Қазақстан ширек финалда!

2 Ақпан 2018, 21:59 4819

Қазақстан футзалшылары Польшаны ойсырата жеңді

Словения астанасы Люблянада өтіп жатқан Еуропа чемпионатының алғашқы кездесуін Қазақстан құрамасы сәтті бастады. Польша футзалшыларына қарсы өткізген ойында Какау шәкірттері 5-1 есебімен жеңіске жетті. Біздің жігіттер төреші ысқырығы естілгеннен бастап, Калужа қақпасына лап қойды.

Біздің 14 нөмірлі ойыншымыз Дуглас бұл ойында өзін бар қырынан көрсетіп, аянбай тер төкті. Қазақстан құрамасына жаңадан алынған бразилиялық 24 жастағы Тайнан алғашқы ойынында көзге түсті. Үшінші минутта Дугластан әдемі пас алған ол қақпа торын тулатып, біздің жігіттерді алға шығарды. Поляк ойыншылары да қарап қалмай, қарымта шабуылда Игита қорғаған қақпаның кілтін табуға тырысып жатты. Бірақ, ойындары өнбеген Польшаның қақпасына екінші допты Біржан Оразов соғып кетті. Біздің капитан Дінмұхамед Сүлейменовтен пас алған ол, Калужа жауып үлгермеген оң бұрыштан тамаша доп соғып, есепті еселей түсті.

Какау шәкірттері  бірінші таймды осымен аяқтауға келіскендей, қалған минуттарда тек пас алмасып, Польша қақпасын көздей алмай әбден әбігер болған. Бірақ, тамаша шабуылдың түйінін біздің сұрмерген Серік Жаманқұлов түйіндей білді. Салы суға кеткен поляктардың қайта-қайта ереже бұзуы, өз қақпаларына 10 метрлік айыпдобына алып келді. Михаил Першин мүлт кетпей, таблодағы көрсеткішті 4-0-ге жеткізді. Бірінші тайм осылай жерлестеріміздің ірі есебімен аяқталды.

Екінші таймда Блазей Корчински өз ойыншыларына еңсені түсірмей, ойынды қолға алуды тапсырғандай. Тайм бастала сала, поляктар Игита қақпасына қауіпті шабуылдар ұйымдастыра білді. Олар біздің жарты алаңымызға орнығып алды. Қайта-қайта өткір ойнап, ақыры 27 минутта Солецки бұрыштама доптан кейін есепті қысқартқан. Қазақстандықтар ойынның бірінші бөлігіндей допқа иелік ете алмай, артқа шегініп ойнап, әліптің артын бақты. Игита да өз қақпасын тастап шығуға жүрексініп, артқа қарайлап жүрді. Дегенмен, біздің жігіттердің шеберлігіне шүбәміз жоқ еді. Олардың қорғанысын бұзу қарсыластар үшін аса ауырға соқты. Барын салып, қақпашыны ойыншыға алмастырып, шабуылдағанның өзінде қорғанысымыз сыр бермеді. Бірнеше соққыларды тойтара білген Игита, өз қақпасының торын екінші рет тулауына жол бермеді. Поляктардың үдете шабуылы ақыры нәтижесіз болды. Олар шабуылдаумен бірге, ереже бұзуды да ұмыт қалдырмағандай, алтыншы тәртіп бұзушылық тағы да 10 метрлікпен аяқталған еді. Бірақ, бұл жолы Першиннің тепкен добын поляктардың қосымша қақпашысы қайтара білді. Көк жейде киген теңбіл доп шеберлерін бұл салынбай қалған доп еш жасытпады. Алға ұмтылған жігіттеріміздің бір шабуылы өз нәтижесін берді. Ойын бойы шабуылда да, қорғаныста да керемет ойын өрнегін көрсетіп жүрген Дугластың қанжығасы майланды. Осылайша, алғашқы ойын Қазақстанның айқын басымдылығымен өтті. Бұл жеңіс отандастарымызды ширек финалға алып шықты. Келесі кезеңге өткен біздің құрама әзірге алғашқы команда болып тұр. Ал 3 ақпан күнгі Ресеймен өтетін ойын біздің топтағы ерекше айқас болмақ. Егер бірінші орында қалғымыз келсе, Ресеймен ең болмағанда тең ойнасақ жеткілікті. Ресей мен Польша арасындағы өткен алғашқы ойында поляктар ойынның бітуіне 9 секунд қалғанда есепті теңестіріп, топтағы шиеленісті одан сайын күшейткен еді. Ширек финалдағы ойындар 5-6 ақпан аралығында өтетін болады. Еске сала кетсек, біздің құраманың келесі кезеңдегі қарсыласы «А» тобындағы Сербия, Словения немесе Италия болуы мүмкін.

Польша – Қазақстан 1:5

Голдар: Тайнан 3 (0:1), Оразов 9 (0:2), Жаманқұлов 20 (0:3), Першин 10-метрлік (0:4), Солецки (1:4), Дуглас 37 (1:5)

Салынбаған пенальти: Першин 36 (қақпашы), ал сары қағаз алғандар: Кризел 17 – Дуглас 9

Ойыншылар құрамы: Польша: Калужа, Заставник, Лютецки, Миколаевич, Поплавски — Видух, Кубик, Девуцки, Цыман, Гладчак, Мизгайски, Солецки, Кризель, Войцеховски

Қазақстан: Игита, Довгань, Есенаманов, Дуглас, Нұрғожин — Шамро, Тайнан, Жаманқұлов, Сүлейменов, Першин, Таку, Тұрсағұлов, Ақбалықов, Оразов

Төрешілер: Алехандро Мартинес Флорес (Испания), Хуан Галлардо (Испания), Богдан Сореску (Румыния). «Стожице Арена» 

Қазақстан футбол федерациясы бас хатшысының міндетін атқарушы Азамат Айтқожин Қазақстан футзалшыларының жеңісімен құттықтады. «Біздің жігіттер көрсеткен ойын өте қызықты әрі тартымды болды. Ең бастысы, бірінші кездесуден-ақ жақсы нәтижеге қол жетікізіп, жеңіске жеттік. Бұл жеңістің маңызы зор. Барлық қазақстандықтарға тамаша көңіл-күй сыйлаған күн болды. Шетелдік мамандар біздің құрамамен санасу керектігіне көздері анық жететін болды. Алда бұдан маңызды кездесу тұр. Бүгінгі позитивті көңіл-күй турнир аяқталғанша сақталады деп үміттенемін. Жанкүйерлер құрама жігіттеріне үлкен сенім артады!», – деді.

Ойын соңында Дінмұхамед Сүлейменов тілшілер сұрағына жауап берді. «Бұл жеңістің оңай келмегеніне өздеріңіз де куә болдыңыздар. Барлық қазақстандықтарды бүгінгі маңызды жеңіспен құттықтаймын. Бапкердің қойған талаптарын орындап, осындай жетістікке жетіп отырмыз. Леоның жараққаттанып қалғаны біз үшін ауыр соққы болды. Оның орнын жоқтатпауға тырысып бағамыз. Ендігі, Ресеймен ойынға барымызды саламыз. Бізге 1-ші орынмен келесі кезеңге өтудің маңызы зор болмақ. Сондықтан, келесі ойында жеңіс үшін ойнаймыз».

Ал бас бапкер Какау болса, «бүгін жігіттер жарады. Бұрыштама болсын, стандарттар болсын сауатты ойнауға тырысты. Ойынға қойылған тактика өз жетістігін берді. Ойыншыларымның жеке шеберліктерін де көрдіңіздер. Ресеймен ойында тек жеңіс керек. Ширек финалдағы кез келген қарсыластан қауіп күтуге болады. Сол үшін қателік жібермеуге тырысамыз. Бүгінгі ойындағы қателіктерімізбен жұмыс жасайтын боламыз» – деді.

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: