Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті. Министрдің сөзінше, қазіргі таңда 3 мың 200 шақырым жолға ақылы жүйе енгізілген. 11 айдың қорытындысы бойынша 26 млрд 500 млн теңге қаражат түскен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жыл сайын еліміздегі жолдарды күтіп ұстауға 60 млрд теңге көлемінде қаржы қажет етіледі. Осы орайда республикалық бюджетке түсетін салмақты азайту мақсатында ақылы жолдардың көлемін кезең-кезеңімен енгізудеміз. 2029 жылға дейін реконструкциялау жұмыстарының аяқталуына қарай мұндай жолдардың көлемі 11 мың шақырымға жеткізілетін болады, – деді көлік министрі.
Сондай-ақ Марат Қарабаев Қазақстандағы ақылы жолдар тарифтері, жақын және алыс шетелдермен салыстырғанда ең төмен екенін тілге тиек етті.
Соңғы уақытта транзиттік ағынның өсуіне байланысты жөнделген жолдарды нормативтік жағдайда сақтау үшін жол ақысын қайта қарау бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Ақылы жүйе, бірінші кезекте, транзиттік көлік құралдарынан қаражат жинауға бағытталғанын ескере отырып, отандық тасымалдаушылар үшін ай сайынғы және жылдық абоненттік төлем көзделген, – деді көлік министрі Марат Қарабаев.