Келер жылдың соңында Boeing ұшақтары Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей қатынайды

28 Шілде, 18:19 470

Қазақстандық делегация цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің басшылығымен Сиэтлде Boeing компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сапар барысында делегация Boeing ұшақтарын құрастыру өндіріс процесімен танысты.

Министрлік мәліметінше, кездесуде қазақстандық авиакомпанияларға ұшақтар жеткізу мәселелері талқыланып, Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейс үшін алғашқы Dreamliner ұшағын жеткізу 2025 жылдың соңына жоспарланғаны расталды. Бұл оқиға Қазақстанның әуе паркін нығайтуға және елдегі әуе тасымалының деңгейін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, Boeing делегацияны компанияда жүргізіліп жатқан цифрлық трансформация процесімен таныстырды.

Boeing компаниясы азаматтық, әскери және ғарыштық ұшу аппараттарын шығаратын әлемдегі жетекші аэроғарыштық технологиялар өндірушісі болып табылады. Boeing-тің өндірістік қуаттары әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан және компания инновациялық шешімдерімен, жоғары сапа стандарттарымен танымал.

2023 жылы Boeing шамамен 80 миллиард доллар табыс тапқан. Әлемде әр 2 минут сайын Boeing ұшағы көкке көтеріледі.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: