Қазақ жиһанкездері

29 Сәуір 2019, 15:17 14141

Қазақта әлемді шарлаған қандай жиһанкездер болған? Көрген ел, барған жерлері жайлы олар нендей деректер қалдырды?

Халқымыздың «асың бар да ел таны беріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп» деген мақалы бар-ды. Мақал-мәтел ұлттың өмірлік тәжірибеден қорытқан тұжырымы, ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан дүниетаным екенін ескерсек, біздің қазақ халқы да жер көру, ел аралауға пейіл болған. Тек асқан тау, басқан іздері дер шағында хатқа түсіп, құнтталмаған. Сондықтан көп дерек ауызша айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа шежіре күйінде жалғасты. Ал ондай шежірелердің уақыт озған сайын деректік мәнінен гөрі аңыз-әпсаналық реңкі қоюлана түсетіні белгілі.   

Сөйтседағы алаш баласынан да үрім мен қырымға ат шалдыртқандар аз емес. Біз бұл материалда соңғы екіжүзжылдықта алыс-жақын жұрттарға сапар шегіп, көрген-білгендері мен көкейге түйгендерін жазып қалдырған тұлғалар туралы аз-кем ой бөліспекпіз.

Шоқан Уәлиханов

Шоқан Шыңғысұлы – алаштан шыққан алғашқы этнограф, тарихшы ғалымдардың бірі. 30 жас жасаса да, аз ғұмырында артына кесек мұра қалдырған тума талант. Шоқан есімі ориенталист ғалымдығымен қоса, қазақ жазба публицистикасының негізін қалаушы тұлға ретінде де аталады. Әсіресе, Ыбырайдың ағартушылық туындылары мен Шыңғысұлының жолсапар очерктері қазақ жазба публицистикасының іргетасын бекіткен мұралар.

Фотода: Шоқан Уәлиханов

Шоқан Уәлиханов 1853 жылы Омбы кадет корпусын бітіргеннен кейін өз халқының мәдениетін зерттеу, оны Еуропа жұртының ғылыми ортасына таныту бағытында аса белсенді жұмыс атқарды. «Абылай», «Қазақ шежіресі», «Сахарадағы мұсылмандық», «Қазақтың көші-қоны» қатарлы туындыларымен туған елінің тұрмыс-салт, мәдениетіне ішкерлей үңілді. Әлемге әйгілі «Манас» жырын хатқа түсіріп, жалпақ жұртқа паш етті. Ал жиһанкез ретінде қашқар жұртына, алты шәріге сапары оның даңқын тіптен алысқа ұзатты. 1856-1859 жылдардағы бірнеше саяхатының нәтижесінде «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Алтышаһардың немесе Қытайдың Нанлу провинциясының (Кіші Бұхараның) шығыстағы алты қаласының жайы туралы» атты ғылыми құны жоғары жолжазбалары жарияланды. Әсіресе, Қашқария туралы сапарынан жазылған еңбегі Ресей шығыстанушы ғалымдарын былай қойғанда, Еуропа зерттермендерінің де жоғары бағасыне ие болды. Бұл еңбегі бұйығы қашқар өлкесі жайлы жазылған тұңғыш туынды болуымен құнды еді.    

Жиһанкез Шоқанның шығысқа сапарын уақыт және бағытына байланысты 2 кезеңге бөлуге болады. Біріншісі, полковник Хомевский экспедициясының құрамында Ыстықкөлді аралауы, Құлжаға табан тіреуі. Осы сапарында Шоқан Шыңғысұлы үш ай Құлжаның тыныс-тіршілігімен танысып, Жоңғарияның Алакөл мен Тянь-Шань арасындағы баурайын тұтас аралайды.  Бас-аяғы жарты жыл саяхаттайды.

Екіншісі, әуелгі сапарынан 2 жыл кейін, яғни 1858 жылы басталған. Бұл жолғы Мұхамедқанапия Қашқарияны бетке алып шықты. Қашқарияға арнайы тапсырмамен жіберілген оның сапары қауіп-қатерге толы болатын. Өйткені ХІХ ғасырдың басы Қашқар аймағын уәли билейтін, өз алдына жеке билігі бар жабық ел еді. Сыртпен байланысы мүлдем әлсіз, тек тоғанақ артқан керуендер болмаса, бейсауат жолаушы қатынамастай тұйық жұрт-тын. Оқта-текте жолаушы келген күннің өзінде сенімсіз саналса, өлім құшу аяқ астындағы жағдай. Сол себепті Шоқан мұнда атын жасырып, өзге ныспымен келуге мәжбүр болды. Әлімбай атты көпес салауатына еніп, керуен тартып келген оның азиялық келбеті секем алдырып, сезіктендіре қойған жоқ. Ресей тарапынан барлау қызметіне басқа емес, дәл Шоқанның таңдалуында да осы мұсылмандық сенімі мен шығыстық түр-әлпеті алғышарт болса керек. Ол кезде Қашқарда исламдық тәртіп қатаң сақталатын. Жергілікті жосын бойынша мұсылман еркек 3 айдан артық бойдақ тұруға болмайтындықтан Шоқанның ол арада некеленуіне тура келді. Сөйтіп, кейбір деректерде Шынаргүл атты қызға үйленеді. Өз естелігінде де Шоқан күдікке ілінбеу үшін, тіпті, үйленуіне тура келгенін, бірақ алты ай тұрған уақытында ұдайы бақылау астында болғандықтан белгісіз жердің тарихын көп зерттей алмай, қолдағы бар сызбалары мен жазбаларына қатты алаңдағанын айтады.

 Шоқан Уәлихановтың бұл сапарға төтенше тапсырмамен жіберуілуінің саяси астары тағы бар. Әлемдік империализмге бой ұрған алпауыт мемлекеттер арасында ол кезең отарға таласу, шикізат-байлыққа ұмтылу мейлінше асқынған шақ еді. Әсіресе, бұл бақталаста күн батпайтын империямыз дейтін Ұлы Британияның десі қатты-тын. Еуропа серкесі  құрлықтың қай пұшпағынан болсын, өзіне бағынышты отар ұстап, байлыққа кенеліп-ақ жатты. Ұлы Британияның Үндістанды «игеріп», Ауғанстанға қарай құлашын кеңге жаюы патшалық Ресейдің тынышын кетіріп, Орталық Азиядан айырылып қалардай мазасы қашты. Өйткені территория ұлғайтуда Еуразия құрлығын уысына біріктірген Ресейдің де дәмесі зор еді. Сондықтан шығыстағы Қашқарияны уақыт күттірмей «танып-білу» күнтәртібінде тұрды. Шоқанның Алты шәрге ат шалдырған түпкі мақсұты осындай саяси миссиямен ұштасатын. Алайда табиғаты ізденіске бейім, жүрек қалауы ғылымға ынтық Шоқанның одан да гөрі есіл-дерті өзі жаны сүйетін шығысты тану дейтін арнада еді. Сондықтан бұл сапарын ол өз керегіне жарата білді.   

1835 жылы туған Шоқан 1958 жылы бұл қауіпті сапарына аттанғанда жасы небәрі 23-те екен. Осылайша жылға жуық созылған сапарынан ол келесі жылдың мамырында аман-есен еліне оралды.  

Әліби Жангелдин

Ә. Жангелдин – Қазақстанда кеңес үкіметінің орнауына тікелей қатысы бар күрделі тұлға. Миссионерлік медреседе оқып, шоқынды болған, кейіннен райынан қайтып, мұсылман дініне қайта өткен оның өмір тарихы әртүрлі бояуларға толы. Сол ғұмыр кешуінің ерекше бір үзіндісі оның жиһанкездігімен байланысты.

Торғай даласының Қайдауылында туып, екі ұл, бес қыздың арасында өскен оның басқа балалардан өзгешелігі жоқ еді. «Өзін туғанмен, мінезін тумайсың» деген қазақ нақылындай ойының зеректігі мен мінезіндегі өжеттік қана өзге бауырларынан оқшауландыратын. Сол ерекшелігіен болар, оқу ниетіне самарқау қараған әкесіне айтпастан, Торғайға бет түзеген керуенмен бірге кетіп қалады. Мұнда ол екі сыныптық қолөнер мектебіне қабылданады. Бірақ бұл оқу оның маңдайына бұйырмаған еді. Артынан іздеп келген әкесі оқудан шығарып алып, үйіне алып кетеді. Тиісті «сыбағасын» алғанымен, жас Әлібидің көңілі жасып, меселдесі қайтқан жоқ. Екі жылдан кейін үйінен екінші мәрте қашып шығып, Қостанайдағы мұғалімдер училищесіне түседі. Балақбауы алынған тастүлектің еркін қалықтап ұшуы осыдан басталады.

Фотода: Әліби Жангелдин

Мұғалімдік оқуды тамамдағаннан кейін талабы ұштала түскен жас әуелі Орынбордағы діни училищеге, одан Қазандағы мұғалімдер училищесінде оқуын жалғастырады. Әліби Жангелдиннің көзқарасының қалыптасуы Мәскеуге келіп, діни академияда оқыған сәтімен тұстасады. Осы кезеңде баяғы керуенге ілесіп, Қайдауылдан кеткен Әлібидің санасына енді Ресейден жырақтап, әлемді шарлау, дүниені тану дейтін үлкен арман туған еді (кейбір көқарас Әліби діни-миссионерлік миссиямен шетелге жіберілді деген пікірді алға тартады. Бірақ бұл арада әңгіме оның саяхаты турасында болғандықтан, мәселенің басқа қырына назар аудармадық). 

Әліби өз саяхатына 1908 жылы 24 жасында жолға шығады. Бірақ ол бұл сапарында жалғыз емес-тін. Ел көру шешіміне бекінгеннен кейін әуелі газет арқылы сапарлас іздеп, хабарландыру жариялайды. Осылайша идеялас, ниеттес тағы 3 адам табылып, жолға бірге аттанады. Мәскеуден Петербургке жиырма күн дегенде жаяу жетіп, онда төрт күн аялдағаннан кейін Полтаваға қарай жалғасты бет түзейді. Бірақ серіктері Польшаның Варшавасына жеткенде әрі қарайғы сапарларын доғаратындықтарын білдіріп, жарты жолдан айырылады. Ұзақ жолды жеке-дара еңсеру, әрине қиын еді. Алайда Ә. Жангелдин ниетінен айнымады, сертінен танбады. Әрі қарайғы жолды  өз бетінше жалғастыруға бекінді. Жол ұзақ, машақат көп болғанымен, Әліби Жангелдин бойындағы қайсарлық одан да берік болатын. Егер кемеде өткізген сапар мен пойыздағы жолды есептемесек, тек құрлықтың өзімен 12000 шақырм жолды жаяу басыпты. 

Азиядан Еуропаға бет түзеген Тоғжанұлы Польша, Австрия-Венгрия, Сербия, Болгария, Түркия, Сирия, Палестина маршурты бойынша жүріп отырып, Мысыр мен Эфиопия территориясына табан тіреді. Ал қайтар бағытта парсы шығанағы арқылы Ирак-Квейттен Иранға, Үндістан, Шри-Ланка, одан әрі Малайзияға жетіп,  Қытайдың Тайван аралына да із қалдырды.  Ең соңында 1912 жылы шығыстағы Жапонияға жетті.

Азия, Еуропа, Африка құрлықтарына ат шалдырған, одан араб түбегі арқылы шығыс оңтсүтік Азияға, Жапонға дейін созылған бұл сапар жер шарының  біраз бөлігін қамтыды. 18 елді ендей өткен саяхатты жүріп өтуге Ә. Жангелдин 5 жыл ғұмырын сарп етті.

Мұхаметсәлім Кәшімов

Шоқаннан кейінгі Қытайға сапар шеккен тағы бір жиһанкез –  Мұхамедсәлім Кәшімов. М. Кәшімов есімі Шоқан Уәлихановтай онша мәлім деп айта алмаймыз. Дегенмен Көкшетау өңірінде дүниеге келген оның  алаш баласын оятуда, ағартуда атқарған қызметі аз емес. Баспасөз ісіне белсене қатысқаны тағы бар. Айталық, Мұхамедсәлім алғашқы журнал «Айқапта» 1911-1914 жылдар аралығында тілшілік қызметте болып, басылым бетінде әртүрлі тақырыптағы 30-дан астам туындыларын жариялаған. Одан бөлек, «Әдеп», «Үгіт», «Ақыл кітабы», «Мұңлы Мәриям», «Насихат Қазақия», «Таһаратты қалай алу керек» қатарлы бірқанша кітаптар да жазған. Мұхамедсәлім Кәшімов өз кітаптарына «Мұхаммед Ибн  Әлхаж Ғабдолла Рахман Кәшімов» деп қол қойып отырған. Одан өзге «Көкшетауи» деген лақап ат та қаламгерге тиесілі.

Өз заманында озық ойлы, алғабасар, халықшыл қайраткерді кеңестік билік алашордашыл, ұлтшыл деп айыптап, 1928 жылы абақтыға қамады. Одан босап шыққаннан кейін Ташкентте сабақ беріп жүрген жерінен 1934 жылы кезекті рет тұтқынға алынып, түрмеде мезгілінен бұрын қайтыс болды.  

Мұхамедсәлім Кәшімовтың жиһанкез ретінде ел аралап, жұрт кезген шағы оның «Айқапта» тілшілік еткен мезгілімен тұспа-тұс келеді. 1911-1914 жылдары журналдың агенті болып, Жетісу, қырғыз, Қытай жерлерін аралайды. Барған жерінің мәдениеті, салты, ғұрпы туралы тұщымды ой қозғап, халықтардың әл ахуалы, этнографиясы, шаруашылығы жайында көрген-білгендерін суреттейді. Оның қаламынан туған «Верныйдағы көрген-білгендерім», «Түркістан шаһарында», «Шымкенттен», «Тоқмақ ахуалдары», «Қапал уезінен», «Әулиеата мен Тоқмақ арасы», «Райымжан Мәрсековпен сөйлескенім», «Шымкент уезіндегі ас», «Қытай қазағына қайырлы іс» жолжазбаларының қай-қайсысында болмасын терең ой, тағылымды мән бар.

Жиһанкездің жолсапар очерктерін мазмұндық тұрғыдан ғылым-білім, әлеуметтік-шаруашылық деп бірнеше түрге бөлген болар едік. Мысалы, «Әулиеата хабарлары», «Әулиеата шаһарында Русско-Ассинская школа», «Верный көрген-білгендерім» жолжазбаларында қаламгер ағарту, мектеп-медресе ашу, жастардың бетін оқуға бұру мәселесін қозғаған. Кәшімов саяхаттарында көргендерін жорта емес, нақты және ұсақ детальдарына дейін маңыз бере суреттейді. Қаламының қуаты оқушыны сол мекенді өзі де көзбен көріп, аралап жүргендей әсерге бөлейді. Сондай көріністердің бірі, Түркістандағы кітапханаға келген сәтін оқып көрелік:«...Бөтен алданарлық жұмысым болмаған соң, әр үйдің маңдайындағы жазуларды ыждаһатпенен қарап барғанымда бір жақсы, зор үйдің маңдайында орысша «Мусулманский библиотека» деген сөз көзіме түсті. Мінеки вывесканың пайдасы.... Библиотеканың (қираатхана) алдыңғы үйіне сыртқы киімдерімді қалдырып, жоғарғы үйге кірдім. Қатарланған скамеялар, биік, зор үстел, үш жерде үш зор лампы жазылған. Үстел үстінде реттеп қойылған  орысша, мұсылманша газеталар, журналдар. Арасында қызыл тысты араб ғарпімен «Айқап» деп жазылған журналдың тұрғандығы көзіме жылы көрінді.

Біздің қазақтың да қатарға кіріп қалғандығы көзге көрінгендей болып, көңіліме зор қуаныш берді». Міне, өзі көрген-білген жайттарды тәптіштеп бейнелеп, адамдарының ішкі жан дүниесін де қамтып суреттеу Мұхамедсәлім жолсапар очерктерінің басты ерекшелігі. Автордың Қытай еліне жасаған сапарының бір жолжазбасы былай әдіптеледі: «Шәуешек шаһарында қыс бойынша жатып, жаз Таңғыт үкірдайдың үйінде бардым. Бұл үкірдайға қараған ел «Байжігіт» деген атаға жатады. Қытайға жаңарақ қараған екен. Жайлаулары – Тарбағатай, Ұрықашар таулары. Қыстаулары Майлы жайыр деген жер. Жер сулары әзір мейлінше көп. Малға да байлықтары жақсы. Қытайға қараған қазақтардың ішінде бұлардың тұрмыстары ретті көрінеді. Оқу, оқыту бұлардың араларында артық таралмаса да бірен-саран мұғалім ұстаушылары да бар көрінеді».

Мұхамедсәлім Кәшімов сапары қазіргі Қазақстанның  оңтсүтік, шығыс өңірлерін, Қытай қоластына бағынышты қазақ жұртын, яғни батыс өлкесін  қамтиды. Шоқанның Қытайға сапары мен Кәшімов саяхатының ерекшелігі екеуі де барған жерлерінің тұрмыс-шаруашылығына баса мән берген. Әсіресе, Кәшімов жергілікті халықпен бірге өмір сүріп, етене араласқан. Адамдардың ішкі жан әлеміне, рухани хал-қадеріне үңіле білген. Бұл айтқанды біз автордың мына үзіндісінен байқай аламыз: «Таңғыт мырзанікіне келіп, аз күн тұрғанымда мені таң қалдырған нәрсе мынау болды. Таңғыт мырзаның өзіменен бір туысқан Қази есімді жалғыз қарындасы бар. Бір күні мен отырған үйге келді. Қолында «Бақытсыз Жамал». Менің қасыма жақынырақ келіп отырды да ...« осы күнде шығып жүрген жаңа өлең кітаптарын көп оқимын. Солардың ішінде сүйіп оқитыным «Бақытсыз Жамал». Бірақ Міржақып мырзаның «Бақытсыз Жамал» кітабының аяқ жағында көңілді өте ренішке қалдырып кететін бір жері бар. Қызды алып қашқан Әли мырзаның нағашысына барған жерде дұниядан қайтқаны, Жамалдың боранға адасып, үсіп өлгені. ...Біздің Қазақ қыздарының көбі теңіне бара алмай жүргені белгілі. Ал Міржақып мырза егер сүйгеніңізбенен қашсаңыздар, сондай пәлеге жолығасыңдар дегендей қылып кітабына жазып отыр. Мұнысы қалай? Басын әп-әдемі, көңілді көтеріп жазып келеді де, аяғында қайратты жібергендей, көңілді қайтарғандай керілердің дұғасы қабыл болғандай қылып, көрсетіп кетеді. Мұнысын мен қолайсызырақ көремін. Бұған сіз не айтасыз?» деп менен сұрады.

Мен жарытымды жауап бере алмадым.... Өз бастарыңды болмаған соң ондай романды көңіл қойып оқымайсыз да ғой, болмаса ендігі ол туасында бірер сөз жазушылар да болар еді. Менің өз ойым, Міржақып мырза әдейі теңіне қосып алып қашырған соң, Жамалды мұратына жеткізіп, бақытты етіп көрсетіп, кітабының атын да «Бақытты Жамал» қою керек еді. Бұл сөзді қыздан естіген соң, Қытай қазақтарының ішінде терең ойлы, ашық пікірлі, роман сынарлық зерек қыздың барлығына таң қалдым. Осындай сүйкімді, жұмсақ сөзді, жақсы мінезді Қази бикештің баратын жері, алатын күйеуі қандай екен деп ойға қалдым...»

Абдолғазиз Мұсағалиев

Қазақ саяси элитасының ең шоқтықты кезеңі өткен ғасыр басындағы алаш партиясын құрып, ұлттық мемлекет құруға талпынған шағы-дүр. Бұл тұжырымға талас тудыратын ешкім де болмаса керек. Осы тарихи кезеңде Қазан, Уфа, Ташкент, Троицк қатарлы шаһарларда мұсылман медреселерін тамамдаған шәкірттер мен Том, Орынбор, Омбы, Санкт-Петербург, Мәскеу сияқты Ресейдің маңдайалды қалаларында орыс оқу ордаларын бітірген бір шоғыр жастар жетіліп шықты. Бұл жас алаштықтар азғантай уақытта ұлттық зиялы күш қалыптастыра білді. Қазақ балалары оқудың маңызын түсініп, жаппай орыс шәрлеріне іздене бастаған тұста шет елдің үздік университетін бітіріп, елге оралған да талапты жастар бар еді. Соның бірі – Ғабдолғазиз Мұсағалиев болатын.

Каирдегі әл-Каһира университетінің заң факультетін тамамдаған Ғабдолғазиз 1880 жылы Бөкей ордасында туған. Оның білім алу жолы да кәдуелгі қазақ балалары сияқты ауыл молдасынан басталды. Молдадан сауат ашып, жергілікті медреседен талабын ұштағаннан кейін өжет жасқа Мысырға барып оқуға мүмкіндік туған еді. Мысырдың бай кітапханасындағы түрлі қолжазбаларды құнттап қарап, ой көкжиегін кеңейтеді, білім қорын молықтырады. Құқықтық сауат, ұлт азаттығы сияқты ұғымдардың мәнін тереңнен танып, өз туған елімен сабақтастырады. Осылайша түрік, араб, парсы тілдерін қосқанда жалпы 8 тілді меңгерген ол еліне таудай талап, зор мақсатпен оралды.

Фотода: Абдолғазиз Мұсағалиев

Ғ. Мусин өз жұртына қайтқаннан кейін Жетісуға келіп, әйгілі Мамановтар ашқан мектепте ұстаздық етеді. Мұндағысы қазақ балаларын көптеп оқытып, ағарту дәнін себу еді. Осы мақсатына жету үшін ол көздің ағы мен қарасындай болған «Айқап» пен «Қазақ» басылымдарында, «Қазақстан» газетінде үзбей ой қозғап, қалам қуатымен де қоғам дамуына үн қосты. «Мусин Ғабдолғазиз», «Мұса Ғ.», «Мұса Ғабдолғазиз» қаламаттармен «Тарих», «Қазақ жайынан», «Ухшат», «Бәдауит һәм мәдениет», «Жазу мәселесі», «Айқапты үлкейту қақында», «Кімге өкпелерге керек?» қатарлы мақалаларын жариялады. Бұл көсемсөздерінің қай-қайсысының да көтерген жүгі жеңіл емес. Әсіресе, қазақ елінің өткен тарихы мен болашағын толғаған, шет жұрттармен қарым-қатынасын талдаған жазбаларының мәні зор. Ғабдолғазиз Мусин жоғарыда айтқан басылымдарда қалам тербеумен бірге 1917 жылы Ордада өзі де «Ұран» атты газет шығарады. Осы арқылы әуелгі алаш елін ағарту мақсатын одан әрі жалғастыра түсті. Одан кейін де «Дұрыстық жолы» газеті, «Мұғалім» журналдарының жарық көруі мен таралуына күш-қайратын сарп етті. 1933 жылы Алматыда қайтыс болды.

Ғабдолғазиз Мұсағалиев жиһанкездік сапарына әл-Каһира университетін тамамдағаннан кейін 1909 жылы аттанып, 2 жылға жуық ел аралады. Үндістан, Пакистан, Индонезия, Жапония және тағы басқа да оңтүстік шығыс Азия елдерін көрді. Осы сапары арқасында танымын өсіріп, көңіл көкжиегін кеңейтті. Елге қызмет ету, туған топырағын көркейту деген ұлы арманның бүршігін көктетіп оралды. Амал нешік, қайраткер өз арманын толық орындап үлгерместен 1933 жылы Алматыда бақилық болды.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: