Kazakhmys Energy компаниясына 27 млн теңге айыппұл салынды

5 Маусым 2023, 13:15 981

Мемлекет басшысы мен Бас прокурор тапсырмасы аясында Ұлытау облысының прокуратурасы құрамына Жезқазған және Балқаш ЖЭО кіретін «Kazakhmys Energy» ЖШС жұмысына тексеру жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі ведомствоға сілтеме жасап.

Тексеру нәтижесі бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік, техникалық реттеу, электр энергетикасы, еңбекті қорғау салаларында, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар және басқа 600-ге жуық заңбұзушылық анықталды.

Атап айтқанда, объектілерді жаңғыртуға инвестициялардың болмауы, қабылданып жатқан шаралар ағымдағы ақауларды жоюмен шектелген, электр станциялары мен желілерін техникалық пайдалану ережелерін бұзу, жылу желілерінің температуралық кестелерін сақтамау, өлшеу құралдарын уақтылы салыстырып тексермеу және басқа фактілер бар.

Бүкіл заңбұзушылық бойынша уәкілетті органдардың атына 16 прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, кінәлі адамдар 27 млн теңге сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бүгінгі таңда «Kazakhmys Energy» ЖШС 21 млн теңгеден астам сомаға айыппұл төледі.

Осыған қоса, уәкілетті органдар Жезқазған және Балқаш ЖЭО-да нақты іс шаралар мен орындау мерзімі, оның ішінде жабдықтарды жаңғырту керектігін көрсете отырып, заңбұзушылықтарды жою жөнінде ұйғарым енгізген.

Равиль Ашығали
Бөлісу: