Қазақ тілді журналисттердің тақырып қою мәдениеті

17 Қыркүйек 2017, 13:01 3160

Қазақстандық журналисттердің тақырыптар мен айдарларды қоюдағы өзіндік стилі

Қазақстанда да өзге елдердегідей ақпарат әлемінде болып жатқан ірі өзгерістер белең алып келе жатқаны жасырын емес. Жаһандану үдерістерінен ешбір елдің саяси өмірі тыс қала алмайды десек, бұқаралық ақпарат құралдары да сол бағытта еріксіз ілесуде. Қоғамды тұтастай ақпарат билеп отыр. Интернет пен ақпараттық коммуникация күнделікті өмір тіршілігімізге айналды. Ел ішіндегі оқиғаны сол күні, сол сағатта көріп, тыңдай алатын дәрежеге жеттік. Осының барлығы, сөз жоқ, қазақ баспасөзінде де ақпараттық-талдамалы жанрлар формаларын жетілдіріп, дербес пішіндерінің пайда болуына әкеліп соғуда.

Заман талабына сай көлемі жағынан ықшамдалған, бір-біріне сіңісіп, өзара жымдасқан жаңа жанрлар пайда болды. Бірнеше жанрлардың сипатын қатар көрсете алатын туындылар жазыла бастады. Керісінше, жанр ішінен жаңа пішіндер пайда болып, ақпаратты түрлендіріп беру мүмкіндігі кеңейе бастады. Газет жарияланымының негізгі нысаны – өмір шындығын бейнелеу, журналистің көтерген мәселесіне, тақырыбына қалың бұқара назарын аудару. Егер біз өмір құбылыстарының қоғамдық мәнін, жеке адамдардың іс-әрекетін,  ой-мүдделерін, қарым-қатынастарын, көңіл-күйлерін, тағы басқаларын бір ғана мазмұнмен, бір ғана формамен бейнелер болсақ, онда газет туындылары бір-бірінен аумайтын біркелкі жадағай, жалаң әрі жаттанды болып шығар еді. Сондықтан журналист адамдар арасындағы өзара байланыстардың, сезімдер мен көңіл-күйлердің, ішкі толғаныстардың әлеуметтік нысанын әр қырынан бейнелеу үшін түрлі формаларды таңдап алады. Бұл газетте тек, түр ретінде көрініс табады. Мұны біз «жанр» деп атаймыз. Жанр (франц. genre – тек, лат. genesis – түр) – шығарманың тарихи қалыптасқан түрі. Оның негізіне қоғамдық маңызды ой-пікірлер, әлеуметтік-тарихи фактілер жатады. Жанр негізінен газетте қоғамның барлық саласынан ақпараттармен хабардар ету үшін нақты шығармашылық міндеттерді орындау мақсатында қолданылады. Мұндағы ең басты нәрсе – қандай аудиторияға арналып қызмет ететіндігінде. Қазақ баспасөзі соңғы жылдары жанрлық сипатта түрленіп, толығып, өзгеруде. Ана тілімізде шығатын газет материалдарының мазмұны біршама байыды. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі қазақ мерзімді баспасөзінің жанр ерекшеліктерін, түрлерін жаңаша  зерттеп, зерделеп, соны көзқараста саралап отыру да ғалымдар тарапынан тоқтаған емес. Қазақ мерзімді баспасөзі жанрларының теориясын қалыптастырған Т.Амандосов, Т.Қожакеев сияқты ғалымдармен қатар Т.Ыдырысов, Ш.Елеукенов, Н.Омашев, М.Барманқұлов, Д.Ысқақұлы, Б.Жақып, Т. Бекниязов, Қ.Шамақайұлы-сынды зерттеушілер де жанр сипаттарын ашатын біршама еңбектер жазды. Ал газет тіліне, лексикасына байланысты әр жылдарда әр қырынан зерттеген баспасөз теоретиктері оларды әрқалай топтайды. Көп ретте олар заман ықпалына сай бейнелейтін нысанына, мазмұндық ауқымына, өмірлік мақсат-міндетіне, қолданған әдіс-тәсіліне сай ажыратып отырады. Оған қоса ақпарат құралдарының алдына қойған міндеттерінің өзгеріп отыруы да ықпал етеді.
Қазір кей журналистер арасында мынадай жаңсақ пікір бар: журналист үшін ең маңыздысы – жақсы материал жазу, ал оның қандай жанрда болуы міндетті емес. Тағы бір пікір: публицистика жанры туралы нақты теориялық тұжырым жасау мүмкін емес, өйткені ол күн сайын түрленіп, өзгеріп отырады дегенге келіп саяды. Бұған әртүрлі зерттеушілердің ортақ шешімге келе алмай, жанрларды әрқалай түрлендіруін мысал етеді. Мұнымен келісуге болмайды. Біріншіден, жанр ретінде қалыптасып отырған мерзімді басылым жарияланымдарының тектері, теоретиктер мен практиктердің қаншалықты екіұдай пікірлеріне қарамастан, бәрібір форма түрінде өмір сүре береді. Өйткені автор төлтумасынан туған қайсібір шығарманың да, жазбагер болашақ шығармасының қандай мәтінде жазылатынын алдын ала жоспарлап, кесіп-пішіп алмаса да, белгілі бір дәрежеде автор еркінен тыс өзіндік сипаты пайда болады. Міне, осы сипаттар «жанр пішіндерін», ал түпкілікті жарияланым «жанрды» құрайды. Екіншіден, жанр журналистердің нақты кәсіби деңгейін анықтау үшін де қажет. «Наурыз тақырыбында жақсы материал жазып келіңіз» дегеннен гөрі, «Түркістанда өткен Наурыз тойынан репортаж жазып келіңіз» деген әлдеқайда нақтылықты талап етеді.
Сонымен, жазылған мәтінді қайсібір жанрға жатқызуға болатын негізгі сипаттарды қалай байқауға болады? Ең алдымен, бұған журналистиканың түрлендіргіш құралдары, автордың өмір шындығын бейнелеу әдістері себепкер бола алады. Ал журналист үшін қоғамның кез-келген көкейтесті проблемалары, құбылыстары мен оқиғалары, адамның жеке тұлғасы мен болмыс-бітімі таптырмас тақырып. Бұларды біркелкі, жадағай беру мүмкін емес. Жазбагер қайткенде де мәтінді оқырманға жеткізу формаларын іздейді.

Қазақстандағы БАҚ-тағы  тақырыптар мен айдарлардың тілдік тұрғыдан талдау кезінде хабар жеткізу және әсер ету қызметі ескеріле отырып жүргізіледі. Мәтіндегі айтылатын ойдың жиынтығы тақырып арқылы көрінбек. Ал ондағы айтылатын ойдан хабар беруі тақырыптың номинативтік функциясы болып табылады. Сонымен бірге мәтіндегі айтылатын ой мен жеткізілетін хабарға баға беру әрі осы баға берушілік қасиетінің нәтижесінде мәтінді қабылдау (восприятие) функциясы іске асады. Тақырыптар құрылысы жағынан қарапайым не күрделі құрылымды болып келетіні белгілі. Күрделі тақырыптардың бірнеше түрі бар. Айталық, бірнеше деңгейлік тақырыптар болады. Мысалы: «Білім бағы сыналар шақ (1)
ҰБТ-дан ұтарымыз көп болсын» (2).
Мысалға келтірілген тақырыптың:

1-деңгейі контекстуалды лексика,                  

2-деңгейі бейтарап лексика элементтерінен құрылған контекстуалды сипаттағы хабар мәнді сөйлем. Мұндай деңгейлік тақырыптар кейінгі кезеңнің жемісі, өйткені алғашқы басылымдар мен «Қазақта» күрделі структуралы тақырыптарды кездестіргеніміз жоқ.
«Кітап оқисыз ба?,
«Әр қазақ жылына 3-4 ақ кітап сатып алады» – тақырыбы әсер ету лексикасымен берілген.
Осы секілді тақырыптардың құрылысы жағынан қарапайым не күрделі құрылымды болып келуіне байланысты тағы бір мысал ол тақырыптың есеп түрінде берілуі. Яғни, математикалық формула түрінде. Сөзімізге дәлел келтірер болсақ: Зейнетақы: 30%=99 теңге. 25 %= ?. Мұндай тақырыптар қазіргі кезде қолданысқа еніп келе жатыр. Мақалалардың ақпараттан хабардар ететін тақырыптары номинативтік функция атқарады сонымен қатар, оқиғаны, хабарды бағалайды. Бұл жағынан тақырыптардың қызметі тілдік бірлік – сөз атқаратын қызметке ұқсас. Енді тақырыптардың түрлері мен сөз функциялары арасындағы ұқсас және айырым тұстарын қарастырайық. Сөздің  қызметі  үш жақты болатыны белгілі: а) коммуникативті; ә) номинативті; б) эстетикалық.  Бұлардың әрқайсысына жеке-жеке тоқтала кетсек, сөздің коммуникативтік қызметі сөздің қарым- қатынас және хабарласу құралы болуында, номинативтік қызметі заттың атауы болуында, эстетикалық функциясы ойды көркем жеткізу құралы болатындығында. Ал, тақырып атауы болып тұрған сөз немесе сөз тіркесі, сөйлемшелер бір ғана мағына беру арқылы номинативтік қызмет атқарады. Тіпті осы қызметімен бірге баға берушілік жүгін де көтереді. Оның баға берушілік қызметі оқырманды мәтінді қабылдауға, дұрыс түсінуге даярлайды. Осы даярлық жүргізу барысында сөздің апелятивтілігі іске қосылады. Апелляция біреуден қолдау, кеңес күту деген мағына беретіні белгілі. Әрине, бұл газет атаулының қызмет сферасының бірі әсер етуден туындайды. Яғни, әсер ету қызметінің нәтижесі қандай дәрежеде болғанын пайымдау үшін қабылдаушыдан қолдау күтеді. Тақырыптардың апеллятивтік қызметі көбіне лексикалық және синтаксистік элементтер комплексінің фраза түрінде берілуімен жүзеге асады: «Ауылға әкім емес, ақсақал керек», «Сөз қадірін кетіріп алмайық», «Құжаттар мемлекеттік тілде ғана жүргізілуі тиіс» , т.б.

Тақырыптың номинативтік қызметінің сөздің номинативтік қызметінен ерекшелігі неде? Номинатив сөз (атау сөз) – тілдік белгі (Ф. Де Соссюр бойынша – языковой знак) немесе тіл білімінде сигнификат терминінен газет тақырыбының басты айырмасы оның белгілі бір заттың биологиялық, табиғи байланысы жоқ акустикалық бейнесі емес, керісінше, тақырыптан туындайтын оймен, оның мазмұнымен тікелей байланысты, өзге деңгейдегі атау болуында. Келтірілген соңғы мысалдағы тақырыптың екі деңгейі қосылып, бір ғана номинативтік қызмет атқарып (оқырман) әрі өзін-өзі анықтап, өзін өзі бағалап, мәтіндегі айтылар ойдың жиынтығы болып тұр. Мәтіндегі хабар осы газет пен оған жазылған оқырмандар жайында, ой солардың төңірегінде өрбиді. Кейде экспрессиялық мәнді синтаксистік құрылым түрінде келеді: «Нанды қадірлейік!», т.б.
Ғалым В.Д. Девкиннің айтуынша: «Для обиходной лексики особенно типичны слова с отрицательной оценкой, в то время как слов с положительной семой немного».

Елеулі даталар мен оқиғалардан хабардар ететін, мағыналық-құрылымдық бірлікпен тұтасқан «Әз Наурыз келер күн таяу» , «Бүгінгінің біз білмейтін батыры» , «Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай...» ,  «65 жылдан соң...», «Соғыс осылай басталған», тектес мақалалар қоғамдық-саяси лексика элементтері қатысымен жасалып, хабарлы, лепті сөйлем түрлерінде келеді.

Ұйытқы сөздер белгілі бір уақыт аралығына, кезеңге тән типологиялық атаулар заманға сай оқиғалардан хабар беретіндей маңызға ие лексемалар. Құрамы жағынан жеке сөз я болмаса сөз тіркесі түрінде болады. Мысалы:
«Сыбайлас жемқорлық жойылады, Оған мен кепілдік бере аламын, – дейді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, ішкі әскерлер қолбасшысы, генерал-лейтенант Қайырбек Шошанұлы Сүлейменов мырза» – дегенде, «сыбайлас жемқорлық» тіркесі – бүгінгі күннің әлеуметтік «ауруларының» бірі, коррупцияның баламасы, қоғам өмірінің тілдегі көрінісі, сондықтан да әлеуметтік лингвистика үшін де, лингвистикалық талдаулар үшін де маңызды тілдік фактор, тақырып пен мәтіндегі айтылар ойды білдіруге әлеуеті жететін синтез сөз. Әр газет типтеріне қарай жағымды мәнді және жағымсыз бағалауыштық сипаттағы сөздер түрліше қолданылады. «Буржуазиялық өмірдің сиқы» сияқты 1970 – 80 жылдары кең қолданылған, бара-бара стандартқа, тіпті кейінірек штампқа айналған тіркесті солардың қатарына жатқызуға әбден болады.
Қазіргі күні әсер ету, еліктіру сөздерімен келетін «Аты-жөнімізді дұрыс жазайық», «Нағыз адал жар сіздей болсын!» , «Бруцеллезге бейжай қарамайық», « «Ә» әрпіне әлімжеттік жасалмасын», « «Алтынымызды» арзандатпайық, ағайын!», «Тұрғын үй қымбаттады», «Құқықтық негіз мықты болсын» , «Жалақым – 700 мың теңге...» , «Сақалды сақтайтын заң керек» , т.с.с  тақырыптары газеттің әсер ету, үгіттеу функциясын үнемі еске салып отырады. 1970-80 жылдары газет тақырыптары интернационалдық сөздер қатарының молдығы, ресми стильдің кең етек алуы, сондай-ақ, газет жанрларының аса саясаттандырылуымен, газет тілінің ауызекі сөйлеу тілінен барынша алшақтай түскендігімен ерекшеленді. Сол тұста жарық көрген «Тіл мәдениеті және баспасөз», «Сөз өнері», «Өрелі өнер» жинақтарында баспасөз тіліне қатысты әр түрлі мәселелер талдау объектісі болды. Осы жинақтардағы С.Исаевтың «Мерзімді баспасөзде жиі ұшырасатын стильдік қателер жөнінде», Н.Демесінованың «Баспасөз тілінде көптік жалғауын қолдану ерекшеліктері», Н.Уәлиевтің «Қосымшаны да құнтпен қолдансақ» атты мақалаларында баспасөз тіліне қатысты, әдеби тіл мен оның нормасы, тіл мәдениетіне қатысты түйінді мәселелер көтерілгенін айта кету керек. Газет тақырыптарының синтаксистік құрылысына назар сала отырып, олардың жеке сөз, сөз тіркесі, сөйлемшелер, сондай-ақ сөйлем түрінде келетінін аңғардық. Газет айдарларына қарағанда кірме сөздер арқылы жасалған тақырыптардың көбірек кездесетіндігі байқалды. Қазіргі газеттердің бәрінде дерлік екі немесе үш деңгейлі тақырыптар ұшырасатындығын атап өткенбіз. Ал әр деңгейдің атқарар қызметін мына схема арқылы байқауға болады:
Жалпылама мәселе → жеке мәселе → нақты проблема.
Мысалы:
«Емдеу балансын бақылау (1-деңгейі),    дәрігер жауапкершілігін арттырды (2-деңгейі)
Еліміздегі денсаулық жүйесін реформалау бағытында жүзеге асырылған басты оқиға – міндетті медициналық сақтандырудың (бұдан әрі ММС) енгізілуі. Одан бері де екі жыл өтті. Қашан да жаңалықтың өмірге енуі, орнығып кетуі оңай емес. Міне, осы екі жыл нені көрсетті, қиындықтар қандай, не нәрсеге қол жетті? Облыстық ММС қорының директоры Амантай Сапарғалиұлы Бұршақбаев осы төңіректе өз ойын ортаға салады:».
Сұрақ-жауап түріндегі тақырыптар – сұраққа жартылай жауап беру, кейде риторикалық сұрақтар қою арқылы көтеріліп отырған проблемаға оқырман назарын аудара түсу – газеттің көпшілікке әсер ету функциясын жандандыра түсетін фактор. Мысалы:
«Қала әкімі қысым жасаса
Кәсіпкер қайтіп күн көрер?».

Газет тақырыптары беретін экпрессия мәтінге әсер етпейді. Мәтін жанрлық тегін сақтап, соған лайықты жазыла береді. Қазақ газеттері туралы ғасырдан да ұзақ ғұмыры бар қазақ баспасөзі тарихының әлі де болса, терең зерттей түсуді қажет ететін тұстары баршылық. Алайда газет тілінің негізгі лексикасы сөздердің жүйесіз жиынтығы емес. Газет тілі өзінің пайда болуы, қалыптасқан бүгінгі күнге жеткен өз тарихы бар ақпарат саласы.
Газет бетіндегі атаулар мәселесіне тоқталу үшін, қазақтың алғаш газеттері жайлы айта кетуді жөн көрдік. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ дәл кітаби тіл жазба тіл ретінде жүргені белгілі. Өткен ғасырдан жалғасып келе жатқан бұл тіл элементтері мен баспасөзде, соның ішінде алғашқы басылымдар «Түркістан уәлаяты газеті», «Дала уәлаяты газетінде» айқын көрініс тапқан. 1883 жылы газеттің қазақша бөлімінің жабылуына, 1888-1902 жылдың 1-қаңтарынан Дала генерал-губернаторының орталығы Омбы қаласынан шыққан «Дала уәлаяты газетінің» шығуы да себеп болды, - деп көрсетеді Б.Әбілқасымов.

Р.Сыздықова: «...бұл газет (Дала уәлаяты газеті) қазақ тіл дамуын зерттеуде екі жақтан қызғылықты болып шығады: 1) публицистика – баспасөз стилінің алғашқы үлгілерін байқауда; 2) осы стиль және көркем проза стилі бойынша тұңғыш аударма тәжірибелерін бақылауда» деп, газеттің қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы атқарған қызметінің бір жағына назар аударады. Газет бетіндегі атауларда зерттеуші ғалымдар М.С.Стам, И.С.Фоменко, А.Э.Лазерова, Л.А.Коробова, Д.И.Заславскийдің еңбектерін атауға болады. Қазақ тіл білімінде баспасөз тілінің ерекшеліктері мен газет атаулары жөніндегі зерттеулерге елеулі үлес қосқан ғалымдар: С.М.Исаев, Б.А.Әбілқасымов, Н.В.Қарашев, Ж.Б.Райымбекова, Б.К.Момынованың еңбектері газет тілі зерттеуге арналған құнды дүниелер болып табылады. Яғни, сөздің коммуникативтік қызметі адамдардың өзара  қарым-қатынасын және өзара хабарласу құралы болуын қамтамасыз етсе,  номинативтік қызметі сөздің қандай да бір заттың не құбылыстың атауы болуын, ал эстетикалық қызметі ойды көркем жеткізу құралы болатындығындығынан көрінеді.  Айталық, тақырып атауы болып тұрған сөз немесе сөз тіркесі, сөйлемшелер бір ғана мағына беру арқылы номинативтік қызмет атқарса, ол осы қызметімен бірге баға берушілік жүгін де көтереді. Оның баға берушілік қызметі оқырманды мәтінді қабылдауға, дұрыс түсінуге даярлайды. Тілдің  адамға  жасайтын  ықпалы, оның  ойлау  тәсілі  мен  реті  тікелей  бұқаралық  ақпарат  құралдарына  байланысты. Әлемде  болып  жатқан  жаңалықтар  жайлы  ақпарат  беру  арқылы  БАҚ  адамның  барлық  ойлау  тетіктеріне, дүниеге  көзқарасына, бүгінгі  күннің  мәдени  сипатына ықпал  етеді. Қазіргі  баспасөздің  жанрлық-стильдік  ерекшеліктеріне  жалпы  сипаттама беру  барысында газет бетіндегі шағын көлемде жазылатын  жанр  тілінің  мәдениетіне  де  тоқтала  кету  қажет. Күнделікті  баспасөз  тілі, тұтастай  алғанда, бұқаралық  ақпарат  құралдары, жоғарыда  аталып  өткендей, қазақ  оқырманының   сөз  түзейтін негізгі  арнасы. Сондықтан  онда  қазақ  әдеби  тілінің  лексика-грамматикалық, емлелік  нормаларының  сақталуы  аса  маңызды.  Тіл  мен  мәдениеттің  сабақтастығы – тіл  білімінің  өзекті  мәселелерінің  бірі, бұл  жөнінде  Е. Жанпейісов, Ж. Манкеева, Г. Смағұлова,  А. Сейілхан,С. Жанпейісов  т.б. зерттеулер  жүргізген. 

Газет  тілі  мәдениетінің  мәселелері  әрдайым  әдеби  тіл  мәдениеті  мәселелерімен  тығыз  байланыста  екені белгілі. Өйткені  қай тілде  болмасын, оның  ерекшеліктері, өзекті  мәселелері  және  оны  оқып  үйрену  мен нормалау  аспектілері  болады. Газет  тілінің  мәдениеті-қоғамдық  ілім  ретінде,  сөйлеушілер  мен жазушыларды  тіл  туралы  ғылымның  қазіргі  жетістіктерінен  хабардар  ететін  толық  стилистикалық  ілім. М.Балақаев  «Тілдің  алдымен  әдебиеттік  иін  қандыратын  талқысы  да-жазба сөз»,-дей келіп, әдеби тілдің бес бірдей басты белгісін атап  көрсетеді, олар:
- халық тілінің сөз байлығын игеретіндігі;
- өзінің  сөздік қорын басқа тілдерден  енген сөздермен  толықтыратыны;
- ауызекі тілдегі грамматикалық  құрылымдардың  үнемі  жетіліп  отыратыны;
-әдеби тілдің  нормалану  процесінің  неғұрлым  айқын, орнықты  болатыны;
- әдеби  тілдің, қоғамдық  құбылыс  болғандықтан, қоғамның  барлық  іс-әрекетіне, әдебиеттің  барлық  түріне қызмет  ететіні. Ғалым  Н. Уәли баспасөз  жанрларының   тілі  жайында  «Қазір  бір  ғана бағдарламада ресми ақпарат, публицистикалық  талдама, репортаж, комментарий, сұхбат, очерк  т.б. жанрларды  кездестіруге болады. Осы  жанрлардың сөз  өрімі, бедері  әр  алуан»,-дейді. «Төртінші  биліктің» рөлі  үлкен, өйткені журналистер  тіл  мәдениетінің  нормасына  өздері  жауапкер. Публицистің сөзімен оқырман күнде танысады,сондықтан ол  тілдің бағытының  нақты  қалыптасуына үнемі  ықпал жасап отырады. Тіл  білетін адамдар үшін, әрине, бұл  табиғи  нәрсе, өйткені журналист  нормадан ауытқып  кетсе, мәтінді ұғу тыңдарманға да,оқырманға да  қиындық туғызды. Ал, газет бетінде көрініс табатын жанрларда  жазылған материалдар  тілінде  әдеби тіл  нормасының  сақталуы  мен  бұзылуы, тіл  мәдениетінің  нақты  көріністері оның  мәтіндері  арқылы  байқалып  отырады.  Кейде  тілдік  құралдардың  оңды-солды  қолданысқа  түсіп қалатын  жайлары  да  кездеседі. Зерттеуші  С. Қисымов  бұқаралық  ақпарат  құралдарында  оқиғалардың шытырмандық  реңкін  қанықтыра  түсу  үшін   қолданылатын  «жаргон» сөздердің, кәсіпорын  атауларының («Эйр  Қазақстан», «Қазақ ойл» корпорациялары, т.б.), ақпарат  арнасына  кейде  өңделіп, кейде  өңделмей қосылатын  терминдердің  («Спорт+», «Европа+», «Шлягер» т.б.)қолданылатынын  айтады. «Тек өкініштісі – олардың  ұлт  тіліндегі  баламаларының  уақыт  өткен  сайын  көмескіленіп, тіпті  архаизмге  айнала  бастауы. Ал  бұл – бұқаралық  ақпарат  құралдары  материалдарының  тілдік  жүйенің  қалыптасуына  кері  әсер  тигізіп, көзге  оғаш  көрінетін  тұстары»,-дейді  зерттеуші. Газеттегі  заметка секілді шағын көлемде берілетін материалдар  тілінде ұлттық тіл  мәдениетіне  нұқсан  келтіріп, ұлт  тілінің  дамуына  кесірін  тигізетін  фактілер кездесіп  отырады. Мұндай  стильдік  кемшіліктердің  қатарына  тіларалық  қарым-қатынас  нәтижелерінің  бір көрінісі  болып  саналатын  билингвизмдерді жатқызуға  болады. Бұл  құбылыс  қазақ  газеттерінің атрибуттарының  біріне  айналып  бара  жатыр  десек  те, артық  айтқандық  емес. Билингвизм  (лат. Bi-екі, lingua-тіл)-қостілділік  қоғамда  (мемлекетте) әлеуметтік  топтардың  екі  тілде  сөйлеуі. Орыс  тілді  ұлт өкілдерімен  үнемі  тілдік  қатынаста болуымыздың  нәтижесі  орыс-қазақ, сондай-ақ  қазақ-орыс билингвизмдерін  дүниеге  әкелді. Қазақ  тіліндегі  билингвизм  көріністері  көбіне  орыс  тілінен  алынған калькалардан  байқалады  және  олар  ұлттық  менталитетпен  қабыспай, оқшауланып  тұрады: нәтиже шамалы  (мало  вероятности), жасыл  сәуле (зеленый  свет), мәселе  әлі  өткір  күйінде  (вопрос  остается открытым), нүкте  қоятын  кез  жетті  (пора  ставит  точку  над  и), алқаның  екінші жағы  (обратная  сторона медали), егіз  тамшыдай  (как  две  капли  воды)т.б. Осы  мысалдардағы «жасыл  сәуле» тіркесін  «ешқандай кедергі  жоқ» немесе  «жол  ашық» деп  жазуға  болады.  Ал, «нүкте  қоюдың» негізгі семасы – «істі, әрекетті аяқтау, кесімді  түрде  шешім  шығару» деп, «алқаның  екінші  жағын» –  «мәселенің  екінші  жағы» деп «егіз тамшыдай» тіркесін  «егіз  қозыдай» деп  жазуға  да  мүмкіндік  мол. Бұл  жанрлар  тілінде тәжірибелі мамандар, жергілікті  әкімшілік органдары, ауыл  өмірінің  тыныс-тіршілігі, ел өміріндегі  елеулі өзгерістер, тамтығы  қалмады, іспен  жауап   берді, ыза-кегі  оянды, күлін  көкке  ұшырады сияқты  стандарт құрылымдар, шаблон тіркестер кездесіп отырады. Сондай-ақ, оқырманның  ойына  түрткі салып, сезіміне әсер ету мақсатында экспрессивті бояуы қалың сөздер де (арамза, құтыршақ т.б.) қолдануы да өте орынды.
 

Дана Мәулен
Бөлісу: