Каспийде қандай балықтар мекендейді?

6 Ақпан 2017, 15:49 51867

Толқыны жан тербеген сұлу Каспий

Каспий теңізі — Еуразия құрлығының орталығында, мұхиттардан алыста, оқшау жатқан тұйық су алабы. Бұл дүние жүзіндегі ең үлкен көл, бірақ біресе көбейіп, біресе азаюына байланысты теңіз қатарына енген. Каспий теңізінің қазіргі уақытта дүние жүзілік мұхитпен байланысы жоқ. Каспий теңізінің ұзындығы 630 миль/1030 км/, ал ені 175 миль /435 км созылып жатыр. Ол 3 бөліктен тұрады: Солтүстік Каспий, Орталық Каспий, Оңтүстік Каспий. Каспийде қандай балықтар мекендейтінін анықтап көрейікші.

Бекіре

Бекірелер — Қазақстанда бұл отрядтың 7 өкілі: қортпа, сүйрік балық, бекіре, сібір бекіресі, шоқыр, мекіре, тасбекіре тіршілік етеді. Бекірелер сүйекті-шеміршекті балықтар, басқа балықтардан сыртқы пішіні және құрылысымен ерекшеленеді. Денесі ұзынша ұршық тәрізді, бес қатар сүйекті өсінділермен жабылған (бір қатары арқасында, екеуі екі бүйірінде және екеуі құрсағында), осы қатарлардың ортасында ұсақ сүйекті түйіршектер мен тақтайшалар бар. Басы конус тәрізді созылған және тұмсығы күрек тәрізді. Төменгі жақта тісі жоқ. Бекірелер ұзақ өмір сүретін, кеш жетілетін балықтар, әр түрлі түрінің аталықтары 5-13-тен 8-18 жаста, ал аналықтары 8-12-ден 16-21 жаста жынысты жетіледі. Сонымен қатар, дене пішіндері өте үлкен болады. Мысалы, қортпаның салмағы 1 тоннаға дейін, ұзындығы 4-4,5 метрге дейін жетеді, 2 тонналық балықты ұстаған жағдайлар да белгілі. Тасбекіре 40 см-ден артық өспейді. Олар уақытының көбін теңізде өткізеді (Каспий және Арал теңіздері), ал ұрығын шашу үшін өзенге көтеріледі. Барлық бекірелерді бағалы, жоғары сапалы еті және қара уылдырығы үшін әрқашанда көп ауланған. XX ғасырдың аяғында саны азайып кетті, сондықтан бұл кәсіптің уақытын реттеуге тура келді. Қазіргі кезде бекіре балығын ұстау үшін арнайы рұқсат керек, кей түрлері Қазақстан Қызыл кітабына енгізілді (тасбекіре мен мекіре) және ұстауға тиым салынды. Қазақстанда қортпа, бекіре, шоқыр – Каспий теңізі мен Жайықта; Сібір бекіресі – Бұқтырма су қоймасы мен Ертісте; сүйрік бекіре – Жайық, Ертіс, Тобыл өзендерінде; мекіре – Каспий теңізі мен Жайықта, ертеректе ол Арал теңізінде кездесетін, қазір Балқаш су қоймасында жерсіндірілген, ал тасбекіре – Сырдария өзені мен оның суармалы каналдарында таралған.

Каспий тілтісі

Каспий тілтістісі – дөңгелек ауыздылар класының өкілі. Балықтәрізді жануардың ұзындығы 55 см, салмағы 200 г дейін. Ауызы түтік тәрізді, көптеген мүйізді тістері болады, оны сорғыш ретінде пайдаланады. Уақытының көбін Каспий теңізінде тұзды суында өткізеді, ал уылдырық шашу үшін Жайық өзеніне көтеріледі. Су температурасы 1100-қа төмендегенде көбею үшін қоныс аудару басталады. Уылдырығын өзеннің құмды, топырақты таяз жерлеріне шашады. Уылдырық шашудың ауыр жолын игеру үшін, жолға шығар алдында денесінің 34% май болады. Бұрын бұл жануарларды ұстап, кептіріп, майын жарық үшін пайдаланатын болған, қазір тамақ үшін пайдаланады.

Шортан

Шортан – солтүстік жарты шарда кең таралған, бала кезден ертегіден таныс жыртқыш балық. Шортанның денесі ұзынша жебе тәрізді, ұсақ қабыршақпен қапталған және қоршаған ортасына байланысты алуан түске боялған. Денесінің астыңғы жағы алға шығыңқыраған, жалпақ тұмсықты. Аузында тістері көп, олар ұшымен кері бағытталған, сондықтан аузына түскен жемтігі мұндай қақпаннан қайтып шыға алмайды. Шортан – жыртқыш, балықты басынан бастап жұтады, 1,5 метрге дейін өседі, салмағы 30-35 кг. Қазақстанда шортандар ағыны жай өзендер мен су маңы өсімдіктері жақсы жетілген көлдерде кездеседі. Тек Балқаш-Алакөл ойпаты мен Талас өзені су қоймасында кездеспейді. Бұл ерте көктемде өсімдікті таяз суларда уылдырық шашады да, уылдырықтарын өсімдіктерге жабыстырады. Жарып шыққан шортаншалар біраз уақыт жұмыртқадан қалған, сарыуыз қабығындағы қоректік заттарды пайдаланады, одан кейін ұсақ шаянтәрізділермен қоректенеді. Ұзындығы 5 см-ге жеткеннен кейін, олар түгелдей жыртқыштық жолмен қоректенеді, шабақтарды аулайды. Кәсіптік түр.

Торта балық

Торта балық – өте кең таралған, өзгергіш тұщы су балығы. Тортаның бірнеше түршелері бар, халық оны әртүрлі атпен атап, әрқайсы жеке түр деп есептейді. Қара теңіз су қоймасында – тыран балық, Каспийде – Каспий тортасы, Аралда – Арал тортасы, Ыстықкөл мен Сібірде – кергек балық тіршілік етеді. Көзінің қызыл сары түсті сыртқы мөлдір қабығы жоғарғы жағындағы қызыл дағымен ерекшеленеді. «Өтпел» түрлер (яғни теңізде тіршілік етіп, өзендерде уылдырық шашады) – тыран, торта балықтар және де “тұрғылықты” (яғни уылдырығын тіршілік ететін жерінде шашады) торта балықтар. Қоректенуі әртүрлі – өсімдік, әрі жануартектес (жәндіктер дернәсілі, шаянтәрізділер, ұсақ былқылдақденелілер) қоректер. Ірі болып өспейді, кәсіптік аулауда 18-35 см балықтар басым. «Өтпелі» түрлердің кәсіптік маңызы зор, оларды уылдырық шашу немесе қыстар алдындағы жиналған жерінде аулайды. Бұл балықты жаңа ауланған, тұздалған, қақталған күйінде жейді.

Сазан

Сазан (калантыр) – тұкы балық тұқымдасының ірі балығы, мәдени тұқының жабайы шыққан тегі. Тығыз жалпақ денелі, денесі жасыл-сұр, кейде сары түсті, ол тығыз ірі қабыршақпен қапталған. Тез өседі, екінші жылдың соңында ұзындығы 30 см, салмағы 0,5-0,6 кг-ға жетеді (ең үлкені 2 метрге дейін өсіп, салмағы 20 кг). 30 жылға дейін өмір сүреді. Қазақстанда барлық жарамды су қоймалары, көлдер және ну өсімдікті өзен шығанақтарында мекендейді. Қорек талғамайтын балық. Кәсіптік түр болып табылады, оны кәсіптік деңгейде де, әуесқойлар балықшылар да аулайды. Адам әуелден қалантырды «үй балығына» айналдырды. Басқа балықтармен салыстырғанда судағы оттегі құрамын көп талап етпейді, оның уақытша төмендеуіне шыдай береді, тоғандағы жағдайға тез үйренеді. Көп ғасырлық сұрыптау нәтижесінде тұқы балықтың бірнеше түрі алынған, солардың ішіндегі көпке әйгілісі – жалтырауық тұқы. Айна сияқты екі бүйірін жауып тұратын үлкен қабыршақтары үшін осылай аталған.

Жайын

Жайын – Қазақстандағы жайынтәрізділер отрядының жалғыз өкілі, көпке танымал балықтың бірі. Жайынның денесі жоғарыдан төмен қарай шамалы жалпайған, арқасы қара, құрсағы ақшыл түсті, екі бүйірінде дақтары бар. Үлкен аузының жоғарғы жағында екі ұзын мұртшасы (осынысы үшін басқа тілде “мысық балық” дейді) және төменгі жағында 2 қысқа мұртшасы болады. Бұл қорек талғамайтын балық. Қорегінің көп бөлігін балықтар, бақалар, былқылдакденелілер құрайды, кейде тіпті суда жүзетін құстарды да ұстайды. Жайын ыстық күндері терең шұңқыр немесе судағы тарбиған ағаш түбінде жатқанды ұнатады. Жайын өзіне тән өсімдіктен жасалған таяз жердегі ұясында уылдырығын салады. Алғашқы кезде, дернәсіл шыққанға дейін, ұяны аталығы қорғайды. Жайын тез өседі, 3-4 жылдан кейін жынысты жетіледі. ұзындығы 5 метрге, салмағы 300 килограмға дейін жетеді. Бұл балық – әуесқой және спорттық жолмен ауланатын, бағалы кәсіптік балық.

Мөңке балық

Мөңке балық – тұқы тұқымдастың орта пішінді балығы. Ертеден тоғандарда өсірілетін көпшілікке белгілі балық, барлық жерде  жерсіндірілген, қазір оның алғашқы таралу аймағы қайда екенін айту қиын. Оның биологиялық ерекшелігі қызық – табиғатта бір жынысты тобы ғана белгілі, ол аналықтан ғана тұрады. Көбеюі үшін басқа туыс аталықтары – оңғақ, тұқы және басқалар жеткілікті, даму кезеңінде тек аналығының белгілерін ғана алады. Сондықтан тоғандық өсіру кезінде, тек аналықтарынан тұратын тобын пайдаланады. Бұл – кішілеу, ұзындығы 45 см, салмағы 1 кг (кейде 3 кг) балық, су ұсақ жәндіктерімен қоректенеді. Қазақстанда Каспий, Ертіс су қоймаларында, Солтүстік және Орталық Қазақстанның тұйық су жүйелерінде, Сарысу мен Сырдария өзендерінде мекендейді, көптеген тоғанды шаруашылықтарда да өсіріледі. Көпке таныс керемет әсем –аквариумдық алтын балық, ол осыдан 1000 жыл бұрын Қытай мөңке балығынан алынған. Ұзақ сұрыптау нәтижесінде Қытай, Корей және Жапонияда бұл сәндік балықтың бірнеше жүздеген түрі шығарылды.

Каспий итбалығы

Ескекаяқтылар отряды, итбалық тұқымдасына жататын аң. Оны қазақ тілінде түлен деп те атайды. Дене тұрқы 125 -160 см, салмағы 65 — 80 кг. Суда тіршілік етуіне байланысты дене құрылымында сол ортаға бейімделуі басым. Мойны денесімен тұтасып біткен, соңдықтан басы айқын бөлектеніп көрінбейді; құлақ қалқаны болмайды, аяқтары ескек тәрізді, башайларының арасында қалың тері жарғақтары болады. Қара түсті арқасында теңбіл дақтары айқын көрінеді, бауыры ақшыл болады. Каспий итбалығы тек Каспий теңізінде ғана таралған. Еділ мен Жайық өзендерінің төменгі ағыстарында сирек те болса, кездесіп қалады. Әсіресе, Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі аралдарда қыс айларында көбірек ұшырасады. Тіршілігін көбінесе суда өткізеді. Тек түлейтін, шағылысатын және балалайтын кезде ғана теңіздегі аралдарға немесе мұз үстіне шығады. Шағылысуы ақпанның ортасынан наурызға дейін созылады. Бір жылдан кейін кейде 2 күшік (ақүрпек) табады. Ақүрпегін аналығы майлы сүтімен 3-4 тәуліктей қоректендіреді. 2 — 3 айда әбден семірген ақүрпегін «май итбалық» деп, ал бір жылдан кейін терісінің реңі бірнеше рет өзгергендіктен, оларды «қара итбалық» деп атайды. Негізінен, балықтар, шаянтәрізділер және моллюскілермен қоректенеді. Каспий итбалығының терісі мен майы өте бағалы болғандықтан кәсіптік маңызы бар аң. Ересек түлен күзге қарай бойына 40 — 70 кг-дай май жинайды. Ол медицинада және парфюмерияда кеңінен қолданылады. Каспий теңізінде шамамен 400 — 450 мындай Каспий итбалығы мекендейді.

Каспий қаязы

Арал қаязының түр тармағы, өткінші балық. Негізінен, Каспийдің оңтүстік бөлігінде тіршілік етіп, теңізге оңтүстігінен жөне батысынан құятын өзендерге өрістейді. Солтүстік Каспийде сирек кездеседі. Дене тұрқы 56 — 76 см (103 см-ге дейін), салмағы 3 — 6 кг-дай (14,5 кг-ға дейін) болады. Пішіні, жалпы морфологиялық белгілері Арал қаязына ұқсас (негізгі айырмашылығы — тіршілік ететін жерінде). Жыныстық жетілуі 5 жастан басталады. Уылдырық шашу үшін сәуірдің аяғынан тамызға дейін Жайыққа өрлейді. Көктемде өрлегендері судың температурасы 20 —23°С-қа жеткенде уылдырығын (115 — 1259 мың) ағысқа шашады. Каспий қаязы өзен щаяндарымен, су жәндіктерімен, дернәсілдерімен қоректенеді. Қорегінде өсімдік дөні мен детрит те кездеседі. Каспий қаязының еті өте дөмді, оның Қазақстан суларында еш уақытта саны көп болған емес, сондықтан кәсіптік маңызы шамалы.

Каспий албырты

Албырттар тұқымдасының бір тұр тармағы. Негізінен Каспий теңізінің оңтүстік - батыс аймағын мекендейді. Солтүстік Каспийде сирек кездеседі. Кавказ жотасынан ағатын езендерге өрлейді. XX ғ. басында аз да болса Еділ мен Жайық өзендеріне өрлейтін. 1980 жылдан бері бұл өзендерде ауланғаны туралы дерек жоқ. Каспий албырты — албырттардың ішіндегі ең ірісі; ұзындығы 100 см; жыныстық жағынан жетілгендерінің салмағы 2 — 7 кг. Қара теңіз албыртына ұқсас, айырмашылығы — құйрық сабағы жіңішке келеді. Каспий албыртының Каспий теңізінің Қазақстан бөлігінде мекендейтіндерінің тіршілігі зерттелмеген. Әдетте, бұл өткінші (өрістегіш) балық. Алғашқы жылдарын өзенде, кейін теңізге шығып, сонда 3 — 5 жасында жыныстық жағынан жетіледі. Уылдырығын (45 мыңға дейін) езеннің түбіндегі малтатасты жерлерге. қазан — қаңтар айларында (судың температурасы 3 — 13°С-ка жеткенде) шашады, ұрығы 26 — 90 тәулік аралығында жетіледі. Теңізге шыкпай, тек өзенде тіршілік ететін аталықтары да болады. Каспий албырты 10 жылдай тіршілік етеді. Басқа албырттар сияқты Каспий албыртының көлемінің өсуі, салмағының артуы теңіздегі тіршілік жағдайына байланысты. Шабақтары жөндіктердің дернәсілдерімен, бүйірімен жүзушілермен қоректенсе, ересектері — балықтармен (килька, атерина, майшабақ), мизидалармен, креветкалармен қоректенеді. Каспий албыртының саны қай кезде де көп болған емес. Каспийдің оңтүстік-батыс бөлігінен басқа жерде сирек кездеседі. Оның жылдан жылға азаюына байланысты, қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Бөлісу: