Келес өзеніне батып кеткен оқушы қыздың денесі табылды

11 Мамыр 2023, 10:00 979

Түркістан облысы Келес ауданында суға батып кеткен 11 жастағы оқушы қыздың мәйіті табылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Ол Ошақты каналына құлап кетіп, содан қайта шыға алмаған. Оқиға Абай ауылында орын алған. Сол уақытта жасөспірімнің қасында болған құрбысы оның ойнап жүріп, абайсызда суға батып кеткенін айтқан. Қыз баланың мәйіті, құлаған жерінен төмен қарай 5 шақырым жерден табылып, судан шығарылды.

Келес аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Шыңғысхан Уатбаевтың айтуынша, 4 сынып оқушысын іздестіру мақсатында Төтенше жағдайлар басқармасынан екі қызметкер, өрт сөндіру бөлімінен төрт қызметкер, полиция бөлімінен сегіз қызметкер, жергілікті атқару органдардан төрт қызметкер және туыстардан 12 адам іздестіру жұмыстарына жұмылдырылды. Іздестіру кезінде Ошақты каналының суы уақытша тоқтатылып, түсіп кеткен жерінен шамамен 5 шақырым жерден қыздың денесі төрт сағаттан кейін шығарылды.

Равиль Ашығали
Бөлісу: