Кедендегі олигополиямен күрес: 7 оператордан шамамен 60 млрд теңге өндіріліп алынды

21 Қыркүйек 2022, 18:26 1075

Комиссия жұмысының үш айы ішінде барлығы 523 млрд теңгеге мемлекетке келтірілген залал өтелді және активтер қайтарылды

Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия Үкімет актілері мен сот шешімдерін, оның ішінде мемлекеттік активтерді олигополиялардың пайдасына жекешелендіру және иеліктен шығару туралы шешімдерді зерделеуді жалғастыруда, деп хабарлайды El.kz комиссияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек хабарлағандай, қабылданған шараларға байланысты олардың кейбіреулері бойынша нәтижелер бар.

- Бұрын хабарланғандай, Бас прокуратура жүргізген тексерулердің қорытындысы бойынша 10 уәкілетті экономикалық операторға 107 млрд теңге кедендік төлемдер мен салықтар қосымша есептелді. 

Биыл тамызда 6 оператор («Almobi Group», «Ехргеѕѕ Кеден Сервис», «Group of the companies TDA», «Ai-To Progress», «Global Logistics Ved» және «TL NIKA кеден» ЖШС) бюджетке 2,7 млрд теңгені өтеді. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі «Tex Alliance» ЖШС-ға қатысты тергеп-тексеру аясында қабылдаған шаралардың нәтижесінде биыл 2-15 қыркүйек аралығында 56,9 млрд теңге өндіріліп алынды, - деді Зейін Әліпбек.

Бұдан басқа, қадағалау актісі бойынша мемлекет кірісіне «КазГерСтрой БК» ЖШС-дан Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімдігі алдындағы міндеттемелерін орындамағаны үшін 330 миллион теңге мөлшерінде залал өндіріліп алынды. «Қызылжар орман шаруашылығы» КММ мемлекеттік мүлкі СҚО әкімдігінің теңгеріміне қайтарылды, ол 149 миллион теңгеге «TranscomLTD» ЖК-ніңпайдасына заңсыз иеліктен шығарылған. Сатып алу-сату шарты бұзылды.

Комиссия жұмысының үш айы ішінде барлығы 523 млрд теңгеге мемлекетке келтірілген залал өтелді және активтер қайтарылды.

Бөлісу: