Каспий теңізін сақтау мәселелері талқыланды

28 Қараша 2023, 21:32 660

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов вице-министрлер мен бірқатар департамент директорларының қатысуымен Каспий теңізін сақтау мәселелері бойынша аппарат кеңесін өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қатысушылар Каспийдің су деңгейінің төмендеу мәселесі және бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарды талқылады.

Вице-министр Болат Бекнияз су деңгейінің ең төменгі көрсеткіші 1970 жылдардың ортасында тіркелгенін, ал төмендеу көбінесе циклдік сипатта болатынын айтты.

Вице-министр Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институтын құру барысы туралы да айтып берді. Институт су деңгейінің мониторингі және Каспий экожүйесін зерттеумен айналысатын, сондай-ақ Каспий жағалауындағы өзге мемлекеттерімен өзара тығыз іс-қимылды қамтамасыз ететін болады.

Халықаралық ынтымақтастық Каспий теңізінің ортасын қорғау жөніндегі Негіздемелік конвенцияға сәйкес өтетін болады. Сондай-ақ, барлық Каспий аумағы елдері арасында ғылыми зерттеулер бойынша келісім дайындалып жатыр.

Қазіргі уақытта институт құру туралы қаулы жобасы дайындалып жатыр, сондай-ақ республикалық бюджеттік комиссиясының қарауына шығарылатын қаржы-экономикалық негіздеме әзірленуде. Министр өз кезегінде барлық қажетті құжаттарды дайындауды жеделдетуді тапсырды.

Вице-министр Нұрлан Алдамжаров министрлік жанынан Каспий теңізі және жағалауындағы барлық мемлекеттермен өзара іс-қимыл мәселелерімен айналысатын Су ынтымақтастығы басқармасы ашылатынын хабарлады. Ал, Трансшекаралық өзендер департаменті Каспийдің негізгі саласы болып табылатын Еділ өзені бойынша белсенді жұмыс жүргізетін болады.

«Мәселе күрделі, сондықтан құрылып жатқан ғылыми-зерттеу институтынан Қазақстан үшін ғана емес, Каспий жағалауындағы басқа мемлекеттер үшін де өзекті мәселелерді зерттеу бойынша кешенді жұмыс талап етіледі. Жаңадан құрылған халықаралық ынтымақтастық, су саясаты және ғылым мен инновация департаменттері жинақталған мәселелерді шешу жолдарын табу үшін бір-бірімен тығыз жұмыс істеуі керек. Біз шекаралас мемлекеттердегі әріптестерімізбен бірге жұмыс істейтін боламыз»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Берік Арманов
Бөлісу: