Қазақстанның ең үздік 5 шипажайы

30 Сәуір 2019, 23:05 49074

Жазда қайда демаламын десеңіз...

Жаз - демалыс маусымы. Биылғы демалысты жоспарлаған қазақстандықтар жақын, алыс шетелдердің демалыс аймақтарын шолып жүрген болар. Дегенмен де отандық шипажайларды естеріңізге салып, ең үздіктерін ұсынғымыз келеді.

Бурабай

Арқада Бурабайға жер жетпейді, 
Басқа жер ойды ондай тербетпейді.
Бурабайдың көлі мен Көкшетауды
Көрмесең, көкіректен шер кетпейді деп Мағжан ақын жырлаған Бурабай бүгінгі таңда Қазақстанның ірі демалыс орталықтарының біріне айналды. Шипажай Көкшетаудың оңтүстік-шығысына қарай 75 шақырым жерде орналасқан. Арқаның жазығында таулы, орманды, мөлдір көлді сұлу Бурабайда 20 астам шипажай, профилакторий, санаторий, демалыс үйлері мен спорттық-сауықтыру лагерлері орналасқан.

Фото: Бурабай

Бурабайдың басты шипасы -  ғажайып табиғаты, қымыз, емдік саздары, минералды су және таулы орманның саф ауасы мен едік шөптердің жұпары. Мұнда негізінен тыныс алу органдары, асқазан-ішек жолдары, жүрек-тамыр жүйесі, қимыл-тірек аппараты ауруларын емдейді. Шипажайлардың бағалары да әртүрлі, қарапайым пенденің қалтасы көтеретін бюджеттіден бастап, шетелдік курорттардан сервисі де, құны да кем түспейтін қымбаттары да бар.

Бұл жерге шырай беріп тұратын Бурабай көлдері. Мұнда балықтар, шаяндар (шаяндар экологиялық таза көлдерді мекен етеді) көп. Балық аулауды жақсы көретіндер үшін нағыз жұмақ. Ал маусымнан тамыздың аяғына дейін шомылу маусымы ашық.

Шипажай аумағының жанында табиғат аясындағы музейі бар "Бурабай" мемлекеттік ұлттық парк (ауданы 130 мың га, құстардың 200 астам түрі және сүтқоректілердің 70 астам түрі бар) және Шортанды қаласында тамаша дендропарк  орналасқан.

Бурабайдың өзге курорттардан ерекшелігі мұнда қысы-жазы туристердің, демалушылардың легі сиремейді. Климат өте қолайлы, қыстың күндері қар үйілгенімен, боран мен аяз сирек. Оның үстіне Бурабайда қыста шаңғы, сноуборд тебуге арналған бірнеше ірі база бар. Казино ойын-сауық орталықтарының Шортандыға көшірілуі де құмар ойындарға қызығатындарды осы аймаққа тартты. Бурабайға Астанадан теп-тегіс, кең көлемді автобан арқылы немесе Шортанды қаласы арқылы электр пойызбен жетуге болады.      

Сарыағаш

Сарыағаш шипажайлары кеңестік кезден-ақ ТМД елдеріне танымал болды. Бұл шипалы мекен еліміздің оңтүстігінде орналасқан. Сарыағаштың басты қаруы - құрамы минералдарға бай атақты "сода" термалды қайнар көздері. Сарыағаш суы асқазан-ішек жолдары, зәр шығару, өт жолдары, бауыр, эндокринді жүйе аурулары, ауыр металлдармен созылмалы интоксикация, тері аурулары үшін таптырмас ем. Сарыағаштың жиырмадан астам шипажай кешендері емделушілерге термалды су ванналарын, азотты акротермалар, емдік саз-балшықтарды, электр тоғымен жасалатын процедураларын, жылу, парафин ванналарын, минералды сумен шаю сияқты тамаша ем-домдарын ұсынады. Ал шипажай маңында орналасқан жергілікті зауыт бұл емдік суды бөтелкелерге құйып, еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтеді.

Сарыағаш шипажайлары жыл бойы есігін айқара ашады. Дегенмен оңтүстікте орналасқандықтан шілде-тамыз айларында өте ыстық. Сарыағашқа Шымкент қаласы арқылы жетуге болады. Шымкентте шипажайға дейін күнделікті рейс автобустары жүреді әрі шипажайға апаратын такси құны да қымбат емес (Шымкент қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 105 шақырым).   

Алакөл

Алакөл суының шипалы қасиеті туралы талай естіген шығарсыз. Халық арасында бұл көлге Шыңғысхан әскерлерінен бастап кеңес одағы кезінде ғарышкерлерге дейін түсіп, емделетіні туралы әңгімелер бар. Алакөл астанадан оңтүстік-шығысқа қарай 900 шақырымда, Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының шекарасында орналасқан. Балқаш-Алакөл қазандығы Жоғ,ар Алатауы мен Тарбағатайдың тау жоталарының тізбегімен қоршалған. Бұл қалыпты температураларда өзінің құрғақтығымен танымал ерекше микроклимат түзеді. Алакөл көлдерінің жүйесіне Қошқаркөл, Ұялы, Сасықкөл, Жалаңашкөл және басқалары жатады, олардың әрқайсының құрамы, түсі өзгеше. Алакөлдің жағажайлары өзге көлдерге ұқсамайды. Қара құмды жағажай, көкшілден жасылға жақын су, қызарып атып, асықпай жан-жақты сәулелерімен мың құбылта бояйтын күн сәулесі. Меніңше осы пейзаждың өзінің емдік қасиеті орасан.  Алакөлде сұлу табиғаты тамсандыратын аралдар көп: олар Үлкен Аралтөбе, Кіші Аралтөбе, Белқұдық, Қандыарал құм және тағы басқалары. Туристерді, демалушыларды қызықтыратын судың күрделі минералды құрамы болар. Мұндағы су хлор, натрий, сульфаттар, фтор және бромға бай, тұздылығы 1,2-12 промилле. Менделеевтің кестесіндегі көптеген элементтерді құрамына сыйғызған Алакөл суы теңіс суына ұқсас және өкпе, қимыл-тірек аппараты, жүйке жүйесі, тері ауруларын емдеуге таптырмас жер. Сондай-ақ операциядан кейін күш жинау үшін де Алакөлге тартып тұруға болады. Шипажайлар Алакөл суын, саз-балшығын емдік мақсатта тиімді қолданып келеді. Көлдің маңайындағы ыстық әрі құрғақ ауа, тұзды су, тауды қаумалай өскен емдік шөптердің жұпары су маңында емделіп, демалуға жағдай жасап тұр. Жазда су температурасы +26-30ºС дейін жетеді. Алакөлге барып демалушылар саны жылдан жылға артып келеді. Оның үстіне екі жыл бұрын Алакөлге ұшақпен жету жолдары қарастырып, арнайы рейстер ашылды. Алакөлге Талдықорған арқылы немесе Семей арқылы автокөлікпен жетуге болады. Алматы қаласынан күнделікті автобустар жүріп тұрады. Коммуникация жолға қойылып, жайлы шипажайлар саны жыл сайын көбеюде. 

Алакөл тек шипалы суымен ғана емес, тұмса табиғатымен де атақты. 1998 жылдан бері Алакөлдің бір бөлігі қорыққа айналды. Мұнда сирек кедесетін балықтың 8 түрібар, ал су жағасын қаулай өскен қамыс пен құрақ жабайы мысық, ондатра сияқты жануарлардың мекендеуіне қолайлы. Көл маңайын 300 астам құс түрі (оның ішінде 38 құс Қызыл кітапқа енгізілген) мекендейді.   

Баянауыл

Баянауылды бір көрген адам мұнда міндетті түрде оралады дейді жергілікті халық. Ұшы-қиыры жоқ сары далада биіктігі 1022 метрге дейін жететін Баян таулары созылып жатыр. Таудың тастарының өзі жұмыр, адам қашағандай ерекше формалы. Тау қатпарларында Сабындыкөл, Жасыбай, Жыландыкқл, Торайғыр және өзге де көлдер жатыр. Тау мен көлдер ансамблі Қазақстандағы ең тұғыш ұлттық парк - Баянауыл паркінің құрамына кіреді. Туристер мұнда түсі ерекше көлдерді, ертегідегі кейіпкерлерге ұқсас тау тастарын, аршалы тауларды, сұлу жартастарды көре алады. Дәл Баянауыл шетінде үлкен туристік база орналасқан. Табиғатпен сырласып, емін-еркін демалғысы келетіндер палаткасын тігіп осында тоқтайды. Балықшылардың сүйікті жерлерінің бірі. Баянауыл көлдерінде қарапайым балықшының қармағына іліне бермейтін сирек балықтар көп.

Фото: Баянауыл

Мұнда өсімдіктер мен жануарлардың әлемі бай (50 астам құс түрлері және 40 жуық аңдар түрлері кездеседі) төрт табиғи аймақ бар. Сонымен қоса турбаза, демалыс үйлері, балалар лагерлері көптеп салынған. Баянауыл шипажайлары көлдердің минералды суын қолданып түрлі бальнеологиялық процедураларды ұсынады. Жыл сайын Баянауыл 100 мыңнан астам туристі қабылдайды. Оның ішінде көршілес елдерден келетін туристер аз емес. Біреуі емделуге келсе, біреулері "тарихи" саяхат жасап, ежелгі петроглифтерге барады, енді бірі жидек теріп, табиғат байлығының қызығын көреді. Шипажай кенті еліміздің солтүстік-шығысына қарай, Павлодар облысында орналасқан. Баянауылға Екібастұз, Павлодар, Қарағанды арқылы автобуспен немесе жеңіл көлікпен жетуге болады.  

Алма-Арасан

Алматының оңтүстігіне қарай 26 шақырым жерде Алма-Арасан бальнеологиялық тау курорты бар. Дәл осы жерде тау суы сай-саладан аққан сумен түйісіп, Алма-Арасан шатқалын түзеді. Іле алатауының бөктерінде теңіз деңгейінен 1800-1850 метрде шипажай кенті орналасқан. Алағашқы шипажай 1931 жылы ашылғанымен шипажайлар кешені жиырмасыншы ғасырдың соңында дамытыла бастады. Шипажай жылдың төрт мезгілінде де қонақтарын қарсы алады. Шипажай тамаша табиғат, таза ауа, көз тартар пейзажымен қоса, радонды күкірсутекті ыстық сулар (36-40ºС) мен әлсіз минералданған су қайнарларымен тартады. Шипажайдың Алматы қаласына жақындығы оның келушілерінің көптігін қамтамасыз етеді. Алматы қаласынан бір сағат ішінде шипажайға жетуге болады. Мұнда келетін туристерге табиғат аясындағы серуендер, балық аулау, трекинг  сияқты қызықтар күтеді. Алма-Арасан шипажайларында қаланың қым-қуыт тірлігінен шаршағандар 1-2 күнге тыныға алады, сонымен қатар емдік процедуралар қабылдап 10 күн, екі апталық жолдамалармен келе алады. Келетін қонақ ағынына әрі қалаға жақындығына байланысты болар, өзге шипажайларға қарағанда бағасы сәл жоғарылау. Дегенмен демалыс құны тау самалын жұтып, табиғаттың шексіз сұлулығынан ләззат алуға тұрарлық. 

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бэлла Орманбет
Бөлісу: