына алатын, канал, тоған, су қоймалары мен бөгендердің техникалық қауіпсіздігін болжай білетін, гидрологиялық қолайсыз жағдайларын жақсарта отырып, жер қорын өте тиімді түрде пайдалану әдістерін меңгерген маман. Алайда біздің шаруа қожалықтары мұндай маман иесін қажет етпейді. Әркім өз әрекетімен жерді пайдалануда. Нәтижесінде жердің сортаңдануы, тұздануы, тозуы, экологиялық мәселелердің туындауы орын алуда.

El.kz: Еліміздің шет мемлекеттермен бірлесіп су мамандарын даярлау мүмкіндіктері бар ма?

Жалпы бұл бағытта барлық елдердің жоғары оқу орындары мамандар даярлайды. Орналасқан географиялық жағдайларына байланысты әр елдің тәжірибесі бөлек. Біз көршілес Өзбекстан республикасының жоғары оқу орындарынмен тығыз байланыстамыз. Ортақ проблемалармен айналысатын  екі елдің ғалымдарының ортасы қалыптасқан. Биылғы жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы  су бағыты бойынша білім беру қызметтерін ұсыну үшін «Ташкент ирригация инженерлері және ауыл шаруашылығын механикаландыру» Ұлттық зерттеу университетімен қос дипломдар беру бойынша төрт білім беру бағдарламалары әзірленді. Бұл бағдарлама биылғы оқу жылынан қолға алынды. Яғни, студент алғашқы екі жылын Дулати университетінде оқыса, соңғы екі жылын Ташкентте жалғастырады, нәтижесінде екі жоғары оқу орнының дипломын алып шығады. Сонымен қатар студенттеріміз сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелде білімін шыңдауға мүмкіндік алады.

El.kz: Болжам бойынша, 2029 жылға қарай кадрға қажеттілік 800 адамға дейін артады, ал оларды даярлау үшін 350-ге жуық педагогика маманы қажет болады. Оның ішінде 170 маманның ғылыми дәрежесі болуы керек. Мұнша ммандарды аз уақыттың ішінде даярлай аламыз ба? Ол үшін не істеу керек?

Иә, кадр тапшылығы қазір де бар. Институтта ғалымдардың орта жасы 59. Бұлда  ойланатын жағдай. Міне, өз алдымызға жеке жоғары оқу орны болғалы отырмыз. Алдағы уақытта мамандарды бір жерден даярлауды  міндеттеп, жас ғалымдарға қолдау көрсетіп, жаңа оқу орнына шақыру керек. Диссертациялық кеңестердің жұмысын жандандырып, докторантураға тек салаға сәйкес талапкерлердің түсуіне мән беру керек. Өмір за­ңымен бір буын екіншісін алмастыра береді, сондықтан ең бастысы ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру қажет. Үлкен ғылыми орта, мектеп қалыптастыру басты назарда ұстауымыз керек.

El.kz:Уақытыңызды бөліп, арнайы сұхбат бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз!

Наурызбек Сарша
Бөлісу: