Келер жылы ҚХА 30 жылдығына орай 150-ден астам іс-шара өтеді

12 Қазан, 06:26 527

2025 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай 150-ден астам іс-шара өтеді. Бұл туралы Астана қаласының Достық үйінде ҚХА кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚХА кеңесінің мүшелері, сондай-ақ ҚХА этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық құрылымдарының өкілдері қатысты.

Кеңес отырысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ 2025 жылы ҚХА-ның 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жұмыстары талқыланды.

ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов өз сөзінде ҚХА қайырымдылық акцияларына белсенді қатысатын Ассамблеяның белсенді мүшелеріне алғысын білдірді. Әрі ол қазақстандық қоғамның бірлігін нығайтуға, сонымен бірге жастарымызда дұрыс құндылық бағдарларын қалыптастыруға ықпал ететін ҚХА-ның 13 арнайы жобасын іске асыру барысын атап өтті.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова 2025 жылы ҚХА-ның 30 жылдығына жоспарланған іс-шаралар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Атап айтқанда, ол Ассамблеяның 30 жылдығын мерекелеу аясында елімізде және шетелде кемінде 1,5 млн адамды қамти отырып, түрлі форматтағы 150-ден астам іс-шара ұйымдастыру жоспарланып отырғанына тоқталды,-делінген министрлік мәліметінде.

Отырыста ҚХА кеңесінің мүшелері ҚХА республикалық Этномедиация кеңесі мен шығармашылық ұжымдарының қауымдастығы, студенттік ҚХА, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі жанындағы Жас ғалымдар клубы туралы ережелерді бекітіп, Ассамблеяның қоғамдық наградалары туралы шешімдерін мақұлдады.

Перизат Саденова
Бөлісу: