Кәсіпкерлерді бопсалап ақша алатын қылмыстық топ ұсталды

14 Қараша 2022, 10:31 2137

Бұл туралы polisia.kz сайты мәлімдеді

Ақмола облысында кәсіпкерлерден ақша бопсалаумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды, деп хабарлайды EL.kz Polisia.kz сілтеме жасап.

Ақмола облысындағы арнайы операция нәтижесінде ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті бөлімшелерінің қызметкерлері жергілікті кәсіпкерлерден ақша бопсалаған қылмыстық топтың 6 мүшесін ұстады.

«Қылмыстық топтың қоқан-лоққы көрсетіп, күш қолдану арқылы жергілікті кәсіпкерлердің бірінен 2,5 млн теңге бопсалап, оның Subaru Outback автокөлігін тартып алғаны анықталды. Бүгінгі күні ұсталғандардың облыс аумағында бірқатар ұқсас қылмыстар жасауға қатысы бары белгілі болды. Жедел ақпарат бойынша бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған күдіктілер «ұрылар идеологиясын» ұстанып, оны жастар арасында насихаттаған. Сондай-ақ топ мүшелері қару қолданып, ақша бопсалаған. Мұнда олар талап қою үшін жалған сылтауларды қолданған. Тінту барысында олардан жәбірленушілерді қорқыту үшін қолданылған есірткі, суық және атыс қаруы тәркіленді», - делінген хабарламада.

Осы фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабының 2-бөлігімен «Бопсалау» сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.


EL.KZ
Бөлісу: