Каспий теңізіне «Шапшаң» әскери десанттық катері түсірілді

24 Қазан, 19:33 436

Республика күні қарсаңында Маңғыстау облысында құрастырылған «Шапшаң» әскери десанттық катері Каспий теңізіне түсірілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов, Қарулы Күштердің контр-адмиралы Ратмир Камратов және әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатысты.

Су жаңа катер теңіздегі мемлекет шекарасын, елдің біртұтастығын қорғауға қызмет етеді.

Алғашқы болып сөйлеген Қорғаныс министрінің орынбасары жауынгерлер катерін теңізге жіберу қазақ жұрты үшін қуанышты сәт екенін айтты. Оның сөзінше, Маңғыстауда жасалған катер өңірдің теңіз әлеуетінің қарқынды дамып жатқанын аңғартады. 

Президент жолдауында айтқандай, жаһандық әскери техника өндірісі дамыған мемлекеттердің ұлттық қорғаныс жүйесінде шешуші рөл ойнайды. Қазіргі заман – жаңа технология заманы. Бұл катер – Отанымыздың инженерия саласының жоғары деңгейінің айқын дәлелі, - деді Сұлтан Қамалетдинов.

Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында болып жатқан тарихи оқиғаның ғалымдардың төккен тері мен еңбегінің нәтижесі екенін айтты. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ құрылыс индустриясын дамыту, тереңдету қажет деп бағыт-бағдар берген еді. Міне, нәтижесін, жемісін көріп отырмыз. Өңірімізде жасалған отандық өнім ел тыныштығын күзетіп, теңіз әскерлерінің нәтижелі қызмет етуіне көмектеседі. Осы жобаны жүзеге асырған азаматтарға, мамандарға, құрылысшыларға көп рахмет айтамын. Азаматтар өздерінің шеберліктерін дәлелдеді, - деп әкім ризашылығын білдірді.

Жоба құны 1,8 миллиард теңге. Жаңа катерді құрастырған «Кеме жабдықтары және сервис» ЖШС-нің директоры Дмитрий Донскойдың айтуынша, тек қорғаныс саласында емес, азаматтарға арналған, туризм, транспорт бағытында, төтенше жағдайлар кезінде қолданылатын техникаларды да жасауға мүмкіндіктері бар.

Зарина Арман
Бөлісу: