Астана қаласындағы «Барыс Арена» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» Республикалық турнирі өтті. Бұл турнир осымен сегізінші рет өтіп, ең мықты палуандарды халыққа танытып отыр.
Биылғы додағы Қазақстанның барлық дерлік өңірінен 37 палуан қатысты. Ақтық сында Ержан Шынкеев (Қарағанды) пен Ерасыл Қажыбаев (Әскер барысы) белдесті. Алайда, ширек финалда сәл жарақат алған Ерасыл аса тәжірибелі Ержанға есе жіберіп алды. Шынкеевтің еншісінде бір жамбас ұпай. Ал қарсыласында екі бүк ұпай.
Ал үшінші орын үшін Айбек Нұғымаров (ШҚО) пен Ерсұлтан Мұзаппаров (Түркістан облысы) күш сынасты. Түркістандық палуан турнирге тұңғыш рет қатысып жатқанына қарамастан барын салды. Алайда, өте тәжірибелі Айбек қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Жартылай жеңіс және бір бүк ұпаймен жеңіске жетті. Бұл жолғы «Қазақстан барысына» филантроп, профессор Оралбек Ботбай бас демеушілік жасаған еді. Финалдық бәсекеде жеңіске жеткен Е.Шынкеев 25 млн теңге мен алтын тайтұяққа және жеңімпаз белбеуіне Бас жүлдені «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары М. Әшімбев пен О.Ботбай тапсырды.
«Бұл бәріміздің көптен күткен тарихи шешім. Осындай аумалы-төкпелі алмағайып заманда Елбасы Н.Ә.Назарбаев көреген шешім қабылдап, миллион тұрғыны бар облыс орталығын Түркістанға көшіргенін қуана қабылдадық. Түркістан тарих тұнған өлке. Ерсұлтан бауырымызға көлік сыйлап, ат мінгізгенім, ата дәстүрдің жалғасы. Сондықтан, мұндай палуандар қандай да болмасын сыйға лайық. Арманым осы қазақ күресі Олимпиада ойындарына еніп, қарапайым ауыл балалары өз армандарына қол жеткізсе екен. Түркістан облысында қазақтың хандары жерленген. Жыл сайын Түркістан қаласына барып қайтуға тырысамын. Күллі түркі әлемінің мәдени орталығының дамуына үлес қосу әрбіріміздің міндетіміз болуы тиіс» - деді Оралбек Қожамжарұлы баспасөз мәлімдемесінде.
Жыл сайын "Қазақстан барысы" қазақ күрес бойынша республикалық турнирге қызығушылық арта түсуде. Бұл қатысуға ниет білдірген спортшылар мен шараға жанкүйер болып келген көрермендер тарапынан айқын байқалады. Биылғы шараға қатысып, көрермендерді қуантқан тағы бір қонақ - қазақтың даңқты балуаны, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров.