«Кеген, Нарынқол және Ұйғыр аудандарындағы елдің жанайқайы». Мәжілісмен жол мәселесін көтерді

14 Ақпан, 15:55 854

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Алматы облысындағы үш ауданның халқын әбігерге салған жол мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген жиынында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру үшін белсенді жұмыстар қажет. Жалпы, жол саясатындағы мақсат біреу – республикалық немесе аймақтық жол болсын, бәрі сапалы болуы керек. Әзірге жағдай мәз емес», - деген баға берген болатын. Бұған дейін де мемлекет басшысы Қазақстандағы жолдарды құрақ көрпеге теңеген еді. Әлі күнге дейін салада салғырттықтар аз емес.

Депутаттың айтуынша, Алматы облысындағы аудандарда жол мәселесі ақсап тұр.

Жол – Қазақстанның қантамыры! Тамырдан ақау кетсе адам ағзасы қандай апатқа ұшырайтыны өзіңізге мәлім. Жол азабын жүрген біледі. Осы орайда сол азапты күнде бастан кешіп жатқан Алматы облысы Кеген, Нарынқол және Ұйғыр аудандарындағы елдің жанайқайын жеткізгім келеді. Бұрын да айтқам, тағы айтуға тура келді. Өйткені, нәтиже жоқ! Жалпы, Кеген ауданы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 215 шақырым, - дейді депутат.

«Көкпек-Кеген-Түп» республикалық маңызы бар автокөлік жолы 1968 жылы салынған. Осы жолдың Кеген асуынан Кеген ауылына дейінгі жолға 2021-2022 жылдары «КазАвтоЖол» ҰК орташа жөндеу жұмыстарын жүргізген, жоба құны - 875,4 млн теңге.

Жауапкершіліксіз мердігердің кесірінен сонша қаржы желге ұшты да кетті. Жыл өтпей жолдың асфальт жабындысы толығымен бұзылып, қайтадан таз қалпына түсті. 2022 жылы осы учаскілерде 18 жол көлік оқиғасы тіркеліп,  ай-күннің аманында 43 адам жарақаттанып, 10 адам қаза тапты. 2023 жылы 6 жол көлік оқиғасы болып, 27 адам жарақаттанып, 2 адам бақилық болды. 2022 жылы Ақсай ауылынан Кеген асуына дейінгі «Көкпек-Кеген-Түп» республикалық маңызы бар жолының және Қарқара ауылынан Қырғыз шекарасына дейінгі  аралыққа күрделі жөндеу жұмыстары 2017 жылы басталып, айналдырған 23 шақырымға 3 млрд. 296,0 млн. теңге жұмсалған жоба 2023 жылы зорға аяқталған, - дейді мәжілісмен.

Кеген мен Нарынқолдың арасын жалғайтын республикалық 70 шақырымдық жол халық үшін қияметтің қылкөпірінен кем болмай тұр.

Кезінде уақытша жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жерге барып, жолдың ой-шұқырын аяғымен таптап жүрген жолшылардың тірлігін өз көзімізбен көріп, жер шұқығанбыз. Жалпы ел ішінде «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен өңірдегі филиалдарына елдің наразылығы аз емес. Саладағы жемқорлық мәселесі жолдың да, халықтың да титығын шығарып болды. Ұйғыр ауданы аумағындағы Шонжы-Көктал арасын жалғайтын 40 шақырымдық жол өңір тұрғындарының әлеуметтік тауқыметіне айналды. Күйреген көлік, жұқарған жүйке, қосалқы бөлшек күтіп жолда қалған жүргізуші, жол күткен бала-шаға, - дейді Жанарбек Әшімжан.

Талқаны шыққан тас жолға ашуланған халық екі мәрте Қайқы асуын жауып, наразылығын да білдірді. Алайда бүгінгі күнге дейін «КазАвтоЖол» ҰК тарапынан ешқандай қозғалыс жоқ.

Алматы облысының таулы аймағы туризмді дамытуға өте қолайлы. Туризм кластерін дамытуды мемлекет басшысы да бірнеше мәрте айтты. Алайда, ойдым-ойдым жолда қарыс қадам жүре алмай жүрген жұрт туризмді емес, үйіне тура жетуге зар. Сондықтан, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік аталған аудандарда арнайы тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесін халыққа хабарлап, тиісті шаралар қолдануын, ал жолға жауапты министрлік жоғарыда көрсетілген республикалық және аймақтық маңызға ие жолдарға кешенді сараптама жасап, жеделдетіп халық игілігіне сапалы жол ұсынуын  сұраймын!, - дейді депутат.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: