Қазақстандық боксшы Ертуған Зейнуллинов Дубайда өтіп жатқан Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырған 2025 жылғы әлем чемпионатында ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
1/8 финалда 63,5 келі салмақта күш сынасқан Зейнуллинов IBA-PRO лигасының өкілі Хосе Мануэль Агуйре Крузбен кездесіп, үш раундқа созылған айқаста төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті.
Айта кетерлігі, 37 жастағы Агуйре – кәсіпқой рингте 21 жеңісі бар боксшы.
Бұған дейін 54 келі салмақта Сәкен Бибосынов та танзаниялық Факи Исса Факиді айқын басымдықпен жеңіп, ширек финалға өткен еді. Сонымен қатар 8 желтоқсанда Теміртас Жүсіпов (48 кг), Серік Теміржанов (60 кг), Санатәлі Төлтаев (67 кг), Сабыржан Аққалықов (75 кг) және Нұрлан Сапарбай (92+ кг) да 1/8 финалдан сүрінбей өткен болатын. Ал Ерасыл Жақпеков (80 кг) пен Нурмагамед Юсупов (92 кг) өз жолын осы кезеңде аяқтады.