Кентауда 80 мүгедек балаға мерзімі өткен тамақ пен дәрі-дәрмек берілген

22 Ақпан, 11:24 909

Түркістан облысының прокуратурасы Кентау қаласында орналаcқан "Арнайы кәсіптік колледжде" оқитын 80 ерекше баланың құқықтары өрескел бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл колледж еліміздегі жалғыз мамандандырылған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және білім беру қызметтерін ұсыну үшін  құрылған мекеме болып табылады.

Прокурорлық тексерумен колледж басшылығы ұзақ уақыт бойы заңнама талаптарын бұза отырып, ерекше студенттерді мемлекеттік қызметтермен тиісінше қамтамасыз етпегені анықталды.

Сапасыз білім берудегі бұзушылықтар, оқытушылар құрамының біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі, санитарлық және өртке қарсы нормалардың сақталмағаны белгілі болды.

Мекемеде мерзімі өткен азық-түліктер мен ескіру мерзімі өткен медициналық препараттарды қолданған.

Медициналық қарсы көрсетілімдері мен шектеулері бар талапкерлерді оқуға заңсыз қабылдау фактілерін біле тұра, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары тиісті шаралар қабылдамаған.

Тексеру нәтижесімен заң бұзушылықтарды жою және бала құқықтарын қорғау мақсатында облыс прокуратурасы 5 прокурорлық ден қою актісін облыс әкімдігіне және мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттеріне енгізді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: