Кен Кизидің ең танымал шығармасы театр сахнасында

6 Маусым 2018, 20:48 5813

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «7+1» драмасының премьерасын ұсынады

Астана қаласының 20 жылдығына орай шаралар легі басталып та кетті. Бұл аптада өнерсүйер қауымының қуануына тағы бір себеп - Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «7+1» драмасының премьерасын ұсынады.

Спектакль американдық жазушы Кен Кизидің ең танымал шығармаларының бірі «Көкек ұясының үстінен ұшып өткенде» («Пролетая над гнездом кукушки») негізінде қойылмақ. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков, қоюшы суретшісі – Ерлан Тұяқов, хореографы – Салтанат Жолымбаева.

Бұл қойылым театр репертуарындағы ерекше спектакльдердің бірі болмақ. Бестселлерге айналған роман Милош Форман фильм-драмасына 5 «Оскар» әперген болатын. Романды 1963 жылы Дейл Вассерман театр қойылымына лайықтады.  Time журналы бұл романды 1923-2005 жылдар аралығында жарияланған ағылшын тілді 100 үздік шығармалар тізіміне енгізді.  Туынды сюжеті психиатриялық ауруханада өтеді. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының режиссері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков жазушы Кен Кизидің романы негізінде адам және қоғам туралы көрерменге ой салатын қойылым жасады. Бұл әлемге танымал туынды еліміздің театры сахнасында тұңғыш рет қазақ тілінде сахналанып отыр. Шығарманы аударған Әлімбек Оразбеков.

Бас кейіпкер Макмерфидің күрескерлік дүниетанымы: «Рухың күшті адам болғың келсе, бар нәрсенің күлкілі жағын көруді үйрен». Ол емханада шерменде өмір кешкен жандарға «Мың күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейтін қағиданың шындығын ашып берді. Бұл жолда Макмерфи құрбан болып кеткенімен, оның азаттыққа деген сүйіспеншілігі басқалардың сана-сезімдеріне айтарлықтай өзгеріс әкелген еді. Кен Кизидің авторлық идеясы бойынша, оқиға орын алатын жындыхана әлемнің бір шағын моделі, үлгісі сияқты.

Ертеңнен бастап қойылатын бұл премьерада өнерсүйер қауым Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының белді артистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұркен Өтеуілов, Мейрам Қайсанов, Боранбай Молдабаев, танымал театр және кино актрисасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербек, театр және кино актері Ержан Нұрымбет, Самат Байыров, Аманжол Молдахмет және -  Жанат Оспанов, Шах-Мұрат Ордабаев және тағы да басқа актерлардың ойынын тамашалайды.  

Қызықты фактілер:

- Қойылымды дайындау барысында образдарды шынайы сомдау үшін Қаллеки театрының актерлері психикалық диспансерге барды.

- Ағылшын тілінде cuckoo сөзі тек көкек сөзін ғана емес, жынды мағынасын да береді.

- Әпкесі Рэтчед (Ratched) есімі ағылшынша wretched – байғұс, сүмелек сөзімен үндес. Роман басында Макмерфи әпкесінің есімін «Rat-shed» деп те айтады (ағыл. rat — егеуқұйрық).

- Роман Америка Құрама Штаттары аумағында тыйым салынған топ-листке кіреді. Сонымен қатар бұл тізімге танымал «Ұлы Гетсби», «Улисс» және “Қара бидай арасындағы құрдым” туындылары кіреді.

Бөлісу: