Келесі жылы қазақстандықтар декларация тапсырмайды

19 Қараша, 10:32 505

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде жеке тұлғалар кірістері мен мүлкін міндетті декларациялаудан босатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Премьер-министр Олжас Бектенов қаржы министрінің осы санаттағы жеке тұлғалардың 90%-ын декларациялаудан босату туралы ұсынысын қолдады.

Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекет басшысының Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында берген тапсырмалары аясында жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау мәселесі қаралды.

Қаржы министрі Мәди Такиев бүгінде алғашқы үш кезеңде жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 4,8 млн адам, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, коммерциялық ұйымдар, квазимемлекеттік сектор басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары енгенін хабарлады.

Қалған санаттағы азаматтардың (жеке құрылымдар қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқа да тұлғалар) 8 млн-ға жуық адамның декларация тапсыру міндеттеріне қатысты қаржы министрі деректер базасын цифрландыруды және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамытуды ескере отырып, аталған санаттағы азаматтарды активтері мен міндеттемелері туралы декларациялар тапсырудан босатуды ұсынды.

Босату осы санаттағы жеке тұлғалардың 90%-дан астамына әсер етеді. Декларациялауды келесі санаттағы тұлғалар үшін сақтау ұсынылады: ҚР тысқары жерлерде активтері бар; бір жыл ішінде құны 20 мың АЕК (74 млн теңге) астам сомаға сатып алулар жасаған; дербес салық салынатын табыс алған.

Азаматтарға ерікті түрде декларациялау құқығы берілетінін атап өткен жөн.

Премьер-министр Олжас Бектенов аталған ұсынысты қолдап, Қаржы, Ұлттық экономика және Әділет министрліктеріне үш күн ішінде заңнамаға қажетті түзетулер дайындауды және оларды Парламенттің қарауына енгізуді тапсырды.

Қазір декларацияны 4 миллионнан астам адам тапсырады. Олардың арасында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор мен бизнес өкілдері бар. 2025 жылы барлық қалған санаттағы азаматтар декларация тапсырады деп жоспарланған болатын. Бұған халық алаңдаушылық білдірді, сондықтан аталған мәселеге мемлекет басшысы өзінің назарын аударды.Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың деректер базасы барынша цифрландырылған. Қаржылық және валюталық бақылау күшейтілді. Халықаралық келісімдер шеңберінде шоттар бойынша деректер алмасу жолға қойылды. Цифрлық қызметтер кең таралған. Сондықтан жалпы алғанда, жеке тұлғалардың активтері бойынша барлық ақпарат бар.

Қаржы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері тіркеу және салықтық бақылау үшін барлық цифрлық базалардан, оның ішінде екінші деңгейлі банктерден мәліметтер алуды қамтамасыз еткені жөн. Сондықтан мен 2025 жылы азаматтардың қалған санаттарын активтер туралы декларацияларды міндетті түрде тапсырудан босату туралы қаржы министрінің ұсынысын қолдаймын, - деп атап өтті премьер-министр.

Қаржы министрі Мәди Такиев мемлекет басшысының жалпыға бірдей декларациялау тәсілдерін қайта қарау жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы баяндады.

Мәселен, жүйенің төртінші кезеңіне сәйкес, 2025 жылы 8 млн-ға жуық қазақстандық оның қатысушылары болады. Бұл жеке құрылымдардың қызметкерлеріне, зейнеткерлерге, үй шаруасындағы әйелдерге, студенттерге және азаматтардың басқа санаттарына қатысты.

Автоматтандырылған салықтық бақылау мүмкіндіктерін ескере отырып, оларды активтер мен міндеттемелер туралы есептілікті ұсынудан босату ұсынылады. Бастама осы санаттағы жеке тұлғалардың 90%-дан астамына әсер етеді.

Бұл ретте декларациялауды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде активтері бар, бір жыл ішінде құны 20 000 АЕК астам сатып алулар жасаған, өз бетінше салық салынатын табыс тапқандар үшін сақтау ұсынылады. Бұдан басқа, азаматтарға ерікті түрде декларациялау құқығы беріледі, — деп атап өтті министр.

Жеке тұлғалардың қолда бар активтерін тіркеу үшін барлық цифрлық дерекқорлардан, оның ішінде екінші деңгейдегі банктерден мәліметтер алу тетігі қамтамасыз етілетін болады. Тиісті заңнамалық түзетулер дайындалды.

Жалпы жүйеде 4,8 млн қазақстандық тіркелген. 2024 жылы декларация ұсынбаған немесе салық кезеңін ұсынбаған не қате көрсеткен азаматтар 281 мың хабарлама алды. Олардың бестен бір бөлігі орындалды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: