2 желтоқсанда Алматы облысы Кеген ауданының орталығында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке арналған ескерткіш-бюсттің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық әкімдік мәліметінше, бұл іс-шара мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Сонымен қатар Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілді.
Ескерткіштің ашылу рәсімі Заманбек Нұрқаділов атындағы өнер мектебінің алаңында ұйымдастырылды. Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, танымал тұлғалар мен қайраткердің отбасы мүшелері қатысты. Ескерткіштің ашылуын облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов, қоғам қайраткерлері Тоққожа Естенов пен Болат Нұрғазиев ашып, Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов бюстің ашылу рәсімін орындады.
Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде қайраткердің ел дамуына қосқан зор үлесін атап өтіп, оның еңбегінің ұлт тарихында мәңгі сақталатынын жеткізді:
Бұл ескерткіш – халқымыздың қайраткерге деген шынайы құрметінің белгісі. Ұлт жанашыры ретінде Заманбек Нұрқаділов ел егемендігінің нығаюына елеулі үлес қосты. Осындай тұлғалардың еңбегін ұрпаққа мұра ету – біздің ортақ парызымыз. Сондай-ақ, биіктігі 4,5 метр болатын бұл туындының авторлары Айдос Бүркітбаев пен Тимур Нұрмұхаметовке алғысымызды білдіреміз.
Салтанатты рәсімнен кейін қатысушыларға Заманбек Нұрқаділовтің өмірі мен қызметі туралы «Не только о себе» атты кітаптың 300 данасы таратылды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram