Қазақстандағы ең ұзын шаштың иесі

17 Қаңтар 2020, 14:42 10817

Жаңаөзендік ару бір жарым метрлік шашын күту құпиясымен бөлісті

«Сұлулық – сұмдық күш». Бұл тәмсіл бірінші кезекте нәзікжандыларға қарата айтылатыны белгілі. Ал сол арулардың ажарын айшықтап, өңін кіргізіп тұратын шашы десек артық айтқандық емес. Десе де, бүгінгі күні бұрымдылардан гөрі, келте шашты қыздардың қатары көбейген. Бұл қоғамның талабы десек те, сәніне сән қосып, қос бұрымын тобыққа жеткізгендер де бар. Сондай бұрымды бикештің бірі – Ақмоншақ Исабергенова. 14 жасынан бастап шашын өсірген ару онымен мақтанатынын айтады. Ендеше, еліміздегі ең бұрымды қыздың шаш күту құпияларымен таныс болыңыз.

Ақмоншақ жылдар бойы шашын қырықпай, оны өсіру өзінің ойы болғанын айтады. Ата-анасы тарапынан оған «шашыңды қима, өсір» деген талап қойылмаған. Ал бұрымды аруға шаш өсіру деген ой әжесінің фотосуретін көргеннен кейін пайда болған.

– Маған ата-анам ешқашан «шашыңды өсіресің» деген сөз айтқан емес. Бұл өз таңдауым. Ал бұған түрткі болған менің әжем. Дәлірек айтсам, әжемнің фотосуреті болды. Бір күні әдеттегідей отбасылық фотосуреттерді ақтарып отырып, әжемнің жас күніндегі суретіне көзім түсті. Оны бұрын көрсем де ол дәл сол кездегідей әсер еткен емес. Әжемнің сұлу бейнесін одан әрі сұлуландырып тұрған бұрымы маған өте әдемі көрінді. Содан дәл әжем сияқты шаш өсіруді қолға алдым. Қазір 14 жыл уақыт өтіпті. Шашымды келте етіп қырыққан емеспін. Тіпті, бұған қызығушылығым да болған емес, - дейді ол.  

Екі баланың анасы үлкен қызының да шаш өсіруге қызығушылығы бар екендігін алға тартты. Оның да бұрымды ару атануы үшін ақыл-кеңесін айтып отырады екен. Себебі, қыз баланың келбетін келісті ететін оның шашы дейді.

– Мен қызыма да, басқа сіңлілеріме де шаштарын өсіру туралы үгіттемеймін. Бірақ ұзын шашты құп көремін. Дегенмен, оның жақсы жақтарын айтып отырамын. Әйел затына ұзын шаш тек көрікті болудың амалы десек қателесеміз. Шаш нәзікжандылардың ішкі күш-қуатының деңгейін көрсететін өлшеуіш деп ойлаймын. Тіпті, шаш жағымды энергияны жинақтайды деген түсінік те бар ғой. Ал шашы ұзын әйел салмақты, сабырлы болады екен, - деді.

Расында, қолаң шаш қыздардың келбетін келістіріп қана қоймай, оларға рухани әрі ерекше күш-қуат береді деген көзқарас бар. Сондықтан әйелдер қауымы оған аса ұқыптылықпен, сақтықпен қараған. Қазақ ұғымында да «Шаш – Тәңірдің сыйы» деп оған үлкен мән берген. Тіпті, шаш ұзын болған сайын, оның иесі ақылды, көреген болады деген ұғым да болған. Бұрымы белден түскендердің адамгершілігі мол, мейірім мен нәзіктігі басым боп тұрған. Бұл ойды Ақмоншақ Исабергенова қос қолдап қолдайды.

– Бұл дұрыс айтылған сөз деп білемін. Өйткені, шаш – әйелдің қаруы. Сонымен бірге, бұрыңғы заманда да әйелдердің сұлулығын суреттегенде оның қолаң шашын айтпай кету мүмкін емес болған. Аналарымыздың өзі «шашыңды жайма, жинап жүр, басыңды таза ұста» деуінің өзі әйел бұрымының киелі екенін айғақтатады, - дейді кейіпкеріміз.

Десе де, Ақмоншақ 14 жыл бойы өсірген шашына ерекше күтім жасамайтын болып шықты. Керек десеңіз, 1 метр 58 см шашын бір өзі жуып, күтім жасайтын көрінеді.

– Әлгінде айтқанымдай, бұл шаштарым өзіммен 14 жыл бірге. Оның үстіне, ол бір күнде өсіп шықпағаны да анық. Сондықтан оған әбден үйренісіп алғанмын. Шашымды өзім жуып, өзім бальзамдаймын. Бұл маған ешқашан қиындық тудырған емес. Денсаулығым болып тұрса шаштарыма күтімді өзім жасайтын боламын, - дейді Ақмоншақ.

Кейіпкеріміз әрбір 3-4 айда сусабынды өзгертіп, оған шашының үйреніп кетпеуін қадағалайды екен. Шаш күтудегі басты құпиясы осы көрінеді. Аптасына екі рет ұзын шаштарын жуатын ол шампунь шақ келмей, материалдық қиындық тудырады деген ойды жоққа шығарды.

– Әрине, қысқа шашқа кеткендей менің бұрымдарыма сусабын аз кетпейді. Барынша көп болады. Бірақ бұл материалдық жағынан әсер етіп, сусабынды жиі аламын деген сөз емес. Сосын маған «осы шашыңмен қалай жүресің, қиын емес пе» дейтіндер көп. Ешқандай қиындығы жоқ. Егер соншалық қиындық тудырса, онда оны өсірмес те едім ғой, - дейді.

Ақмоншақтың сөзінше, шаштың ұзын болуында бір қиындық бар екен. Ол адамдардың көзқарасы жиі ауып, қолаң шашқа қызығушылық танытушылардың шектен шығып кететінін айтады. Тіпті, көшеде оның шашын ұстап көргісі келетіндердің қарасы қалың көрінеді. Бірақ көп адамға бұрымын ұстата бермейтін ол мұны былай түсіндірді.

– Шашыңа қызығушылық танытқаны жақсы ғой. Алайда үнемі бұның қайталануы аздап мазаңды қашырады. Әсіресе, ер адамдардың тарапынан «шашыңды ұстап көрсек» дейтіндеріне рұқсат етпеймін. Бұл орынсыз деп санаймын. Ал қыздар қауымы болып жатса, әрине келісім беруге болады, - деді ол.

Бұрымды келіншектің шашы жасанды еместігіне көз жеткізу үшін кейбіреулер оның қос өрімін тартып та көреді екен. Тіпті, суретке түсіріп, біреулер бейнежазбаға түсіреді-міс.

– Бұған соншалықты абыржимын демеймін. Бірақ көшеде өзіңді біреудің түсіріп жатуы жағымды әсер қалдырмайды. Соншалық көзге түсу үшін, елден ерекшеленуім үшін шаш өсірген емеспін. Мүмкін елімізде бұрымды қыздардың қатары көбейсе мұндай мәселе азаяр ма еді деп ойлаймын, - дейді 28 жастағы А. Исабергенова.

(Суреттер А.Исабергенованың жеке мұрағатынан)

Нұрбай Шәкім
Бөлісу: