Қазақпен қайта қауышқан «ТҮРКСІБ»

2 Қаңтар 2017, 10:01 10012

«Түрксіб» тарихи деректі фильмі қайта оралды. 

«Түрксіб» деректі фильмі араға 87 жыл салып, қазақ көрермендерімен қайта қауышты. Жақында Алматыда тамыры тереңнен сыр тартатын «Түркісіб» деректі фильмінің қайта өңделген нұсқасының таныстырылымы өтті.

Фильм 1929 жылы қазақ даласында түсірілсе де, өкінішке қарай, туынды цензураның қыспағынан шыға алмай архивте қалып қойды. Фильмнің режиссері – Виктор Турин. Фильмге арқау болған тақырып – алғаш қазақ далсына салынған Орталық Азия мен Сібірді біріктірген магистральдың салынуы. Деректер бойынша фильм түсірілгеннен кейін америкалық және британдық документалистерге ерекше әсер еткен. Тіпті батыс бұл картинаға жоғары баға беріпті.  

Алайда бұл фильмді кейінірек Кеңес Одағының аумағында көрсетуге тыйым салынды. Оның бір себебі кадрлардың шынайылығымен байланысты болса керек. Бұл туралы «Айқын газетіне шыққан »«Түрксібпен» қайта қауыштық» атты мақаласында Гүлзина Бектас:  «Кеңестік цензураға шындықты тура көрсету жақпағаны анық. Голливудтың мектебін көрген Турин әсіремақтауды жаны сүймеген. Фильм тіпті кеңес документалистикасының үдерістерінен шыға алмаған да болуы ғажап емес. Бұл жағдайда туындының өміршең бола алмайтыны белгілі. Фильмнің негізгі кульминациясы неде? Жүріп келе жатқан пойыздың соңынан аттылы, түйелі, өгіз мінген қазақтардың жарыса шауып келе жатқандығы. Қазақ даласына келген жаңалықты көшпенділердің қалай қабылдағанының нақты көрінісі» - деп жазады.

Ұлыбританиялық кино институты Виктор Туриннің туындысын әр кадр бойынша қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асырды. Фильм толығымен өнделгеннен кейін оған «Қазақстан камератасы» мемлекеттік камералық оркестрі орындаушылырының сүйемелдеуімен тұңғыш рет саундтрек жазылды. Музыканың авторы – қазақтың белгілі композиторы Қуат Шілдебаев.

«Біз техникалық тұрғыдан алғанда әрі адами ресурстарды көп талап ететіне қарамастан күрделі мультимедиалық жобаны жасауға бел будық. Фильмнің өңдеу жұмыстары аяқталған соң британиялық кино институт мамандары бұл фильмге «әлемде бұрын соңды болмаған бірегей деректі туынды» деген баға берді. «Түрксібтің» сандық жүйедегі нұсқасын көпшілікке ұсынудағы мақсатымыз – әуезді музыка мен әдемі кадрды ұсынып қана қоймай, қазақ тарихына деген көзқарасты да көрсету еді. Қуат Шілдебаевтың музыкасы деректі фильмді сүйемелдеумен қатар астарында айтары бар деп қабылдаған жөн», – деп атап өтті жоба продюсерлерінің бірі «Арман» кино орталығының директоры Бауыржан Шүкенов.

Бас-аяғы 5 бөлімнен тұратын «Түрксіб» деректі фильмі Орта Азия мен Сібірді байланыстыратын теміржол желісінің құрылысы жайлы кеңінен баяндайды. Алғашқы екі көрініс «Су» және «Тосқауыл» қазақ халқының сол кездегі басты мәселелеріне тоқталған. Су арналарының жоқтығы, шөл дала, Ресей өңірлеріне жүн, мақта жеткізу машақаты, Сібірден керісінше, Түркістанға бидай тұқымы келмегендіктен, Қазақстанның оңтүстігі мен Өзбекстанның солтүстігі шаруалары нашар тұқым егуге мәжбүр болғандары суреттеледі. Келесі үш көрініс теміржол желісінің құрылысына арналған. Бауыржан Шүкеновтың айтуынша, танымал композитор, халық ықыласына бөленген көп әндердің авторы (оның ішінде «Отан ана» әні) Қуат Шілдебаев фильмнің тереңдігі мен сол кездегі көңіл күйді жүрегімен сезініп, музыка арқылы тамаша жеткізген.

Композитор осы жоба үшін еуропалық классикалық камералық оркестр құрамына қыл қобыз, домбыра, сыбызғы, саз сырнай сынды қазақ халық аспаптары мен армяндық дудықты қосқан. Осылайша музыка авторы дәстүрлі-классикалық полифонияға заманауи дауылпаздар мен соқпалы аспаптарды біріктіріп, өткен ғасырдың сырлы, өзгеріске толы кезеңін дәл төгілтіп, құйқылжыта жеткізген. Мысалы, сюжет желісімен бірге мұңды қылқобызда орындалған лирикалық күй өзінің шыққан тегін ұмытпай, жаңа заманның талабымен өмірге бейімделген дәл сол Қазақстанның халқы сияқты ұрмалы аспаптарда соғылған заманауи ырғаққа ұласты. Өйткені сол дәуірдің инновациялық автокөліктері мен пойыздары кең далада қазақ халқының дәстүрлі тұрмысына еуропалық құндылықтармен бірге әсер ете отырып, пайда болды. 

Дегенмен, айтарлықтай көлемді музыкалық үзінділер тек халықтық аспаптармен орындалды. Бұл адамдардың өткен заман туралы естелігін, дәстүрге құрметпен қарауын және келешек ұрпаққа елеулі оқиғалар мен біртуар адамдарды естен шығармасын деген тілегін білдіреді. Жобаны жасаушылар ауқымды әрі маңызды жұмысты атқарды, шынында да мультимедиялық жоба – фильм көрсетілімі мен саундтрек жасаудан да артығырақ.

Қуат Шілдебаев саундтректі дайындай отырып, ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстан туралы тұтастай симфония жазып шықты. Тіпті кейде композитор киноның өзінен де ауқымды қарайтындай көрінді. Кей сәтте музыка көрініске қарағанда керемет күйді берді. Қалай болғанда да, саундтрек пен тілсіз кино үндестікпен шықты, музыка дәл киноның өзін ғана емес, сол сол заманда халықтың бастан өткерген барлық қиыншылығын сәтті жеткізді.

Композитордың ойын дәл сол күйінде жеткізе білген музыканттарға лайықты баға берген жөн. Көрсетілімнің арасында көрермендер сахнада оркестрдің өзі ойнап отырғанын ұмытып қалды, экранда көрсетіліп жатқан дүние біртұтас еді.

Қазақтың халықтың әндерін этно-джаз стилінде өңдеуімен танымал болған дарынды музыка көркемдеушісі Әділжан Толукпаев дәстүрлі және заманауи ноталарды байланыстыруға көмектесті, сондай-ақ жеке орындайтын партияларды домбыра мен фортепианода ойнады. Басқа аспаптарда жеке орындағандар: Олжас Құрманбек (қыл қобыз), Санджай Альмишев (дудук), Марат Ахметжанов (соқпалы аспап), Азамат Бакия (сыбызғы, саз сырнай), «Камерата Казахстана» камералы оркестрінің дирижері – Павел Тарасевич, көркемдік жетекшісі – Қазақстаннің халық әртісі Гауһар Мырзабекова.

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: