Қазіргі қазақ баспасөзіндегі жаңа атаулар мен терминдер қолданысындағы өзекті мәселелер

9 Қыркүйек 2017, 16:48 13612

Басты кемшілік – ресми бекітілген терминдердің бірнеше нұсқасының жарыса жұмсалуы

Бұл мақаладағы атауларды қазіргі баспасөз беттерінен жинаудағы мақсат – соңғы 15-20 жыл көлемінде жасалған жаңа атаулар мен жаңа қолданыстардың және Мемтерминком ресми бекіткен терминдердің жұртшылық тарапынан баспасөзде қаншалықты қолданылып, тілдік айналымға түсе бастағанын анықтау болатын. Жоғарыда біз жаңа қолданыстар мен кейінгі жылдары жасалғанымен жаңалығы ұмытыла бастаған кейбір атаулардың жасалу жолдарына тоқталсақ, енді олардың қолданысында кездесетін кемшіліктерге назар аударамыз.

Қазіргі баспасөзде кездесетін жаңа атаулардың қолданысындағы орын алып жүрген кемшіліктің ең бастысы – ресми бекітілген терминдердің бірнеше нұсқасының жарыса жұмсалуы. Бүгінгі баспасөз беттерінен жинақталған жаңа атауларды сараптағанда мынадай сөздердің жарыса қолданылып жүргендігі анықталды:

Администратор – әкімші, әкімгер: акимат – әкімдік, әкімият: мобильный (сотовый) телефон – қалтателефон, ұялы телефон, қалтафон; интернет – әлемтор, ғаламтор; стюардесса – әуесерік, аспансерік; глобализация – ғаламдану, жаһандану, ауқымдану; транспортная пробка – кептелек, кептеліс, тығын, тығырық; семья –отбасы, жанұя; публицистика – көсемсөз, қоғамсөз, замансөз, мәндісөз; кресло – орынтақ, күрсі; медсестра – медбике, мейірбике; наушник – тыңдауыш, құлақкигіш, құлақілдірік; микрорайон – мөлтекаудан, ықшамаудан, шағынаудан; петиция – арыз-тілек, құзырхат; ремень безопасности – қауіпсіздік белдігі, қорғаныш белбеу; прорывные проекты – серпінді жобалар, шепбұзар жобалар; фонтан – субұрқақ, бұрқақ; казино – ойынхана, құмархана; патриотизм – отаншылдық, отансүйгіштік, елжандылық; огнестрельное оружие – атыс қаруы, отты қару т.б.

Бұл келтірілген мысалдардың арасында ресми бекітілгені де, біраздан бері қолданылып жүргенімен бекітуге ұсынылмағандары да, сондай-ақ жұртшылыққа аса таныс емес әлі сараптан өте қоймаған жаңа қолданыстар да бар. Бұлардың арасындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы тарапынан ресми бекітілгендері мыналар: әкімші, әкімдік, жаһандану, отбасы, ықшамаудан. Соған қарамастан, осы бекітілген атаулардың әкімгер, әкімият, ғаламдану, жаһандану, ауқымдану, жанұя, мөлтекаудан, шағынаудан нұсқалары баспасөз беттерінде жарыса қолданылып келеді.

Мұның себебі не? Жалпы біздегі ресми бекітілген терминдердің бірізді қолданылмауының негізгі екі түрлі себебін атауға болады. Біріншісі – бекітілген терминдерді жұртшылыққа жеткізіп, олардың қолданысын қадағалап, үйлестіріп отыру жұмыстарының тиісті дәрежеде жүргізілмеуі. Екіншісі – терминдерді жасау, сараптау, ұсынылған нұсқалардың арасынан сәтті жасалғандарын іріктеп алу және бекіту жұмыстарының кәсіби тұрғыда жүзеге асырылмауы. Бізде тілді жақсы білетін термин шығармашылығына өз үлесін қосып, көптеген сәтті терминдер жасап, терминологиялық сөздіктер шығарып жүрген практиктер, сала мамандары бар. Алайда соған қарамастан, бүкіл термин шығармашылығын ұйымдастырып, оынң барысын қадағалап, жетістіктерін үлгі ретінде ұсынылып, кемшіліктерін түзетіп отыратын кәсіби мамандар шоғырланған орталық құрылымның болмауы бұл істің жүйелі түрде жүзеге асуына мүмкіндік туғызбай отыр. Сондықтан, бекітуге ұсынылған терминдер немесе белгілі бір сала мамандары дайындаған терминологиялық сөздік жан-жақты талданбайды. Мемтерминком қарауына үстірт, формальдітүрде сараптан өтіп келген терминдер мен терминологиялық сөздіктер ұсыныла береді. Ал Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы мемлекеттік терминология комиссиясы мәртебесі зор комияссия болғанмен ол да тұрақты түрде жұмыс істейтін, тек терминология мәселесімен ғана айналысатын құрылым емес. Оған тек терминтанушы, терминограф, терминшілер ғана емес, жалпы филологиялық білімі барлар да, журналистер мен ақын-жазушылар да, қызметтік міндетіне сәйкес лауазымды тұлғалар да мүше бола алады. Оны қазақ тілін өте нашар білетін басшылар басқарып, құрамына тіл білмейтін, терминология мәселелерінен еш хабары жоқ мүшелер енгізілгенін де өз көзімізбен көрдік.

Біз терминология мәселелерімен осы істің мән-жайын жетік білетін кәсіби маманданған кадрлар айналысатын жағдайға әлі жете алмай отырмыз. Сондықтан да осындай мәртебелі комиссияның бекіткен терминдерінен шикіліктер шығып қалып жатады. Бекітілген терминдерді жұртшылыққа таныстырып, олардың қолданысын қадағалау жұмысы да осы уақытқа дейін бірқалыпты іске асып, бір ізге түсе қоймаған. Бекітілген терминдердің қолданысын қадағалау тетігі мүлде жасалмаған деуге болады. Терминдерді жасау, оларды талқылау мен бекіту, қолданысын қадағалау тетігі мүлде жасалмаған деуге болады. Терминдерді жасау, оларды талқылау мен бекіту, қолданысын қадағалау кәсіби тұрғыдан жүзеге асырылмаған соң, жетілдірілген терминжүйе қалыптастыру жолындағы атқарылып жатқан жұмыстардың кемшіліксіз әрі нәтижелі болуы қиын екендігін дәлелдеп жату артық болар. Бекітілген термндердің бірізді қолданылмауы не олардың о баста дұрыс бекітілмегендігінен, не дұрыс жасалып, орынды бекітілген терминнің қолданысын қамтамасыз ете алмаудан екендігін ашып айтпасқа болмайды. Терминологиялық жұмыстарды орталықтандырылған түрде кәсіби тұрғыдан жүзеге асырмасақ, мұндай кемшіліктер орын ала беретіндігін біз үнемі айтып, тиісті органдар алдына шешімін табуы тиіс мәселе ретінде қойып-ақ келеміз. Бірақ әзірге одан айтарлықтай нәтиже шығып жатқаны шамалы. Терминологиялық жұмыстарды республикалық деңгейде үйлестіру ісі шешімін таппай, соған сәйкес бұл саладағы қордаланған мәселелер күннен-күнге, жылдан-жылға артқан үстіне арта түсіп отыр.

Ал ресми бекітілмеген атаулар мен термин сөздердің баспасөзде жарыса қолданылуына келсек, бұл құбылысты шектеудің реті жоқ. Тек терминдер жарыспалылығын тым ұзаққа созып алмай, қолданыста жүрген нұсқалар арасынан сын мерзімнен өтіп, терминге қойылатын талаптарға сай келетінін таңдап алып ресми бекітіп отыру қажет. Ал таңдаудан өтпегендерін ұсынылмаған, қолданысына тыйым салынған (немесе шектелген) атаулар қатарына қосып отыру арқылы орынсыз жарыспалылыққа жол берілмеуін қамтамасыз етуге болады. Жоғарыдағы мысалдағы әлі бекітілмеген жарыспалы атауларға қатысты осы жұмыстар енді жүргізілуі керек.

Бұл аталғандармен бірге қазіргі термин шығармашылығы мен олардың қолданысында орын алып жататын өзге де кемшіліктер бар. Айталық, орыс немесе өзге шет тілінен енген дара тұлғалы терминдерді екі немесе үш сыңарлы термин түрінде сипаттай аудару кездесіп жатады. Мысалы, «распродажа» деген атауды қазақша «арзан сатылым» деп екі сөзбен беру термин ықшамдылығы тұрғысынан да мағыналық тұрғыдан да ұтымды жасалған дей алмаймыз. Экономикалық сөздіктерде бұл терминді сондай-ақ «жаппай сату», «сатып жіберу», «көтере сату» түрінде жарыстыра беріп жүр. Кейде екі ұғымды бір сөзбен атау сияқты кемшілік те байқалып жатады. Мәселен, баспасөз беттерінде «конференцияны» да, «маслихатты» да – «мәслихат» деп қолданылу ұшырасып жатады.

Біз сөз өтіп отырған уақыт көлемінде кірме сөздерді орыс тіліндегі қалпында жазу дәстүрі қатаң сақталмай, өткен ғасырдың басындағыдай өз тіліміздің дыбыстық жүйесіне икемдеп жазу үрдісі біртіндеп жанданып келе жатқандығы байқалып отыр. Мысалы: мәскеу, зауыт, еуропа, жорнал, нөмір, рөл, мәшине, пәлте сияқты көптеген сөздердің БАҚ беттерінде жазылуы соның көрінісі. Сондай-ақ кейінгі жылдары өткен мәжілістерінде Мемлекеттік терминология комиссия орыс тіліндегі қалпында жазылып келген бес-алты терминді кәбіл (31.03.2004.), режім (25.12.2004), төкір, сілесір (6.09.2005.) станса, тәбіл түрінде ресми бекітті.

Алайда ҚР Мемлекеттік терминология комиссиясы мақұлдауымен 2007 жылы өте үлкен (100 000 – жүз мың дана) таралыммен соңғы жарық көрген орфографиялық сөздікте кабель, кабельге, кабелі, рельс, рельске, рельсі, слесарь, слесарьға, слесары, табель, табельге, табелі, токарь, токарьға, токары түрінде берілуін түсіну қиын. Өйткені Мемтерминком аталған терминдерді қайтадан бұрынғыша жазу туралы шешім шығарып, осыған дейін шығарған шешімін өзгерткен жоқ. Ендеше, бұл кірме атаулар Мемтерминкомның 2004, 2005 жылдары шығарған шешімдеріне сәйкес берілуі тиіс еді. Сөздіктің алғысөзінде де бұл атаулар жөнінде бір ауыз сөз айтылмаған. Сөздіктің алғашқы бетінде «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік терминология комиссиясы мақұлдаған» деп жазылған. Мемтерминком өздері ресми бекіткен терминдерді өздері мақұлдап отырған сөздікте басқаша (бұрынғыша) беруін қалың жұртшылыққа түсіндіруді қажет деп санамапты. Енді аталған атауларды жүз мың таралыммен шыққан орфографиялық сөздікке сүйеніп жазамыз ба, әлде Мемтерминкомның заңдық күшін жоцмаған шешімдеріне сүйеніп жазамыз ба, ол жағы белгісіз.

Жұрт жаппай қазақ тіліне лайықталған нұсқасында қолданылып жүрген зауыт, кәлөш, кәстөм, мәйкі, пәлте, пойыз, пошта, тауар, шенеунік, шопыр сияқты бірқатар сөздер соңғы шыққан орфографиялық сөздікке көпшіліктің айтып, баспасөзде қолданып жүрген түрінде енгізілуі тіліміздің төл заңдылығының үстемдігін қалыптастыру бағытындағы өте орынды қадам болды. Дегенмен, сөздіктің алғысөзінде мысалға келтірілген «шұрып» сөздікке енбей қалыпты.

Баспасөз беттерінде кейде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне бейімдеп жазу барысында әркелкілік, бір атауды түрліше жазу да кездесіп жатады. Мысалы, жұрнал - жорнал, станса - стансы, т.б.

Бұл айтылғандардан біз кірме сөздердің бәріне тілімізден жаңа балама тауып, қалғандарының барлығын тіліміздің фоносорфологиялық заңдылықтарына бағындырып жазып жатыр екенбіз деген қорытынды жасауға болмайды. Жалпы алғанда кірме сөздерді орыс тілінен өзеріссіз қабылдау мен жазудың кеңестік кезеңінде қалыптасқан дәстүрі сақталып отыр. Соңғы жиырма жылдай уақытта тілімізге көптеген кірме сөздер еніп, мерзімді баспасөз бен арнаулы салаларда кеңінен қолданыла бастады. Мысалы, автобан, блог, брэнд, гастербайтер, модератор, портал, сайт сынды кірме атауларды сондай сөздер қатарына жатқызуға болады. Сондай-ақ бұрын арнаулы сала тілінде ғана кездесіп, жалпы әдеби тілде өте сирек, қолданылып келген бірқатар кірме терминдер қазіргі уақытта белсенді қолданысқа көшті. Мәселен, инфляция, кластер, тендер, т.б.

Қазіргі қолданыстағы кірме сөздердің жазылуына қатысты әлі де көптеген деректер келтіруге болады. Олар жоғарыдағы біз келтірген мысалдармен ғана шектелмейді. Сондықтан алдағы уақытта тілшілер қауымы кірме сөздердің қабылдануы мен оларды ұлт тілінде жазудың біркелкі жүйесін, ғылыми негізделген жалпыға ортақ ережелерін қалыптастыруы тиіс.

Бөлісу: