Қазақстандағы авторлық құқық негіздері

17 Қыркүйек 2017, 16:58 11250

Шығармашылықтағы құқықтың мәні

Жалпы, бақылауға автордың идеясы емес, сол идеяны жеткізу формасы алынады. Мысалы, автор радиоқабылдағыш жасау жолдары туралы өз идеясын журналға мақала етіп жарияласа, бұл үшінші жақтағы тұлғаның дәл осы идеямен радиоқабылдағыш жасауына кедергі болмайды. Дегенмен авторлық құқыққа сәйкес, мақаладағы идеяны іске асыру үшін автордың келісімі қажет.

Авторлық құқық бойынша өнертабыстың өзіне бақылау жүргізілмейді, бірақ өнеркәсіптік меншік ретінде қорғалуы мүмкін. Негізінде идеялар авторлық құқықпен бақыланбайды. Егер де біреу өзгелердің сөзінен (халық алдында оқылған лекция т.с.с.) өз идеясын байқап қалса да, қолында идеясын іске асыратын патенті болмаса, идеяны жариялаған адамға еш қарсылық білдіре алмайды. Дегенмен идея материалдық тұрғыдан жарияланса, өлең сөзіне, музыка нотасына, суреттерге авторлық құқық пайда болады. Бірақ ол үшін туынды түпнұсқа түрінде жариялануы тиіс. Мұнымен қатар біржола тұрақталған материалдық формадағы туындылар (хат, фото, аудио және видео жазбалар және т.с.с.) бақылауга алынуы міндетті емес. Дегенмен кейбір мемлекеттер, айтар болсақ, англо-американдық құқық жүйесі қабылданған елдерде өнертабысқа бақылау қоймастан бұрын, оны тұрақтандыруды қажет етеді. Өйткені бұл әдіс сот болғанда дәлел ретінде қолданылады. Авторлық құқыққа бақылау қою өнертабыстың сапасы мен құндылығына қарамайды.

Өнертабыс жақсы болсын, жаман болсын, музыкалық немесе әдеби болғанына қарамастан бәрі теңдей қорғалады. Сондай-ақ бақылау өнертабыстың мақсатына тәуелді емес, өйткені туындының қолданылуы оның қорғалуына еш қатысы жоқ. Авторлық құқық бұзылған жағдайда санкциялар қарастырылады. Авторлық құқықпен қорғалған әрбір өнертабыстың заңсыз қолданылуы заң бойынша құқық бұзушылыққа жатады. Мұндай құқық бұзушылықтан туындаған шығынның орнын толтыру үшін санкциялар қолданылады.Бұзушылықтың маңыздылығына қарай санкциялар азаматтық және қылмыстық болуы мүмкін. Авторлық құқық  автор қайтыс болғанша қорғалуы тиіс. Автор өлімінен кейін өнертабысы белгілі уақытқа дейін, ережеге сәйкес 70 жылға дейін бақыланып, қорғалады. Бұл мерзім аяқталғасын өнертабыс бәріне ортақ мұраға айналады. Демек туындыны кез келген адам ешбір рұқсатсыз қолдана береді. Осы орайда Т. Вакуленконың "Автордың құқы бар..." тақырыпта жазылған бірнеше жағдайға тоқтала өтсек:  Журналист редактордың тапсырмасымен апталық газетке мақала дайындап қойды. Мақала жазылып, компьютердің "миында сақтаулы" тұрған. Ал осы кезде авторды дереу іссапарға жібереді де, басқа журналист дайын материалды компьютерден алып, оны өз атымен жариялап жібереді. 

Бұл жағдайда мақала авторы болып кім танылуы керек? Осындай кездерде авторлық құқықты қалай қорғауға болады? Шығарманың авторы болып оны жазған адам танылады. Шығарма дүниеге келісімен, авторлық құқық пайда болады және оның жариялануы (баспа күйінде) немесе әлі жарияланбауы маңызды емес, ол объективті формада дүниеге келсе болғаны. Сондықтан авторлық құқық оның жариялануынан соң емес, ол шығарма объективті формада пайда болғаннан бастап туындайды.  Авторлық құқықты қорғайтын объективті форма деп, оны басқа адамдар (автордан тыс) оқып, таныса алатын форманы айта алады. Және де  шығарма дүниеге келген уақыт пен оның жарияланған уақыты сәйкес келуі міндетті емес. ҚР Азаматтық кодексінің 971-бабында: авторлық құқық объективті формаға енген барлық жазбаша (қолжазба, машинка, компьютермен жазылған) шығармаларға тарайды деген норма бар.  Келтірілген мысалда, сөз жоқ, мақаланың авторы болып оны жазған журналист табылады, себебі шығарманың басылып, компьютерде  сақталуы - объективті форма дайын түрде деген сөз.  Сондықтан мақала авторының өз шығармасына барлық авторлық құқы бар. Авторлық құқық - тек мақала авторында танылады. Ал екінші журналистттің істегені плагиат деп аталады - авторлықты басқа біреудің иемденіп алуы. Және авторлық құқықпен тек автордың өзі ғана пайдалана алады. Ол дегеніңіз, жеке мүліктік және мүліктік емес құқықтар авторда ғана болғандықтан, өз шығармасын жариялау, жарияламау, тарату-таратпау құқы да тек сонда болады. 

Автордың келісімінсіз мақаланы пайдалануға жол берілмейді. Келтірілген мысалда автор қаламақы талап етіп, өзінің мүліктік және мүліктік емес құқықтарын сот арқылы да қорғай алады. Газет редакциясы екі журналисті шахтадағы жарылыс туралы кең көлемді материал дайындап келуге тапсырмамен жібереді. Тілшілер бірнеше адамнан сұхбат алып, көлемді талдау материалын дайындайды. Ол үшін журналистерге тиісті қаламақысы төленеді, алайда материал бір-ақ автордың атынан шығады.  Бірігіп жазған шығармаға  журналисттердің құқы қандай? Бірлескен авторлық шығарманы екі не одан да көп адамның бірлесіп дайындауы. Алайда бірлескен авторлықты процеске емес, нәтижеге қарап бағалайды. Маңыздысы - қанша адм жазғанында емес, шығармашылық еңбекке қайсысы және қаншалықты көп қатысқанында.  Бөлінбейтін бірлескен авторлық тұтас бір шығарманы бірлесе отырып шығаруға негізделеді. Бірлесіп жасаған  шығарманы бірлескен авторлар өз қалауларынша пайдаланады. Ондай келісім ауызша да, жазбаша да жасалуы мүмкін. Келісім жоқ болса, онда оған сіңірген еңбек тең деп саналады. Дау туған жағдайда, сот  бір автордың қарсылығына қарамастан, оны пайдалануға рұқсат бере алады. Шығарма жарияланғанда аторлар өз аттарын қалай қоюды өзара келіседі, егер ондай келісімге қол жеткізе алмаса, онда авторлардың есімдері алфавит бойынша қойылады. Ал біз мысалға келтірілген оқиғада екі журналист редакциясының тапсырмасымен бөлінбейтін шығарманы бірлесе жасаса, онда, әрине, аты көрсетілмеген екінші журналисттің авторлық құқы бұзылып отыр. 

Баспа үйіне қарасты газетте баспамен еңбек қатынасында жоқ бір тілшінің мақаласы үнемі жарияланып тұрады. Сол журналисттің талдау-шолу  мақаласын бас редактор мақұлдап, шығаруға рұқсат бергенімен, соңғы екі санда ол мақала жарық көрмейді. Оған өкпелеген тілші сол мақаланы басқа газетте шығарады. Соның кесірінен Баспа үйіне қарайтын газеттің бас редакторы мен журналисттің арасындағы қарым-қатынас суып кетеді.  Журналистің істегені дұрыс па? Олардың қарым-қатынасын авторлық шарт сақтап қала алар ма еді? Бұл жағдайда журналист пен Баспа үйінің арасындағы қатынас еңбек емес, азаматтық заңнамалардың негізінде жүзеге асып келген. Журналист редакциямен еңбек қатынасында тұрмағандықтан және баспа редактордың тапсырмасын орындап жүрмегендіктен, оның бұрынғылары да одан кейінгі мақалалары да қызметтік шығармаларға жатпайды. Біз жоғарыда  баяндағандай қызмет шығармаларының бірқатар ерекшеліктері бар, атап айтқанда: қызмет шығармалары еңбек қатынасында тұрған жұмыс берушінің ерекше пайдалануында болады. Ал екі арада жеке еңбек шарты болмағандықтан, ол құқықтар тек автордың өзінде сақталады. Сондықтан автор өз шығармасын қалай пайдаланам десе де, ол оның жеке құқы.

Бұдан тыс, авторлар өз шығармасына мына құқықтарға ие: жариялауға, баспаға беруге, қайта жасауға, таратуға рұқсат беру - бермеуге. Мысалға келтірілген жағдайда жұмыс берушінің жаңағы журналиске өкпелейтін еш орны жоқ. Бұл жерде жеке мүліктік емес және мүліктік (ерекше) авторлық құқық та журналистің өзіне толықтай қарайды. Және біз сөз қылып отырған жағдайда Баспа үйі журналиспен, азаматттық-құқықтық шарт та жасмаған сияқты. Егер онда йшарт (тапсырма беру, қызмет көрсету, т.б) жасалғанда, екі жақтың құқықтары мен міндеттері сол шартта көрсетілер еді. Шындығында, ондай шарт болған күннің өзінде, ол тек екі арада авторлық шарт жоқ екенін растап берер еді. Міне, екі арада ешқандай шарттың болмауынан осындай дау туып отыр.  Сондықтан журналист бұндай жағдайда өз шығармасын қайтарып алып, оны өз қалауынша басқа БАҚ-қа беруіне болады, өйткені баспа БАҚтарында ақпарат деген "тез бұзылатын" тауар және бұл жерде БАҚ-тардың "тауар, уақыт, орын" деген ерекшеліктері бар екенін де ұмытпаған жөн. Сол күні шықпаса, ертең ол ақпарат пен мақаланың маңызы жоғалып кетуі де мүмкін. Ал Баспа үйіне қарайтын газеттің бас редакторы сондай маңызды жайды ескермей, сол үшін опық жегенін көріп отырмыз. Егер редакция сол журналиспен еңбек шартына отырмаса да, ең болмағанда, азаматтыққұқықтық шарт жасағанда, мұндай даулы мәселе туындамас еді.  Тілші қаладағы ойын бизнесіндегі бір қылмыстық эпизодқа қатысты журналистік зерттеу жүргізді. Соның негізінде ол осы тақырып төңірегінде бірнеше мақала жазып шығарды. Газеттің бас редакторы бір күні автордан ақпарат алып тұрған көзді көрсетіп, мақалаларына өзінің аты-жөнін қоюды талап етеді. Ал журналист ақапарат алып тұрған көзді ашқысы келмейді және бүркеншік атпен мақалаларын одан әрі шығара берем дейді.  Авторлық құқықпен журналистік құпияның ара қатынасы қандай болу керек?  Журналистің өз шығармаларына авторлық құқы бар. Ол өзінің осы құқығын толық пайдалана алады және оны басқаларының да - бұл жерде редакцияның - сыйлауын  талап етуіне болады. Автордың басты құқықтарының бірі - шығарманың авторы болып танылуы және өз атының аталуы.

Заң мұндай жағдайларға орай үш әдісті қарастырған:  өзінің шын атымен, бүркеншек атпен (псевдоним)  және атын қоймай-ақ (анонимно) шығару. Осы үш жағдайға да жеке мүліктік емес құқықтар тек авторға қарайды және шығармасын қай атпен (өзінің, бүркеншік атпен немесе ат қоймай) шығаруды ол өзі ғана шешеді. Келтірілген мысалда тілшінің істеп отырғаны қай жағынан қарасаң да дұрыс, заңды. Және ақпарат көзіңді аш деп талап қойған  бас редакторды да бұл жерде түсінуге болады.  Себебі мұндай өткір тақырырпқа қатысты материал шығып жатқанда, жалған ақпаратқа жол берілсе, журналиспен бірге газет редакциясы да жауапқа  тартылады. Алайда ақпарат беріп отырған адам өз атының аталмауын сұраса, ол журналист үшін заң болуы тиіс.  Шығармашылықтың құқықтық негізі ретінде авторлық құқықтың мәні, пайда болуы терең зерттеулік жұмысқа кеңеледі. Ең алғашқы авторлық құқық тарихы сонау Англия мен Франция елінен бастау алып қазіргі таңда елімізде үлкен мәнге ие болып отыр. Әрбір қаламгердің өз жадынан шыққан дүниесі міндетті түрде сақталып, сыйақы төленуі тиіс. Ол үшін де елімізде арнайы заң қабылданған.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап-ақ елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының авторлық құқық саласына мән беріп агенттік ашуға тапсырма беруінің астарында өте үлкен мән бар. Әрбір елдің беделінің тұрақтылығын, мәдениетінің деңгейін көрсететін басты қажеттіліктің бірі сол елдегі авторлық құқықтың  қорғалу денгейі. Оны айтпағанның өзінде мемлекет пен мемлекет арасында қандай да бір іскерлік, әріптестік байланыс орнауы үшін алғашқы шарттылық ретінде сол мемлекеттердегі авторлар құқығының қорғалу деңгейі назарға алынады. Сонымен қатар, әлеуметтік қиындықтар мен авторлық құқық саласындағы заңнамада орын алған олқылықтар бір сферада бірнеше қоғамның ашылуына мүмкіндік беруінен туындаған өрескел әрекеттер белгілі дәрежеде залалын тигізгенімен, автордың құқығын сақтауға арнайы 1992 жылы құрылған "Қазақстан авторлар қоғамы" отандық және шет елдік авторлар құқығының бұзылуына жол бермей, сыйақы жинау, оны өз иелеріне бөлу ісінде көптеген келелі міндеттерге қол жеткізумен қатар Қазақстан аумағында да, шетелдік әріптестер алдында беделіміз артуда.  Авторлармен жазылған еңбектің авторлық құқығының болуы, жазушылардың бір-бірінің ой-пікірін, тұжырымын, түптеп келгенде еңбегінің көшіріліп, ұрлануға тыйым салдыратындығы  авторлық құқық маңызын  ашады. Сонымен бірге, дәл осы жағдай әрбір елдің жан-жақты дамып, көркеюіне кепіл болып табылады.  Әлемге танымал ұйымдарда қазақ еліндегі авторлық құқықтың мойындалуы, авторлық құқық саласының аяғынан нық тұрып іргелі елдердің қатарынан орын алуы авторлық құқықтың бір маңыздылығын растайды.

Дана Мәулен
Бөлісу: