Кенді өңірдің үні

8 Сәуір 2017, 12:10 2274

«Орталық Қазақстан» газеті туралы не білеміз?

Орталық Қазақстан өңірінің бүгінгі мәнді де сәнді өмірін, қатпар-қатпар тарихы мен мәдениетін, кемел келешегін көрсетіп келе жатқан облыстық дәрежеде қазақ тілінде шығатын жалғыз мерзімді басылым «Орталық Қазақстан» газеті болып табылады. Шыға бастағанына 85 жыл толған газеттің де өзіндік бай шежіресі бар.

Газет өткен ғасырдың 30-жылдарының басында Қарағанды көмір бассейні қауырт игеріле бастаған шақта дүниеге келді. Алғашқы саны 1931 жылдың 4 қазанында жарық көрген екен.

Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» қоғамдық-саяси газеті.1931жылғы 4 қазаннан бастап шығып келеді. 2006 жылы облыс жұртшылығы газеттің тұңғыш номері шығуының 75 жылдығын салтанатты түрде атап өтті. Кеңестік кезеңде облыстық, қалалық парткомның, қалалық, облыстық аткомның органы болды, тәуелсіздік жылдары құрылтайшысы – облыс әкімінің аппараты. Қарағанды таскөмір бассейнінің қауырт игеріле бастауына байланысты бастапқыда «Қарағанды пролетариаты» деп аталған. Қарағанды облыс орталығына айналғаннан кейін 1938 ж. «Советтік Қарағанды» деген ат алды. 1963 ж. 1 мамырдан – «Орталық Қазақстан».

Газеттің негізін қалауға қазақтың көрнекті жазушылары Ғ.Мұстафин, Ә.Әбішев, С.Ерубаев елеулі үлес қосты. 1933-35-жылдары С.Мұқанов, Б.Майлин (бірнеше рет) Қарағандыға арнайы келіп, шахтерлер өмірінен шығармалар жазды, редакция қызметкерлеріне баға жетпес көмек көрсетті. Газет 1943 ж. ақындар айтысының қайрадан жандануына ұйтқы болды. Қазақ журналистикасының белгілі қайраткерлері Ж. Орманбаев, Т.Нұртазин, Ә.Қарағұлов, К.Үсебаев, Б.Тәйкіманов, Ә.Бөлдекбаев, Р.Сағымбеков, А.Ахметәлімов, Н.Оразбеков әр жылы осында басшы қызметте болды, жас қаламгерлерді тәрбиеледі. Өзінің 75 жылдық даңқты тарихында газет республиканың индустриалды жүрегі – Қарағанды өңірінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жазып көрсетуде көрнекті табыстарға жетті.

Оның алғашқы ұйымдастырушы редакторы Хамит Садықов болды. Арада үш ай өткен соң газет тізгінін Бәри Мәзитов алды. Одан кейінгі жылдары қалалық газеттің редакторы республикаға танымал қаламгерлер Жұмабай Орманбаев, Сейілбек Үсенов сияқты қазақ журналистикасының аға буын өкілдері болды.

Газеттің өткен шежіресіне көз жүгіртсек, осы редакция қабырғасында есімі жалпақ жұртқа жақсы танымал көптеген қаламгерлердің қызмет атқарғанын көреміз.

1936 жылдың тамыз айында орталығы Қарағанды қаласы болып Қарағанды облысының құрылуына орай газет облыстық дәрежеге ие болды. 1963 жылы Хрущевтің  атышулы реформаларына сәйкес газет селолық обком мен облатком  органы болып, содан атын «Орталық Қазақстанға» ауыстырады, орыс тілінде 1963-64 жылдары дербес шығып тұрған  сыңары - «Центральный  Казахстан» газеті екеуіне ортақ редактор болып қазақтың тамаша публицисі Ә. Бөлдекбаев тағайындалады.

Газеттің Орталық Қазақстан аймағының экономикасы мен мәдениетін дамыту ісіне үн қосты. Қарағанды мен Балқаштың, Жезқазған мен Қаражалдың, Қарағайлы мен Теміртаудың қам-қарекетін қоса толғады. «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде Қарағанды көмір кеніші тәрізді Қазақстан Магниткасының, Ертіс-Қарағанды каналы сияқты алып құрылыстардың жылнамасы жасалды. Қарағандыда Қазақстандағы екінші университет, тұңғыш қазақ бала бақшасы ашылғанына да қуанған, алақайлап, елге сүйіншілеп жар салған да осы газет болатын.

Қазір «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Мағауия Сланбекұлы Сембаев. Ол 1976 ж. ҚазМУдің журналистика факультетін бітірген. Облыстық Мәслихаттың 111 және 1У шақырылымының депутаты (2003 жылдан). Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері. ҚР төрт мерекелік медалімен марапатталған. 2009 жылы бас редакторлардың Г. Толмачев атындағы сыйлығының лауреаты.

Газет тағдыры ел тағдырымен сабақтас. Баспасөздің абыройлы борышы – халықтың басынан қандай дәурен өтсе, соны айна-қатесіз көрсету. Олай болса, алғашқы санынан бастап қазыналы өлке өңірінің айнасына айналған «Орталық Қазақстан» газеті де Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеу жолының барлық қызығы мен қуанышын, қиындықтарын елмен бірге көтеріп, ақпарат айдынынан өз орнын  алып келеді.

Гүлім Қуанышова

Бөлісу: