Қазақ жастарының киносы талқыланды

3 Наурыз 2017, 15:32 9367

Театр және кино

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Жас ғалымдар ұйымы мен «Театр және кино» бөлімінің атсалысыумен «Бүгінгі жастар киносының жаңа сипаты: бағыттар мен ізденістер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Қатысушылар қазіргі  жастар киносының даму үрдістері мен жас кинематографистердің ұстанған бағыт-бағдарын анықтап, олардың түсірген фильмдерін әлемдік тәжірибе бойынша бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолдарын қарастырды.

Отырыс соңында Нью-Йорк киноакадемиясының небәрі бірінші курс студенті болғанына қарамастан, талай сыншылардың таңдайын қақтырып үлгерген А.Сейітовтің «Шакал» қысқаметрлі кинокартинасы көрсетілді. Жиын барысында пікір алмасулар мен талқылаулар орын алды. Белді киномамандар: Гүлнар Әбікеева, Дәрежан Өмірбаев, Гүлзат Көбек, Баубек Нөгербек, Ринат Қосай, Снежана Баймұханова, Әннас Бағдат, Әлімақын Жанболат, Ерлан Сұлухан, сонымен қатар, жас кинематографистер, атап айтқанда: Елзат Ескендір, Берік Жаханов, Дархан Төлегеновтер бүгінгі киношығармашылық туралы өз ойларын ортаға салған келелі отырыста режиссерлердің туындылары һәм олардың бағыт-бағдарлары туралы да сөз қозғалды.

Отырста режиссер Дәрежан Өмірбаев бүгінгі жастардың түсірген еңбектеріне тоқтала отырып:

«Ғаламтордың пайда болуы көп дүниені өзгертті. Мәселен біз кез-келген елдің кино саласындағы жаңалықтарын үйде отырып көріп, сараптай аламыз. Бұл жастардың өсуіне түрткі болды деуге келеді. Алайда, сол өсіп, деңгейімізді көрсететін бізде арнайы алаң жоқ. Қазақстанда бірде бір киножурнал, немесе киносайт жоқ. Ал жастар аудиторияны байқауы тиіс. Жасаған жұмысының көрерменге жеткенін сезуі керек »,- деген  пікірін айтты.

Кинотанушы Ержан Жұмабек те осы салаға қатысты ұсынысын ортаға салды:

«Жас талапкерлердің көбі киноны белгілі бір студияның аясында емес, өздері түсіргенді құп көреді. Өнім студияда түсірілсе, оның ары қарай таратылуына жұмыс та жасалады. Содан кейін фестиваль талаптары кезінде түсірген студияны көрсету керек шақтар көп болады. Осы кезде жас киногер не істерін, фестифальге қалай қатысарын білмей дал болады. Халықаралық деңгейге шығу үшін осындай онша байқала бермейтін, бірақ айтарлықтай кедергі болатын дүниелерді де шешіп алу қажет болады».

Бөлісу: